Солтүстік пен Шығысқа газ қашан барады?

Жарияланды
Энергетика министрі жоспармен таныстырды

Соңғы дерек бойынша, қазіргі кезде газбен қамту деңгейі халықтың жалпы санының 57,67 пайызын құрады, яғни 11 млн адам көгілдір отын игілігін көріп отыр. Негізінен оңтүстік, батыс өңірлерде газ мәселесі оңымен шешіліп тұр. Ал солтүстік пен шығысқа бұл отын түрі әлі жетер емес. Осы өңірлерді газбен қамту бойынша мемлекет негізгі 2 нұсқаны қарастырып отыр.

Біріншісі – ресейлік көздер арқылы газ жеткізу болса, екіншісі – мәселені «Сары-Арқа» магистральдық газ құбыры арқылы шешу. Энергетика министрлігі қазірдің өзінде тұтыну көлемін анықтап, ресейлік тарапқа жолдап қойған.

Бұл реттегі газ құбырларының оңтайлы маршруттары:

  • Ұзындығы шамамен 1 000 км «Барнауыл – Рубцов – Семей – Өскемен Павлодар қаласында тармақталуы»;
  • Ұзындығы шамамен 644 км «Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан».

«Біз шығыс пен солтүстік өңірлерді РФ-дан сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы газдандыру нұсқасын зерттеудеміз. Ол үшін компримирлеу мен қайта газдандырудың тиісті инфрақұрылымын салу және құрылысқа тиісті инвестициялар салу талап етілетінін атап өткен жөн» деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ газды «Сарыарқа» магистральдық газ құбырынан беру газдандырудың баламалы нұсқасы саналады. «АстанаГаз ҚМГ» ақпараты бойынша, материалдардың қымбаттауын ескере отырып, ұзындығы 483 км болатын «Сарыарқа» МГҚ-ның 2-3 кезеңдерін салу құны шамамен 165 млрд теңгені құрайды. «Сарыарқа» МГҚ бірінші кезеңінің құрылысы 2019 жылы аяқталды.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының әкімдіктері газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірінші кезектің және екінші кезектің 2 іске қосу кешенінің құрылысы аяқталып,

  • «Көктал-1,2»,
  • «Агрогородок»,
  • «Железнодорожный»,
  • «Промышленный»,
  • «Күйгенжар»,
  • «Мичурино»,
  • «Интернациональный» т/а,
  • Оңтүстік-Шығыс оң және сол жақтарында,
  • Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігіне газ жіберу қамтамасыз етілген.

Нәтижесінде 14 мыңнан астам абонент немесе 191 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді.

Биыл республикалық бюджеттен халық саны шамамен 92 мың адам болатын Тельман, Пригородный, Фэмили Вилладж, Гарден Вилладж, Ильинка, Қараөткел, Шұбар, Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына жеткізу желілерін салуды көздейтін екінші және үшінші кезектің құрылысы бойынша жобаларды іске асыруға 23 млрд теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан әкімдігі газ тарату желілерін салу жөніндегі жобаларды әзірлеуді қатар жүргізуде.

Қарағанды облысының әкімдігі Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларының бірінші іске қосу кешендерін іске асыруды аяқтады, нәтижесінде шамамен 2,7 мың абонент немесе 8,1 мың адам табиғи газға қол жеткізді.

Сондай-ақ әкімдік Шет, Бұқар Жырау аудандары мен Жәйрем кентін газдандыру жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған қалаларды газдандыруға қаражат уақытылы бөлінетінін атап өткен жөн.

Биыл елді газдандыруды дамытуға Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді, сондай-ақ 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында қосымша 50,1 млрд теңге қолдау тапты. Нәтижесінде 133 жобаны іске асыруға 96 млрд теңге қарастырылып, бұл 146 мың адамды немесе 93 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған газдандыру деңгейі – 58,43 пайыз.

«Тұтастай алғанда, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді жоспардың барлық негізгі бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде, оның ішінде газдандырудың бас схемасын өзектендіру, газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңғырту, газға баға белгілеу моделін жетілдіру және елдің тауарлық газдағы ресурстық базасын ұлғайту» деді министр.

Тауарлық газ өндірісін ұлғайту және шикі ілеспе табиғи газды өңдеуді қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта Қашаған кен орнында қуаты жылына 1,150 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жөніндегі жоба іске асырылуда.

«Осы инвестициялық жобаны іске асыру (шамамен 2023 жылдан бастап) кейіннен тауарлық газды қайта өңдеу және алу үшін Қашаған кен орнынан «QazaqGaz» ҰК» АҚ мекенжайына жылына 1 млрд текше метрге дейін шикі ілеспе табиғи газды жеткізуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді» деп мәлімдеді Энергетика министрлігінің басшысы.

Қашаған ГӨЗ қуатын 2026 жылы 2 млрд текше метр (2а кезең) және 2030 жылы 6 млрд текше метрге (2б кезең) кеңейту жобасы қосымша пысықталуда. Осы жобаны іске асыру тауарлық газдың ресурстық базасын 2030 жылға қарай 6,2 млрд текше метрге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының мүшелері мұнай-газ компанияларымен кездесулердің қорытындылары бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында мұнай-газ саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобы аясында жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ оқыңыз