Бибісара Асаубаева Францияда шахматтан өткен супертурнирде чемпион атанды

Жарияланды 26 Тамыз 2026 09:49

Аяна Әнуарқызы

Аяна Әнуарқызы

Business news бөлімінің журналисі
Бибісара Асаубаева Франциядағы супертурнирде чемпион атанды
Бибісара Асаубаева Франциядағы супертурнирде чемпион атанды / Фото: KazChess

Францияның Сен-Тропе қаласында өткен WR Women’s Chess Tour 2026 әйелдер арасындағы супертурнирдің еуропалық кезеңінде Бибісара Асаубаева рапидтен жеңіске жетті. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.

Шахматшы ширек финалда тай-брейкте германиялық гроссмейстер Элизабет Петцті жеңді. Жартылай финалда грузиялық Нино Бациашвилимен өткен ойында жеңіске жетіп, финалға шықты.

Рапидтен өткен финалдық бәсекеде Бибісараның қарсыласы экс-әлем чемпионы украиндық Мария Музычук болды. Финалдың бірінші партиясында Асаубаева қара фигуралармен жеңіске жетіп, екінші партияда да нәтиже Бибісараның пайдасына шешілді.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша Асаубаева 5,5 ұпай жинап, WR Women’s Chess Tour 2026 Europe рапид-турнирінің чемпионы атанды.

Айта кетейік, бүгін әйелдер арасындағы супертурнирде блиц турнирі басталады. Онда жарыс ширек финалдан қайта басталып, барлық 8 қатысушы кезеңнің екінші жеке трофеи үшін қайта таласады.

Жарыс плей-офф жүйесі бойынша өтеді. Блицтен үш дүркін әлем чемпионы Асаубаева бұл жолы «алтын дубль» жасауға тырысып көреді.

Сондай-ақ оқыңыз