Ресурстар

Біртанов әуе апаты кезінде зардап шеккендердің жағдайы жайлы айтты

Қазіргі кезде 46 адам ауруханада жатыр

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған Bek Air ұшағының апаты салдарынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді. 

«Өткен күндері үш адам ауруханадан шықты. Қазіргі кезде апаттан зардап шеккен 46 адам ауруханада жатыр, олардың 9-ы – бала. Балалардың жағдайы тұрақты. Олар реанимациядан жай палаталарға ауыстырылды, яғни олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен сапалы ем-домды қажет етеді», – деді министр үкімет отырысы кулуарында.

Біртановтың айтуынша, бір пациенттің хәлі өте нашар.

«Ересектер арасында ауыр жағдайда жатқандары бар. №4 қалалық ауруханада – 7 адам, Алматы облыстық клиникалық ауруханасында екі кісі жатыр. Солардың ішінде бір пациенттің хәлі өте нашар. Ол жерде ғылыми орталық басшылары жетекшілік ететін топ жұмыс істеп жатыр», – деп қосып өтті ол.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, екінші пилоттың жағдайы ауыр, тұрақты. Ол қазір реанимацияда жатыр. 

«Бүкіл ем-дом тегін көрсетіледі, өйткені бұл – төтенше жағдай. Ол кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кіреді. Бүкіл қажетті оңалту шаралары міндетті медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін болады», – деп түйіндеді министр.