Костенко шахтасындағы апатқа кінәлі 9 лауазымды адам қамауға алынды. Бұл жайлы Бас прокуратура есебінде айтылған.
«46 кенші қаза тапқан Костенко атындағы шахтадағы жарылыстарды тергеу аяқталуда. Шахтаның 9 лауазымды адамы күдікті ретінде танылып, қамауға алынды»,– делінген есепте.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «Костенко» кенішіндегі қайғылы оқиға үшін 19 адам жауапқа тартылатынын айтқан болатын. Министр апатқа қатысты жауапқа қарапайым қызметкерлер емес, лауазымды тұлғалардың тартылатынын мәлімдеді.
ТЖМ басшысының айтуынша, жауапқа инженерлік-техникалық қызмкетерлер тартылады.
«Олардың барлығы жауапты қызметтегі адамдар. Бұл адамдарға қатысты материалдар құзырлы органдарға берілді. Сол материалдар негізінде олар тергеу жүргізіп, сотқа жолдайды»,– деді министр.
Ал Костенко шахтасындағы апатқа жауапты адамдар тізіміне тоқталар болсақ, олар –АМТ-ның атқарушы директоры Яблонский, HR директоры Винокурова, Көмір департаментінің техникалық директоры Александр Белый мырза мен көмір департаментінің атқарушы директоры Огай және тағы басқалары бар.
Мұндағы Александр Белыйдың «Қазақстан» шахтасындағы апатқа да қатысы бар. Бұл жайлы Сырым Шәріпханов шахатадағы апатқа байланысты комиссия мүшелері өткізген брифингте айтқан болатын.
Қазақстан шахтасындағы апатқа кінәлі адамдар тізімінде Көмір департаментінің техникалық директоры Андрей Белыйдан бөлек, АМТ бас директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары – Мохан Винит, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ материалдық және техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушысы – Покле Шайлендра бар. Олардың жауапқа тартылған, тартылмағанынан Төтенше жағдайлар министрі бейхабар. Ал полиция әзірге нақты кімнің ұсталып, жауапқа тартылғаны туралы ақпарат берген жоқ.
Костенко шахтасындағы апат туралы
Еске сала кетсек, 28 қазанда «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды.
Бұл қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайыловтың өзі басқарды.
Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прокуратура тексеретінін мәлімдеді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.
Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Оның айтуынша, жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев.
Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.