Ресурстар

АҚШ-тың әскери базаларына жасалған соққыдан кейін Трамп мәлімдеме жасады

Ол лаңкестерге қарсы бірігіп күресуге шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ирактағы әскери нысандарға жасалған зымырандық соққылардан кейін Ақ үйде отандастарына үндеу жолдады.

Өзінің 10 минутқа созылған сөзінде ол төмендегідей мәлімдеме жасады:

«Иран басшылығы мен халқына айтарым. Біз сіздерде өздеріңізге лайықты ұлы болашақ болғанды қалаймыз: сіздерге еліңіздің өркендеуін және әлемдегі басқа елдермен үйлесімді қарым-қатынас орнатуды тілейміз. Құрама штаттар бейбітшілікке ұмтылғандардың барлығымен тату-тәтті өмір сүруге дайын», – деді АҚШ көшбасшысы.

Сонымен қатар, ол Иранды ИГИЛ-ге  (Қазақстанда тыйым салынған) қарсы бірлесіп күресуге шақырды.

«Біз осы және басқа да ортақ басымдықтар бойынша бірігіп жұмыс істеуіміз керек», – деді Трамп.
Трамп сабыр сақтап, қару қолдануға бармай отыр.

«Бізде тамаша армия мен керемет техниканың болуы, біз оларды қолдануымыз керек дегенді білдірмейді. Біз оларды қолданғымыз келмейді. Американың әскери және экономикалық қуаты ең үздік тежеуші фактор болып табылады», – деп мәлімдеді Ақ үйдің басшысы.

Трамптың айтуына қарағанда, Вашингтон Иранның соққыларына жауап ретінде жаңа санкциялар енгізумен шектеледі. Сонымен қатар, ол АҚШ әскери базаларына жасалған зымырандық соққылар барысында американдықтардың ешқайсысы зардап шекпегенін айтты, өйткені базалар ерте хабар беру жүйелерінің құралдарымен жабдықталған.

Естеріңізге салсақ, 3-қаңтарға қараған түні АҚШ Бағдад халықаралық әуежай аймағында Иран армиясының  элиталық бөлімшесі – «Кудс» арнайы жасағының қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани мен Ирактағы шиит жасағы басшысының орынбасары Абу Махди әл-Мухандисаға қарсы операцияны жүзеге асырған болатын. Вашингтон 2019 жылғы 31-желтоқсанда Бағдадтағы американдық елшілікке жасалған шабуылды ұйымдастыруға олардың қатысы бар деп санайды. Шабуыл барысында Сүлеймани және тағы 9 адам оққа ұшқан болатын.

Иран оған жауап ретінде АҚШ-тың Ирактағы екі әскери нысандарына зымырандық соққы жасады.