Жаңалықтар

Бас прокуратура Костенко шахтасындағы тексеру барысы туралы ақпарат берді

мчс
Бас прокутура Костенко шахтасындағы апат салдарын тексеріп жатыр / Фото: Қарағанды әкімдігі

Костенко шахтасындағы газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында прокуратура қызметкерлері шахтаға түсіп, оқиға орнына тексеру жүргізді. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Костенко атындағы шахтасында болған оқиғаларды тергеуді жалғастыруда. Жергілікті орында үйлестіруді Бас Прокурордың бірінші орынбасары жүзеге асыруда. Газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнына алғаш тексеру жүргізілді», делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратураның хабарлауынша сол күнгі ауысым қызметкерлерінен, «АМТ» Көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынып бірқатар сот сараптамалары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық және т.б. сараптама тағайындалған.

Сонымен бірге кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз етілуінің талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары мен басқа да сарапшылар тартылған.

«Шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттамар алынып, талдануда. Өзге де қажетті іс-шаралар өткізілуде. Кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Зардап шеккендер мен туыстарының қатысуымен өткізілетін тергеу әрекеттері олардың денсаулық жағдайы және жерлеу рәсімдерін өткізу қажеттілігін ескере отырып жүргізілетін болады. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық іс Бас Прокурордың бақылауында», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Осыған дейін ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова Костенко шахтасында опат болғандардың кім екенін анықтау үшін генетикалық сараптама жасау қажеттігін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, марқұмдардың бәрінің кім екені, аты-жөні анықталмаған, сәйкестендіру үшін ДНҚ тесті қажет болуы мүмкін.

Апатты тексеру үшін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.       

Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарады.

Премьер-министрдің төрағалық етуімен құрылған комиссия құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері және т.б. кірді.  

Еске салайық, 28 қазанда түнгі сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі  700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасы жарылды. Бұл жерге дереу «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының күштері жіберілген болатын.

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болды, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды.

Бұл қайғылы оқиғаға байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл білдірді. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Президент «AрселорМиттал Теміртауды» елдің ынтымақтастық тарихындағы ең нашар компания болғанын айтты. 

Сонымен бірге мемлекет басшысы апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысына барып, қазақ тапқан кеншілерідің отбасымен кездесті. Бұл қайғылы оқиғадан соң, президент 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.