Жолпол тоқтатса, не істеу керек?

Жарияланды
Құқығыңызды біле жүріңіз

Автокөлік тізгіндейтіндердің құқықтық тұрғыда сауатты болғаны дұрыс. Мәселен, жол-патрульдік полициясы қызметкері тоқтатқан жағдайда өзін қалай ұстауы керек, нені білуі керек, қандай құқыққа ие — осыларды білгені құба-құп. Ендеше, қандай жағдайда тоқтатуына болатыны туралы толық түсіндірме бере кеткенді жөн көріп отырмыз.  

Қай кезде тоқтауға міндеттісіз?

     «Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережелерін бекіту туралы» заңға сәйкес, егер жол-патрульдік полициясы қызметкері қызметтік көлікте дауыс зорайтқыш көмегімен жүргізушіге арнап, сіздің автоңыздың тану белгілерін немесе мемлекеттік нөмірлік белгісін атаса, егер жаяу көліксіз инспектор сізді қолмен нұсқап (таяқ) сізге қайда тоқтау керегін көрсетсе, тоқтауға міндеттісіз. Осыдан кейін ЖПП қызметкері өзінің лауазымын, арнайы атағын, тегін және ол қызмет ететін бөлімшені, сондай-ақ тоқтату себебін айтуы керек. ЖПП қызметкерлерінің «Жол жүрісі туралы» ҚР Заңының 52-б. 2-тармағына  сәйкес автокөліктерді негізсіз тоқтатуына тыйым салынған. Яғни жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы, жүк тасымалдау ережелері, сондай-ақ рейд жүргізу сынды себептер болмаса, тоқтатпауы керек. 

Жолполдан қандай мәліметтерді сұрай аласыз?

     ЖПП қызметкері кезекшілікке шығарда қызметтік жетонды алады. Жүргізушінің өтініші бойынща ЖПП қызметкері қызметтік куәлік немесе төс ерекшелік белгісін (жетонды) ұсынуға тиіс. Полиция қызметкерінің бағыттық парағын жүргізушілерге көрсетуге тыйым салынатынын атап өткен жөн, себебі ол ішкі қызметтік құжатқа жатады

Патрульде болғанда қандай талаптар сақтауы керек?

     Жол-патрульдік полициясы қызметкерінің қызметті атқаруы қызметтік автокөлікте және жаяу нарядта болуы мүмкін. Жол полициясының инспекторы қызметті атқаруда жол қозғалысының қатысушыларына көрінетін аумақта болуы тиіс. Қызметтік автокөліктер, сондай-ақ көрінуді шектейтін, қандай да бір кедергілердің ар жағында (ағаштар, ғимараттар және құрылыстар, жарнамалық қалқандар және т.б.), сондай-ақ тоқтауға мен тұруға тыйым салынған орындарда орналаспауы тиіс, осы талаптар жаяу нарядтарға да қолданылады.

Көлік құралын міндетті сақтандыру және көлік құралын жүргізуге сенімді тұлғалар 

Сізге тиісті емес автокөлікті басқаруға сенімхаттың болуы талап етілмейді. Сенім берілген тұлғаның мәліметтері сақтандыру полисінде көрсетілсе жеткілікті. Егер автомобиль иесі өз көлігін басқара алмайтын күйде болса, онда жүргізуші көлік құралын жүргізуші куәлігі бар жүргізушіге бере алады. Егер мас жүргізуші куәлігі жоқ жүргізушіге беретін болса, онда заңның тиісті бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде міндетті электрондық сақтандыру енгізілді.      

Заңға сәйкес, полиция қызметкерлері көлік жүргізушіде сақтандыру полюсінің бар-жоғын планшеттердің көмегімен тексеріп, сақтандыру бойынша бірыңғай деректер қорына жүгінетін болады. Полиция қызметкерлеріне сақтандырудың қағаз нұсқасын талап етуге тыйым салынады. Осылайша, көлік құралын басқаратын көлік иесінің өзімен бірге жүргізуші куәлігі мен көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі (немесе КҚ-ға меншік құқығын куәландыратын құжат) болуы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, көрсетілген мерзімге дейін ресімделген қағаз полистері құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады. 

