Үкімет туризм проблемасын шеше ала ма?

Жарияланды
400 млрд теңгеге 290 инвестициялық жоба жүзеге асырылған

2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туризм 50 пайызға өскен. Ал сырттан келетін туристер жоққа тән. Бұрын да туризмі гүлденіп тұрмаған ел едік, 2020 жылы басталған пандемия, соған орай қолға алынған шектеулер бұл саланы біржола тұңғиыққа шым батырды. Жыл басталғалы туризм саласына 75,6 млрд теңге тартылыпты.

«Қазіргі уақытта 25 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді, 74 елге визасыз режим қалпына келтірілді, құрлық шекаралары ашылды. Таяу келешекте біздің алдымызда визалық режимді либерализациялау міндеті тұр» дейді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов туризмнің өте перспективті сала екендігін атап өтіп, туристік әлеуеті жоғары өңірлерде инфрақұрылым мен сервисті дамыту қарқынын одан әрі күшейту қажет екенін айтты. Смайыловтың пікірінше, кейбір туристер демалатын жерлерге әуе және теміржол тасымалының болмауы, демалыс маусымында жол қатынасының қиындығы – туризмнің дамуын тежеп отырған мәселелердің бірі.

Жалпы, Үкімет басшысы туризм саласының дамуында оң динамика бар екенін, осы орайда мына мәселелерге көңіл бөлу керек екендігін атап өтті:

Бірінші. Өңір әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс.

Екінші. Мәдениет министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, бірінші кезекте, туристердің қауіпсіздігі мен қызметтердің сапасын арттыруды көздейтін туристік өнімдер ұсыну жөнінде кешенді жұмыстарды ұйымдастыруы қажет.

Үшінші. Мәдениет министрлігі Экология министрлігімен және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамыту жоспарын бекітіп, ондағы шараларды іске асыруға кірісуі тиіс.

Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 50%-ға өсті. Бұл – 6,9 млн адам. Аталған көрсеткіш пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен 300 мың адамға жоғары.

Ұлттық саябақтарға келушілердің саны артқан:

  • Іле Алатауы (212 мыңнан 430 мыңға дейін);
  • Көлсай (83 мыңнан 160 мыңға дейін);
  • Шарын (16 мыңнан 35 мыңға дейін).

2020 жылмен салыстырғанда орналастыру орындарының саны 172 бірлікке артып, 3 686 қонақүйді құрады. Нөмірлік қор өсіп, 193 мың төсек-орынды құрады. Тек Түркістан облысында 40 қонақ үй салынды.

«Көрсетілген қызметтердің көлемі карантинге дейінгі кезеңге сай. 2021 жылы көрсеткіш 109 млрд теңгені құрады. Негізгі өсу ішкі туристер санының артуымен байланысты болып отыр. Мысалы, Ақмола облысында көрсетілетін қызметтер көлемі 3 млрд теңгеге жуық, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 2 млрд теңгеге, Шымкент қаласында 1 млрд теңгеге өсті. Туристердің жайлылығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін, дестинацияларда инфрақұрылым салудан басқа, маршруттар бойындағы инфрақұрылымның дамуына назар аудару, сондай-ақ туристік өнімнің материалдық емес компоненттерін дамыту қажет. Еліміз бойынша «Қазақстанның Гранд-туры» негізіне кіретін бес басым бағыт айқындалды. Бұл қазірдің өзінде сұранысқа ие бағыттар» деді Абаев.

Туризм саласында 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде 400 млрд теңгеден астам сомаға 290 инвестициялық жоба іске асырылған. 2021 жылы 226 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба енгізілді, ал биылға 5,2 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Түркістандағы «Керуен сарай» кешенінің іске қосылуы, Ақтаудағы «Тетис Блу» тақырыптық паркі, Алматыдағы Swissotel және HolidayInnExpress және басқа да ірі инвестициялық жобалар тізіміне кіреді.

Биыл 1 қаңтардан бастап туристік салада мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары қолданысқа енгізілді. Оларды жетілдіру мақсатында Министрлік Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен туристік саланы қолдау мәселелері жөніндегі заң жобасы аясында жұмыс жүргізіп жатыр.

Ведомство басшысы саланың цифрлануынан да хабардар етті. Қазір eQonaq жүйесінде еліміздің барлық өңірінде 3123 орналастыру орны тіркелген. Тіркеуден 159 320 шетелдік турист өтті, оларға «Көші-қон полициясы» жүйесіне енгені туралы хабарлама жіберілді.

«Туризм нысандарының, гидтердің, туркомпаниялардың, жол бойындағы сервистердің жұмыс сапасын бағалау үшін шағымдар мен пікірлерді қабылдайтын цифрлық модуль құрылды. Алынған ақпарат туристік өнімдердің сапасын бақылау, өңірлердің рейтингтерін құру, кемшіліктерді анықтау және нақты шешу үшін пайдаланылады» деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ бүгінгі таңда Қазақстанда білікті гидтердің жетіспеушілігі байқалады. Оларды дайындау және сертификаттау жүйесі жаңғыртуды талап етеді. Осы мақсатта гидтердің бірыңғай тізілімін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Платформа гидті тіркеуге, сертификаттауды растауға, жұмыста пайдалану үшін QR коды мен бейдж алуға өтініш беруге мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша жақында жарияланған жаһандық туризм рейтингінде Қазақстан 80-орыннан 66-орынға көтеріліп, өз позициясын тәуірлеген.

  • Қазақстан «Баға бойынша бәсекеге қабілеттілікте» – 1-орын;
  • «Туризмнің маусымдылығында» – 26-орын;
  • «Табиғи ресурстар» бойынша – 33-орын;
  • «ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұра объектілерінің саны» бойынша – 42-орын алған.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы ауданы 2,7 млн гектарды құрайтын 14 ұлттық парк бар.

Ал Экология министрлігі ұлттық парктер аумағында заманауи визит-орталықтар, глэмпингтер, кемпингтер, қазақ этноауылдары мен керуен-сарайлар салу арқылы туризмге соны серпін беруге ниетті. Қазір ведомство 4 парк – Іле Алатауы, «Көлсай көлдері», Шарын және «Алтын Емел» бойынша жұмысты бастаған.

  • 26,5 млрд теңге инвестиция әкелетін потенциалды инвесторлар айқындалған;
  • 2020-2021 жылдары шамамен 2 млрд теңге инвестицияланды;
  • Аюсай шатқалында күрделі құрылыссыз жеңіл құрылымдардан визит-орталық салынды – 5 глэмпинг, 5 кемпинг орнатылды, ұзындығы 60 метр Үлкен Алматы өзені арқылы көпір және Аюсай шатқалының айналасында соқпақтар салынып, оған қоса 2 визит-орталықтың құрылысы басталды;
  • Жаңа 220 жұмыс орны ашылды.
Сондай-ақ оқыңыз