Эко-әдетті оңай қалыптастыру жолдары

Жарияланды
Eco-friendly болам десеңіз…

Соңғы кездері табиғатқа жанашырлықпен қарап, жақсы әдет қалыптастыруға қолға алғандардың қатары көбейіп жатыр. Бұл — қуантарлық жағдай. Осы ретте оқырмандарымызға эко-әдеттерді оңай қалыптастыруға қатысты бірнеше кеңес әзірледік. Кәдеге жа-раса, мархабат! 

Керек емес киімді қайырымдылыққа беру

Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің (EPA) зерттеуіне сүйенсек, 1960 жылдан бері тоқыма өнеркәсібі қалдығы 811 пайызға көбейген. Сонымен бірге оның басым бөлігі, 66 пайызға жуығы қоқысқа кетеді екен. Сонда тау-тау боп үйіліп жатқан қоқысты көз алдыңызға келтіріңіз. Мұның бәрі өндіріс көлемінің артқанын ғана білдірмейді. Сондай-ақ тауар бағасының түскенін де көрсетеді. Шынында қазір бір киімді жамағаннан гөрі жаңасын сатып алған оңай боп кетті. Осы ретте сізге ұсыныс: егер масс-маркеттен емес, секонд-хендтен алатындар көбейсе, алғашқысының сұранысы азаяды. Сол арқылы қалдық та бұрынғыдай көп болмайды. Одан қалса, киімді жамап, жыртық жерін тігіп алуды әдетке айналдырса, құба-құп. Кимейтін киімді қоқысқа емес, соған мұқтаж адамға беру. Бәлкім, сәннен кеткен тоныңыз ызғарлы қыста тоңған әлдебір бауырыңызды жылытар. 

Қоқысты аз шығару

    Үйде айлап қоқыс сақтаңыз демейміз. Бұл жерде сіз білмейтін мәлімет болуы мүмкін. Мысалы кез келген тауардың қаптамасына кететін ақша сол тауар құнының 40 пайызына дейін болуы мүмкін. Сервис-секторда мұны «қызметті тықпалау» деп атайды. Әрі қапта-маны көп жағдайда қайта өңдеуге келмейді. Сондықтан қажет емес болса, қаптамадан бас тартыңыз. Үйдегі қағаз қолсүрткіштерді матадан жасалған түріне ауыстырсаңыз, қоқыс та аз, дастархан басында отырғанда құдды мейрамханада отырғандай боласыз. 

Гигиена заттарына мән беру

Ер адамдарға ұсыныс: үйдегі бір рет пайдаланатын ұстарадан гөрі классикалық Т сияқты түріне көшкен абзал. Алғашқысы аты айтып тұрғандай көп рет пайдалануға жарамайды. Ал Т секілді ұстараның жүзін ауыстырып қойсаңыз, жылдап қызмет етеді. Бастысы, кесіп кетпеу үшін қалай қырыну керегін білсеңіз және тот баспас үшін құрғату сияқты күтімді жасап тұрсаңыз болғаны. Пластик сабын салғыш, тіс щеткасы, стакандарды да экологиялық түріне ауыстырып қойған жөн. Мысалы мисуак пайдаланған, эко-әдет қалыптастыруға да, сүннетке де сай келеді. Сондай-ақ, тұрмыстық химия заттарын алғанда мұқият оқыңыз. Бүгінде өндірушілердің көбі эко бағытқа лайықтап шығарып жатыр. Яғни құрамында фосфат, хлор және қоршаған ортаға зиян осы сынды заттар жоқ түрін шығару сәнге айналды, сұраныс мол.   

Пакет, түбіртек біткеннен бас тарту

    Полиэтилен пакеттер жерге толық ыдырап кетуі үшін 100 жылдан 500 жылға дейін уақыт керек екен. Алғашқы пакет 1957 жылы АҚШ-та шығарылғанын ескерсек, олардың толық ыдырауының өзіне әлі 37 жыл бар деген сөз. Ал оның жанында күнделікті дүкенге барған сайын қол-тықтап әкетететін пакеттер ше? Пластик көп елдерде әлі күнге дейін өңделмейді. Яғни оны лақтырса — қоқысқа, лақтырмаса жел ұшырып, қонарын сай біледі деген сөз. Солай ұшып барып, пластик теңіз, мұхит түбіне топ етеді. Зерттеулерге сүйенсек, жылына су түбіне 8 млн тоннаға жуық пластик түседі екен. Тіпті Тынық мұхитында Франциямен көлемі бірдей қоқыс аралы бар екен. Сондықтан арнайы дорбаға салып алуды әдетке айнал-дырған дұрыс. Дүкен мен банкомат беретін чектер арнайы тер-моқағаздан жасалады. Оның құрамында А бисфенолы бар, оны басқа қағаздармен бірге өңдеуге беруге болмайды. Өйткені бояуы бәрін бүлдіреді. Дүкендерде чек алмау әзірге мүмкін болмаса да, банкоматта шығармауға әдеттенуге әбден болады. 

