Азық-түлік бағасы үшін алаңдауға негіз бар ма?

Жарияланды (жаңартылды )
Инфляция ырыққа көнер емес

Азық-түлік бағасы аспандауға айналды. Үкімет халықты сабырға шақырып әуре. Бірақ дүкен сөресінен бірнеше есе қымбаттаған өнімді көрген жұрт сабырын сол сәтте-ақ жоғалтып алмақ. Ал үкімет дерегі кілкіген цифрға толы. Жалғыз үкіметіміз осы болған соң айтқан цифрын ел-жұртқа жеткізу де бір міндет.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%-ға өскен. Бәрінен бұрын қырыққабат 1,6%–ға, қант 0,6%-ға және картоп 0,5%-ға қымбаттады. Осының ішінде қантты бөле-жара айтуға болады. Өткен аптада қант таусылғалы жатыр екен дегенді естіген көпшілік бір дүрлігіп алды.

«Елімізде 90 мың тоннаға жуық қант бар, оның ішінде 38 мыңы тұрақтандыру қорларында, сауда объектілерінде. Одан бөлек 47 мың тонна – қант зауыттарында. Азық-түлік келісімшарт корпорациясының қорында 2,5 мың тонна қант бар. Қант тапшылығы туындады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Себепсіз дүрбелең тудырмауларыңызды сұраймыз. Жалпы есеппен, қазіргі қолда бар қант көлемі есебінен және Еуразиялық экономикалық одақтың шешіміне сәйкес 250 мың тонна баж салығынан босатылатын қант көлемінің арқасында биыл ішкі нарықты қантпен толықтай қамтамасыз ете аламыз» дейді аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті директорының міндетін атқарушы Назгүл Хатепова.

Сауда және интеграция министрлігі сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың мәліметінше, осы күндері қант бағасының өсуіне сұраныстың артуы себеп болған.

«Біздің мәліметтер бойынша 5 күннің ішінде «Магнумда» 540-550 тонна қант сатып алынды. Ал бұрын 5 күнде 170 тонна қант сатылатын. Осыған орай қант бағасы аздап өсті. Бірақ жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп жалпы бағаны себепсіз көтерген кәсіпкерлерді тексеріп, тиісті шара қолдана алады. Осы аталған шаралар қабылданған соң, баға тұрақтануы мүмкін» деді спикер.

Рубль бағасы төмендесе, Қазақстанда ресейлік өнімнің көбею қаупі бар ма? Мемлекет кәсіпкерлерді қалай қорғайды? Министрлік өкілі бұл сауалды да жауапсыз қалдырған жоқ.

«Валюталардың теңгерімсіздігі мәселесі ішкі және сыртқы нарықтардағы сауда қатынастарына өте үлкен әсерін тигізеді. Біз ішкі нарықты отандық өніммен де қамтамасыз етеміз. Бірақ сыртқы елдерден арзан, дайын өнім келетін болса, ішкі нарықта көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары бар. Атап айтқанда, биыл өсімдік шаруашылығына шамамен 80 млрд теңге субсидия беру көзделген. Соның ішінде тұқым шаруашылығына 11,8, тыңайтқыштарға 26 млрд, пестицидтерге, яғни өсімдік қорғау құралдарына шамамен 30 млрд теңге көлемінде. Одан бөлек, жыл сайын қайта өңдеушілерді қолдау мақсатында субсидиялар қарастырылған. Биыл ЖАО өздерінің есебінен осы шараны ары қарай жалғастырып, отандық өндірушілерді қолдау көрсетуді көздеп отыр. Сондай-ақ, қайта өңдеу бағдарламасы шеңберінде сүт өнімдерін, соның ішінде ірімшік, май сияқты әлеуметтік маңызы бар тауарларды өңдеуге ЖАО биыл шамамен 10 млрд теңге қаражат қарастырды. Аталған мемлекеттік қолдау шаралары есебінен ішкі нарықта өндірілген тауарлар сырттан әкелінетін тауарлармен бағасы мен сапасы жағынан толыққанды бәсекеге қабілетті болады» деді Хатепова.

Оның айтуынша, жалпы ең негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлығы тұрақтандыру қорларында, өндіруші кәсіпорындарда, сауад орталықтарында бар. Әкімдіктердің ең соңғы мәліметтері бойынша, ел бойынша әлеуметтік маңызы бар тауарлар қоры 1,3 млн тоннаны құрап отыр. Оның ең негізгілері: 900 мыңға жуығы көкөніс дақылдары, 90 мыңға жуық қант, 144 мың астық, ұн, сиыр еті, құс еті, жұмыртқа. Осылайша, ішкі нарықты қамтамасыз етуге жетерлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көлемі бар.

Сондай-ақ оқыңыз