Қазақтың ата-әжесі қалай демалады?

Жарияланды
Шетелдегі зейнеткерлік үлгісінен біздікі біраз өзгеше

Негізі мемлекеттің қаншалықты дамығанын көрсететін факторлардың бірі ретінде ол елдегі зейнеткерлердің жағдайына қарап баға беруге болады. Әлбетте, қартайған шақта әдемі ғұмыр кешуге мүмкіндік беретін елдер туралы сөз етсек, бірінші кезекте Батыс елдері еске келеді. Мысалы, экономикасы әлем бойынша ең мықтылардың қатарында саналатын Германияны алып қарасақ. Мұнда зейнеткерлерге жасалған жағдайға қызыға қарауға болады. Ер де, әйел де 67 жаста зейнетке шығады. Одан ерте шығуға да құқылы. Ол үшін әр жұмыс істемеген айы үшін жинағының шамамен 0,3 пайызындай қаражатты толықтыруы керек. Бұл елде әйелдер орта есеппен 630 еуро алса, ерлер — 1080 еуро. Ал мемлекет бойынша орташа зейнетақы мөлшері 770 еуро екен. Біздің валютаға шаққанда шамамен 390 мың теңгедей қолға алады деген сөз. 

Америкада ерлер 67 жастан бастап шықса, әйелдер үшін бекітілген жас — 65. Орташа зейнетақы — 1503 доллар. Теңгемен есептегенде бұл 600 мың теңгеден асып жығылады. Америкалық зейнетақы жүйесінің бір ерекшелігін айта кету керек. Яғни америкалық бір компанияда он жыл жұмыс істеп, қажетті зейнетақы жинағын жинап алуға болады екен. Осы ретте зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға жеткілікті шекке 40 жылдық жұмыс өтілінің өзімен жеткізе алмай отырғандар еріксіз еске түседі. АҚШ азаматтарының дені зейнетке шыққанша 2-3 есе көп қаражат жинайды деседі. Егер ертерек шыққысы келсе, себебін көрсетіп, өтініш қалдырады. Бірақ ол жағдайда зейнетақы мөлшері алуы тиіс соманың 70 пайызындай болады. Сонымен бірге мемлекеттік зейнетақы қорына аударатын ақшадан бөлек, азаматтар қосымша зейнетақы қорына да жинақ жинай алады. Мемлекеттік қорға салатын сома жалақының 15 пайызына тең. Оның жартысын — өзі, жартысын қызмет ететін кәсіпорны төлейді.  

Сарапшылар Ұлыбританиядағы зейнетақы жүйесі жайлы көбіне жақсы пікір айтады. Мұнда зейнетақының мемлекеттік, жеке және еңбек еткен жылдарына байланысты берілетін түрлері бар. Ерлер 65 жаста шықса, әйелдер — 60-65. Егер зейнеткерлік жастан кейін де жұмысын жалғастырса, әр жылына қосымша үстемақы төленеді. Орта есеппен ұлыбританиялық азамат аптасына 125 фунт алады екен. Яғни әр жұма сайын есепшотыңыз 70 мың теңгеден астам қаражатпен толығады деген сөз. Базалық зейнетақы алу үшін корольдікте кем дегенде 10 жыл жұмыс істеуі міндетті. Әр еңбек еткен жылына зейнетақы мөлшері 4,44 фунтке өсіп тұрады. Сонда базалық зейнетақы бойынша аптасына минимум 44,4 фунт төленеді.

Айтқандай, мемлекеттік түрінен бөлек жеке зейнетақы жүйесі де бар. Ол дегеніміз, жеке қаржы мекемелерінде жинақтауына да рұқсат берілетінін білдіреді. Осылайша ай сайынғы төлем мөлшерін таңдауда шектеу жоқ. Жалдамалы қызметкерлері табысының орта есеппен 5-8 пайызын салып отырады деседі. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, қажет болған жағдайда төрттен бірін шешіп алуға болады. Еш салық ұсталмайды. 

Ал енді соңғы үш онжылдықта ғана дамуға бет алған өзіміз сынды елдерден де бір үлгі қарастырып көрсек. Мұндай елдердің бірі — Қытай. Мұндағы жүйенің ерекшелігі — ауылшаруашылығында еңбек еткендерге зейнетақының берілмеуі. Бұл жағдай кеңестік кезеңді көрген азаматтарға жақсы таныс. Өйткені КСРО-да да 60-жылдарға дейін ресми түрде зейнетақы төленбей келген еді. Ұжымшар тарапынан аздаған жәрдемақы берумен шектелген. Қытайда ерлер 60 жасында зейнетке шығады. Менеджер әйелдер — 55, қалғандары 50 жаста зей-неткер атанады. Дамуы жағынан біршама алға кетсе де, мұнда осы зейнетақы жүйесіне қатысты біршама келеңсіздік бары жиі айтылады. Бұл елдегі орта зейнетақы мөлшері 150-200 доллар шамасында. Неге бір жолға қойылмайды деген заңды сауал туындайды. Оған халық санының, соның ішінде жасы 65-тен асқандардың өте көп екені себеп болып отыр. Тууға қойылған шектеудің салдарынан бүгінде Қытай қартаю қарқыны жоғары ұлт саналады. Әйтсе де, ел бюджетінің 40 пайызы осы зейнетақы төлемдеріне кетеді деседі. Жағдай бірақ соншалықты қайғылы яки көңілсіз деуге келмейді.