Тұрмыстық ресур-старды үнемдеу

    Эко-әдеттің қатарына суды құр ағызбауды да қосу керек. Сондықтан жуынып жатқан кезде судың тым ысырап болып, бекер ақпауын қадағалағыңыз. Тіс жуғанда суды өшіру арқылы жылына 8 мың литрге жуық су үнемделеді екен. Өйткені бір минутта краннан орта есеппен 7-11 литр су ағады. Сонымен бірге ауыз шаюға ар-налған стаканыңыз болса, тіпті үнемнің көкесі сол болмақ. Бұдан бөлек, энергия үнемдейтін жарықшамдар, жарықты өшіріп-қосуға арналған сенсорлар, суға арналған аэраторларды қолдануға кеңес береміз. Мүмкіндік болса, ыдыс жуатын машина алғанның пайда-сы — қолмен жуғаннан аз су шығындайтыны. Сондай-ақ пай-даланылған суды құр төге салмай, гүлге құюға болады. 

Ағаш отырғызу

Қазақтың салтында ер адамның атқаруы тиіс амалдың бірі — ағаш отырғызу. Кесілген бір талдың орнына он тал егуді де міндет еткен бұрынғылар. Демек, табиғатқа орасан пайда тигізудің бірден-бір жолы — ағаш егу, артыңнан мал емес, талдың қалуы. Не үшін де-сеңіз, ауадағы зиянды көмірқышқыл газын өзіне сіңіріп, бізге қажет оттегі бөледі. 

Тамақты ысырап етпеу

Желінбеген тамақты қазақ обал дейді. Тіпті көпшілік обал болады деп нанның қиқымы мен тамақтың қалдығын қоқыс жәшігінен сыртқа шығарып қояды. Бұл ретте есте ұстау керек жайт: обал болады деп тастамағаныңызбен, одан бөлінетін жаман иіс, сол маңға жиналатын құрт-құмырсқа қаладағы көршілерге ұнай қоймас. Мұндайда сізге ұсынатын шешім: тоңазытқыштың аузы-мұрнына дейін толтырмау. Бәлкім бұл айтқанымыз кей адамға ұнамас. Бірақ нақты желінетін мөлшерде ғана алу азық-түліктің сапасына да әсер ететінін ескеру керек. Бұл ретте сізге бір аптаға арналған меню жасауды әдетке айналдыруды ұсынамыз. Тәртіпке бағына білсеңіз, мұндай тәсілдің кереметін көп өтпей сезінесіз. «Бүгін кешке не істеймін» деген ой да мазаламайды. Мерзімі өтіп кеткен азық-түлік те болмайды. Ғажап емес пе?

Керек емес сыйлық шаң басып жатпасын

    Бәрімізде ұнамай қалған, пайдаланылмай, ашылмаған күйде тұрған сыйлық бар шығар. Соны бір үй жинағанда қоқысқа тастамас үшін оны кімге берген жөн деп ойлаңыз. Әрі сыйлық беру екі адамның арасын жақындататыны белгілі. Ендеше, бір оқпен бірнеше қоян атып алыңыз. Мұндай әдет қалыптастыру үшін сізге сыйлық келгенде бірден ойланып, қажет емес болса олардың бәрін сақтайтын бір қорап арнау қажет. Сонда қонаққа барарда не әлдебір жақыныңыздың туған күні болғанда сыйлауға болатын бірнеше нұсқа дайын болады. Жақындарыңыздың жүрек түкпіріне терең үңіле білсеңіз, жаны не қалайтынын білесіз. Осылайша оған ұнауы мүмкін зат сізде құр жатқан болып шығуы әсте мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, біреуге сыйлық берерде «сыйланған затты сыйлауға болмайды» деген стереотипті бұзып, біреуге сыйлағанда тұрған ештеңе жоғын айтып, ескертсеңіз болады.  

Сондай-ақ оқыңыз