Жол-пол қай кезде тоқтата алады?

Жарияланды
Заңды білгеніңіз — өзіңізге жақсы

Біле білсеңіз, жол-патрульдік полиция қызметкерінің тасадан шыға келіп, тоқтатуына болмайды. Немесе көлігі бар досыңыз машинасын айдай алмайтын жағдайда болса, онда жүргізуші көлік құралын жүргізуші куәлігі бар жүргізушіге бере алады. Осы сынды бірқатар ньюансты назарыңызға ұсынып отырмыз. Кәдеңізге жарасын!

Қандай жағдайда тоқтауға міндеттісіз?

«Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерін бекіту туралы» егер жол-патрульдік полициясы қызметкері қызметтік көлікте дауыс зорайтқыш көмегімен жүргізушіге арнап, сіздің автоңыздың тану белгілерін немесе мемлекеттік нөмірін атаса, жаяу көліксіз инспектор сізді қолдың көмегімен (таяқ) сізге қайда тоқтау керегін көрсетсе, тоқтауға міндеттісіз. Осыдан кейін ЖПП қызметкері лауазымын, арнайы атағын, тегін және ол қызмет ететін бөлімшені, сондай-ақ тоқтату себебін айтуы керек. Тоқтату себебін айтуы керек екенін есте ұстаңыз. Яғни «еріккеннен» тексеріп тоқтатпайды. Бірақ блокбекеттер қойылып не арнайы тапсырмамен барлық көлік тексерілуі керек болған жағдайда ғана тоқтату рұқсат етіледі. ЖПП қызметкерлерінің автокөліктерді негізсіз тоқтатуына «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының 52-б. 2-тармағымен тыйым салынған. Тоқтатуға сіздің ереже бұзуыңыз, жүк тасымалдау ережелері, сондай-ақ рейд жүргізу себеп болуы мүмкін. 

ЖПП қызметкерінен не сұрата аласыз?

ЖПП қызметкері кезекшілікке шығарда қызметтік жетонын алады. Жүргізушінің өтініші бойынща ЖПП қызметкері қызметтік куәлік немесе төс жетонды ұсынуы тиіс. Полиция қызметкерінің бағыттық парағын жүргізушілерге көрсетуге тыйым салынатынын атап өткен жөн, себебі ол ішкі қызметтік құжатқа жатады.
Жол патрульдік-полициясының қызметкері патрульде болғанда қандай талаптарды сақтауы тиіс?
Жол-патрульдік полициясы қызметкерінің қызметті атқаруы қызметтік автокөлікте және жаяу нарядта болуы мүмкін. Жол полициясының инспекторы қызметті атқаруда жол қозғалысының қатысушыларына көрінетін аумақта болуы тиіс. Қызметтік автокөліктер сондай-ақ көрінуді шектейтін, қандай да бір кедергілердің ар жағында (ағаштар, ғимараттар және құрылыстар, жарнамалық қалқандар және т.б.), сондай-ақ тоқтау мен тұру тыйым салынған орындарда орналаспауы тиіс, осы талаптар жаяу нарядтарға да қолданылады. Радарларды қалада және трассада оқиғаларды болдырмау және олардың мүмкін салдарларын болдырмау мақсатында пайдалануға тыйым салынбайды, соның ішінде ЖПП инспекторы автоны радио байланысты пайдаланумен немесе мәліметтер базасы бойынша ЖҚЕ бұзылуларының болу/болмауына автоны тексеруге құқылы.

Көлікті иесінен басқалар айдай ала ма?

Сізге тиісті емес автокөлікті басқаруға сенімхаттың болуы талап етілмейді. Сенім берілген тұлғаның мәліметтері сақтандыру полисінде көрсетілсе жеткілікті. Егер автомобиль иесі өз көлігін басқара алмайтын күйде болса, онда жүргізуші көлік құралын жүргізуші куәлігі бар жүргізушіге бере алады. Егер мас күйдегі жүргізуші куәлігі жоқ жүргізушіге беретін болса, онда заңның тиісті бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті электрондық сақтандыру енгізілді.