Себебі қытайлық қарттар зейнет жасына келгенде жап-жақсы ғұмыр кешеді екен. Тіпті дамыған кей елдерді басып озады деген де пікір бар. Өйткені бұларда дәстүр мен үлкендерге деген құрмет ерекше. Тіпті үлкенді сыйлау мәдениеті қалыптасқан. Қытайлық қарттар зейнетке шыққан соң өмірді құдды жаңадан бастағандай болады дейді. Достарымен ел-жер аралып, спортпен шұғылданып, белсенді бола түседі екен. Оларға арналған жеңілдік түрі де, тегін уақыт өткізуге арналған нұсқалар жетерлік. Одан бөлек, туристік фирмаларда әлем аралауға мүмкіндік беретін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында қытайлықтар топтасып, дүние жүзін аралауға жөн көреді.   

Азия елдерінің ішінде жапондық қарттарға қызыға қарауға болады. Олардың зейнетақы мөлшері орташа алғанда 1700 доллар шамасында. 700 мың теңгеден астам қаражат ай сайын картаға түсіп тұрған соң, зейнеткерлер қаннер-қаперсіз ғұмыр кешеді. Бұл жақта бәрі 65 жаста зейнетке шығады. Ертерек шығуды қаласа, айталық, 60 жаста зейнеткер атанатын болса, зейнетақысы 25 пайызға қысқарады. Сондай-ақ, жұмысын жалғастыруға да кедергі жоқ. Тіпті 70-ке келгенде де қызметін жалғағандар 25 пайызға жоғары зейнетақы алуы мүмкін екен. Қытайлық зейнеткерлер сынды жапондардың да зейнет жасына жеткен соң әлем шарлап, турист боп жүргенін жиі көруге болады.  

Жер жүзіндегі ең жоғары зейнетақы алатын — даниялықтар. 2800 доллар немесе 1,1 миллион теңгеге жуық қаражат түседі. 65-67 жаста зейнетке шығатын олардың орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жас шамасында екен. Мемлекет тарапынан зейнеткерлерге жасалатын қамқорлық ерекше. Тіпті бірі бұл елді зейнеткерлердің «Меккесіне» теңесе, енді бірі қарттарға арналған жердегі жұмақ деп баға береді. Жұмыс істейтін адамдардан да дәулетті ғұмыр кешетініне қарасақ, бұл теңеулер дәл суреттеп тұрғандай. Сонымен бірге қарттардың жағдайынан барынша хабардар болу үшін әрбір дат муниципалитетінде ДанЭйдж қоғамдық ұйымының бөлімшесі жұмыс істейді. Сол арқылы зей-неткерлердің хал-ахуалы үнемі бақылауда болады.  

Енді әу баста қойған сауалға қайта оралсақ. Біздегі зейнеткерлердің жағдайы қандай? Биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақы 7 пайызға өсті. Пайызбен көрсеткенде құлаққа жағымды естілгенімен, іс жүзінде қосылатын қаражат соншалықты көп емес. Минимал зейнетақы мөлшері 43 272 теңгеге тең. Базалық зейнетақы 5 пайызға өсіп, 18 524 теңгені құрады. Ал енді осы базалық зейнетақы төлемін есепке алғанда минимал мөлшері 61 796 теңге болды. Осы қаражатпен шетел аралап, болмаса өмірін жаңа бағытқа бұру қаншалықты мүмкін? Неліктен екенін қазақстандық зейнеткерлердің бәрі болмаса да, басым көпшілігі қарттықты үйде, немере-шөбере бағумен ғана байланыстырады. Қайбір жылдары желіде саяхатшы әже туралы жарыса жазылды. Жасы 80-де болғанына қарамастан, Еуропаны аралап, немересімен әлемнің түрлі кереметтерінің жанында суретке түседі. Сол кезде көбіміз қызыққанбыз. Әрі ел ішіндегі таптаурынның да бұзылғанына куә болдық. Қыдырудан бөлек, өзге елдерде зейнеткерлер 70-ке келгенде университетке түсіп, диплом алып жатады.  

Қалай десек те, стереотиптердің қалыптасып, санаға сіңуіне мемлекет тарапынан жасалатын іс-шаралардың сөзсіз әсері болады. Мәселен Біріккен Корольдікте әлем бойынша бірінші рет «Жалғыздық министрлігі» құрылған еді. Бұл құрылымның мақсаты — жалғыздықтың зардабын тартқан егде жастағыларға қамқор болу. Мемлекет тарапынан зерттеу жасалып, нәтижесінде әрбір бесінші британдық азамат өзін жалғыз сезінетіні белгілі болған. Ал 200 мыңнан астамы бір айдан да ұзақ уақыт бойы тума-туыспен тілдеспеген. Соны ескере отырып, жалғызсырағандардың жағдайын жасау үшін арнайы стратегия жасалады. Мысалы арнайы актерлер саябақта немесе аялдамада жалғыз отырған қарттың жанына барып, жағдайын сұрап, халін біліседі екен. Британ корольдік поштасының қызметкерлері хаттар мен газеттер таратқан кезде жолшыбай жалғызбасты адамдардың үйіне кіріп шығуға міндеттелген. Ол тізімді жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жасайды. Сонымен бірге қоғамдық кафе, арт-алаңқайлар не скверлер де жұмыс істейді. Жалғызбасты қарттарға волонтерлер де көмегін аямайды. Байқасақ, мұның бәрі — қамқорлық. Әрине, бізде де әкімдіктер тарапынан ұйымдастырылатын ойын-сауық бағдарламалары бар. Бірақ соларда қарттар қаншалықты қамтылды? Қаншалықты оң әсер берді? Мәселе шешіліп жатыр ма? Белгісіз… Бізде сапалы зейнеткерлікке не кедергі? Мемлекет кінәлі ме, әлде өзімізде қалыптасқан көзқарас па?  
 

Сондай-ақ оқыңыз