Маневр жасауға қатысты

     Маневр қауіпсіз болып, басқа жол қозғалысы қатысушыларына кедергі жасамаса,  көлік құралының артқа жүруіне рұқсат етіледі. Көше қиылысында және  бұрылысқа тыйым салынған жерлерде артқа жүруге тыйым салынады.  

 Жол полициясының қызметкері тоқтатқанда қандай құжаттар болуы қажет?

Егер сізді жол қозғалысы ережесін бұзғаныңыз үшін тоқтатса, өзіңізбен бірге мынадай құжаттар болуы керек:
•    жүргізуші куәлігі (жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлік және жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжат);
•    көлік құралына тіркеу құжаттары;
•    белгіленген жағдайларда тасымалданатын жүкке жол-сапар қағазы және құжаты.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың мерзімі бар ма?

ӘкҚБК 890-бабына, т.1 сәйкес, егер көрсетілген мерзім ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша қаулы шығарылмаса, әкімшілік құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 1 жыл өткеннен кейін адам әкімшілік  жауапкершілікке тартылмайды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған адам қаулы шыққан күннен бастап 30 күннен кешіктірмей төлеуі керек.

ЖПП инспекторы сізді тоқтатқандағы құқықтарыңыз:

•    жүргізуші іс материалдарымен танысуға, түсініктеме беруге, дәлелдеме ұсынуға, сұраныс хатқа өтініш беруге құқылы;
•    істі қарауда адвокаттың заңды көмегін қарауға;
•    ана тілінде сөйлеуге және егер іс жүргізілетін тілді меңгермесе, аудармашының қызметтерін пайдалануға;
•    іс бойынша қаулыға шағымдану тәртібі.
  Жанжалды жағдайлар туындағанда, бұрын айтылғандай, жүргізуші инспектордан кеуде белгісінің (жетон) нөмірін сұрауға және қызметтік куәлікпен танысуға құқылы. Жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен немесе ЖПП қызметкерінің тоқтатуының өзге себептерімен келіспеген жағдайда, жазбаша баяндауыңызға болады. 

Тоқтатқан кезде қанша уақыт ішінде инспекторды күтуге болады?

  ЖҚЕ1.2-тармағының негізінде «берілген Ішкі істер органдарының (полицияның) қызметкерінің талабы бойынша тоқтап, оның нұсқауларын орындау», яғни жүргізушіге жол полициясы инспекторын күтіп, тоқтату себебін тыңдап, сондай-ақ қажетті әрекеттерді орындау қажет. 

 Жолдың жүргінші бөлігінде көлік кұралдарының  қалай орналасуына жол беріледі?

   Төрт немесе одан да көп жол жолағы бар екi жақты қозғалысты жолдарда, қарама-қарсы қозғалысқа арналған жағына шығуға тыйым салынады.  Осындай жолдарда көше қиылыстарында және қағидаларда, белгілермен және таңбалармен тыйым салынбаған жерлерде солға қарай бұрылуға немесе кері бұрылуға болады.    

ЖПП қызметкері қандай негізде нөмірді шешуге құқылы?

  ҚР ӘкҚБК 797-бабына сәйкес тоқтату немесе сіздің автоңыздың тоқтау ережелерін бұзғанда (ҚР ӘкҚБК 597) уәкілетті лауазымды тұлға мемлекеттік тіркеу нөмірін алуға құқылы.

Жылдамдық асырса, не болады?

  Белгіленген жылдамдық режимінен асырғанда 10 км/сағатқа рұқсат етіледі, басқаша жағдайда асырғанда айыппұл көзделген:
•    10-20 км/сағаттан асырғанда, айыппұл 5 АЕК мөлшерінде;
•    20-40 км/сағаттан асырғанда,10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл
•    40 км/сағ. артық – 20 АЕК 
•    1 жыл ішінде қайта бұзған жағдайда – 30 АЕК.

 

Сондай-ақ оқыңыз