«Қорғас» қалай дамиды?

Шекара маңындағы өткізу бекетінің жұмысы Президент бақылауында

Бірнеше күн бұрын Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин отандық сауда айналымы үшін ерекше маңызға ие «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығына барды.

«Қорғас» ХШЫО – сауда, экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, туризмді дамыту кешені. Ол Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының шекаралас аймақтарында орналасқан қазақстандық және қытайлық бөліктен тұрады. 2017 жылы «Қорғас» ХШЫО қазақстандық бөлігінің аумағына арнайы экономикалық аймақ (АЭА) мәртебесі берілді. 2019 жылғы маусымда басқарушы компания құрылды, содан кейін «Қорғас» ХШЫО» АЭА инвесторлары оның қатысушылары болуға және көзделген жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік алды.

«Қорғас» халықаралық орталығының даму стратегиясын біз сауда-экономикалық және туристік әлеуетті ұлғайтуға негіздейтін боламыз. Инвесторлардың лайықты жобалары бар, мысалы, қолөнершілер қаласы, этномәдени кешен, жайлы қонақ үйлер мен мейрамханалар салу. ХШЫО базасында электрондық коммерцияны, қазақстандық қызметтер мен тауарлар экспортын, екіжақты сауданы дамыту үшін жағдай жасауымыз керек. Ол үшін барлық объектілерге тексеру жүргізіп, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, бірыңғай жоспарлау архитектурасын құрып, адамдар кіру және шығу кезінде багажды кедергісіз тапсырып, ала алатындай инфрақұрылыммен, багаж бөлімшесімен мәселелерді шешуіміз қажет.  «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аумағында ауыр жүк көліктеріне байланысты барлық өндірістік және көліктік-логистикалық бөлік шоғырлануы тиіс», деп атап өтті Серік Жұманғарин.

«Қорғас ХШЫО» АЭА аумағында 2017 жылдан бастап 3,8 га жер телімінде «Қолөнершілер қаласы» инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Инвестиция көлемі 10 млрд теңге, құрылыс алаңы 20 000 шаршы метр, 450-ден астам жұмыс орнын құруды қарастырады. Қолөнершілер үй-жайларын және көрме павильондарын ұйымдастыруды ұсынады. Ол Қазақстандағы қолөнер саласын ілгерілетуге және дамытуға ықпал етпек.

«Номад» этномәдени кешені – бұл жоба аясында Жібек жолы бойында орналасқан ежелгі көшпенділер қалаларының бейнелері жаңғыртылады.  Қонақтарды Қазақстанда тұратын халықтардың салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен, өнерімен таныстыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ «Қорғас» ХШЫО аумағында, бұрынғы «Жаркент» кеден бекеті ғимараттарының негізінде «Қазақстан» көрме орталығын құру жоспарланған. Экспозицияларды құруға ел экономикасының жетекші салаларының қазақстандық кәсіпорындары тартылады. Жаңа технологиялардың көмегімен Қазақстанның табиғи, мәдени, сәулет, тарихи нысандарын көрсететін экспонаттар жасалатын болады.

Электрондық коммерцияны дамыту үшін 2019 жылы ХШЫО аумағында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен басқа ЕО, АҚШ, Бразилия елдеріне почта жөнелтімдері түрінде тауарларды қабылдау, сақтау және одан әрі жөнелту бойынша қызметтер көрсетуге мүмкіндік беретін Бонд қоймасы құрылды.

2019 жылғы қарашадан 2020 жылғы қаңтарға дейін салмағы 30 тоннадан асатын Еуропалық Одақ, АҚШ және Канада елдеріне коммерциялық тауарлар жөнелтілді. 2020 жылдың қаңтарында пандемияға байланысты Қытай шекарасының жабылуына байланысты кеден қоймасының қызметі тоқтатылды.

Сервисті жаңғырту логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға және жетілдіруге, инвестициялар тарту үшін қолайлы климат құруға ықпал етеді, кедендік ресімдеуді жеңілдетеді және халықаралық пошта жөнелтілімдерінің транзитін жолға қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Alibaba Group компаниясының ресейлік кеңсесі мен Қазақстанның инвестициялық компаниясы «Қорғас» ХШЫО аумағында Бонд қоймасын бірлесіп салу туралы келісімге келді. «Ozon» интернет-дүкені осындай қойманы ашуға белсенді қызығушылық танытуда.

Бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу бекеті жұмысының баяулап қалғанын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді.

«Жүк тиеген автотранспорттардың кептелісі туындап жатыр. Бұл жүргізушілердің наразылығын тудырады. Жағдайды реттеу үшін «Алакөл» және «Нұр жолы» шекаралық өткізу бекеттерінде электронды кезекті енгізу керек. Өңірдің және елдің экономикалық потенциалын күшейтетін тағы бір қадам ретінде Қытай стандартымен аккредитацияланған лаборатория құруды айтуға болады. Оның жұмысы біздің ҚХР-ға экспортымызды көбейтеді. «Қорғаста» ондай лаборатория ашу бойынша жоспар бар. Аталған жобаны жедел жүзеге асыру үшін қытайлық әріптестермен диалогты белсенді ете түсу қажет», деген еді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының тиімділігін тез арада арттырып, оның халықаралық сауда талаптарына сай жұмысын қамтамасыз ету қажет деп қосты.Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық тас жолды жөндеу кезек күттірмейтін мәселе болып қала береді. Бұл өте маңызды сала.

Бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Ван Шоувэннен елдер арасындағы сауда байланысын күшейтуге байланысты нақты қадамдар туралы сұраған еді.

Бейжіңде өткен кездесуде Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшісі қытайлық шенеуніктің назарын екіжақты сауда көлемін, оның ішінде электронды сауданы ұлғайту үшін тұрақты ынталандыру шараларын қабылдау қажеттілігіне аударды. Осы тұрғыда қазақстандық дипломат 2026 жылға дейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша тараптар арасындағы келісімді жеделдетіп, сауда, инвестиция және өңіраралық ынтымақтастық саласындағы жұмыс тетіктерін жандандыруды ұсынған еді. Елші қазақстандық тараптың Қытайға жеткізу үшін отандық мал мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің ассортиментін кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ елші екіжақты сауда үшін Қазақстан-Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінің тиімді жұмыс істеуі мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Ван Шоувэнь Қытай тарапының Қазақстан Республикасы арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында екі елдің сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастығын жандандыруға дайын екендігін жеткізген.

Google News сайтында бізге жазылыңыз
Қатысты материалдар
Қазір оқуда