Заңға сәйкес, полиция қызметкерлері көлік жүргізушіде сақтандыру полюсінің бар-жоғын планшеттердің көмегімен тексеріп, сақтандыру бойынша бірыңғай деректер қорына жүгінетін болады. Полиция қызметкерлеріне сақтандырудың қағаз нұсқасын талап етуге тыйым салынады. Осылайша, көлік құралын басқаратын көлік иесінің өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі (немесе КҚ-ға меншік құқығын куәландыратын құжат) болуы тиіс.

Маневрді  қалай жасауға болады?

Маневр қауіпсіз болып, басқа жол қозғалысы қатысушыларына кедергі жасамаса, көлік құралының артқа жүруіне рұқсат етіледі. Көше қиылысында және бұрылысқа тыйым салынған жерлерде артқа жүруге тыйым салынады.  

 
Қандай құжаттарды тексереді?

Егер сізді ЖҚЕ бұзылуы үшін тоқтатқанда, өзімен бірге мынадай құжаттар болуы керек:
•    жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлік және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжат);
•    көлік құралына тіркеу құжаттары;
•    белгіленген жағдайларда тасымалданатын жүкке жол-сапар қағазы және құжаты.
ЖПП инспекторы сізді тоқтатқандағы сіздің құқықтарыңыз:
•    жүргізуші іс материалдарымен танысуға, түсініктеме беруге, дәлелдеме ұсынуға, сұраныс хатқа өтініш беруге құқылы;
•    істі қарауда адвокаттың заңды көмегін қарауға;
•    ана тілінде сөйлеуге және егер іс жүргізілетін тілді меңгермесе, аудармашының қызметтерін пайдалануға;

Іс бойынша қаулыға шағымдану тәртібі

Жанжалды жағдайлар туындағанда, бұрын айтылғандай, жүргізуші инспектордан кеуде белгісінің (жетон) нөмірін сұрауға және қызметтік куәлікпен танысуға құқылы. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен немесе ЖПП қызметкерінің тоқтатуының өзге себептерімен келіспеген жағдайда, сіз өзіңіздің келіспеушілігіңіз туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада жазбаша баяндай аласыз.

Тоқтатқан кезде қанша уақыт ішінде инспекторды күтуге болады?

ЖҚЕ 1.2-тармағының негізінде берілген «ішкі істер органдарының (полицияның) қызметкерінің талабы бойынша тоқтап, оның нұсқауларын орындау», яғни жүргізушіге жол полициясы инспекторын күтіп, тоқтату себебін тыңдау, сондай-ақ қажетті әрекеттерді орындау қажет. 
 
Жолдың жүргінші бөлігінде көлік кұралдарының қалай орналасуына жол беріледі ?

Төрт немесе одан да көп жол жолағы бар екi жақты қозғалысты жолдарда, қарама-қарсы қозғалысқа арналған жағына шығуға тыйым салынады.  Осындай жолдарда солға қарай бұрылуды  немесе кері бұрылуды  көше қиылыстарында және Қағидаларда, белгілермен және (немесе) таңбалармен тыйым салынбаған жерлерде  орындауға болады  

 
ЖПП қызметкері қай кезде нөмірді шешіп ала алады?

ҚР ӘкҚБК 797-бабына сәйкес тоқтату немесе сіздің автоңыздың тоқтау ережелерін бұзғанда (ҚР ӘкҚБК 597) уәкілетті лауазымды тұлға мемлекеттік тіркеу нөмірін алуға құқылы.

Жылдамдыққа қатысты

Белгіленген жылдамдық режимінен асырғанда 10 км/сағатқа дейін жіберіледі, басқаша жағдайда асырғанда айыппұл көзделген:
•    10-20 км/сағаттан асырғанда, айыппұл 5 АЕК мөлшерінде;
•    20-40 км/сағаттан асырғанда,10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл
•    40 км/сағ. артық – 20 АЕК 
•    1 жыл ішінде қайта бұзған жағдайда – 30 АЕК. 2020 жылы АЕК мөлшері 2778 теңгені құрайды.
 

Сондай-ақ оқыңыз