Елімізде Кавасакиге ұқсас синдромға шалдыққан 2 бала қайтыс болды
Елімізде Кавасакиге ұқсас синдромға 41 бала шалдықты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы мен Нұр-Сұлтанда Кавасаки тәрізді синдромнан екі бала қайтыс болды.
Қазақстандық маман балаларды кавасакиден қорғау жолдарын айтты.
«Қайтыс болған балаларға тоқталсақ, оның бірі 15 жаста еді. Ол жүйелі қызыл жегімен ауырды. Бұл ауру ағзаны жүйелі түрде зақымдайды. Баланың қанында коронавирус антиденелері анықталды. Екінші бала 2,5 жаста болды. Ол тромбозбен ауруханға түсті. Сәбидің қан анализінде коронавирус инфекциясы тіркелді», – деді А. Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде. Ведомство мәліметінше, Кавасаки тәрізді синдромға шалдығудың бірінші жағдайы 29 шілдеде тіркелген. «Шілде айынан бастап ауырған барлық балаларға қатысты мониторинг жүргізілуде. Бүгінде балалар арасында 41 жағдай тіркелді», – деді вице-министр.