Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісінде жәбірленуші Салтанат Нүкенованың туыстарының адвокаты Жанна Оразбақова Бишімбаев қорғаушыларының сөзін жоққа шығарды.
Жанна Оразбақова өзінің Instagram парақшасында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Назкен Құсайынова берген сұхбат туралы жазып, тергеу ісі жайлы жаңа мәліметтерді жария етті.
«Таза фактілерге келсек, күдіктіден (Бишімбаевтан – ред.) алты рет жауап алынды, бұл туралы іс материалдарындағы жауап алу хаттамаларында жазылған. Куәлік беру немесе бермеу-күдіктінің конституциялық құқығы. Сағат 21:40 шамасында мәйіт тексеріліп, сол кезде мәйіттің «ұзақ қатайғаны» белгілі болған. Сарапшылардың пікірінше, (Салтанаттың -ред.) өлімі туралы белгілі болғанға дейін кем дегенде 6-8 сағат бұрын қайтыс болған. Жедел жәрдемге қоңырау күдіктіден (Бишімбаевтан -ред.) емес, оның ағасынан, сағат 19.55 шамасында түскен. Демек, Салтанат ол кезге дейін өлі күйде жатқан. Мұны байқамау мүмкін емес», – деп жазды Жанна Оразбақова.
Ол Салтанаттың денесінде «бірнеше жерде және ауқымды жарақат» болғанын айтты.
«Салтанаттың денесінде көптеген жарақат бар, соның ішінде тұншықтыру іздері, мұрны сынған, терісі жыртылып көгерген», – дейді қорғаушы.
Жанна Оразбақова іс бойынша психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп, қылмыс кезінде Бишімбаевтың аффект жағдайында болмағанын жазады.
Бишімбаевтың адвокатының сұхбаты
Осыған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованың өлімін «жазатайым оқиға» деп санайтынын жазған едік. Бұл туралы оның адвокаты Назкен Құсайынова Elmedia YouTube-арнасына берген сұхбатында айтты.
Адвокат Салтанат Нүкенованың созылмалы субдуральды гематомамен бір ай бойы зардап шеккенін айтады. Ол туралы Бишімбаевтың өзі де, Нүкенованың өзі де білмеген болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Күдікті оның басында гематома пайда болғанын білмеді. Салтанат сау болған. Олар 8 қарашада кешкі тоғыздан бастап, бірге ұйықтағанға, яғни таңертеңге дейін сөйлескен. Бәрі жақсы болды. Олардың арасында кішкене жанжал болды. Төбелес болған жоқ. Бишімбаев бұл «жазатайым оқиға» дейді. Ол әлі күнге дейін Салтанаттың қайтыс болғанына сенбейді. Ол әлі күнге дейін қайғырып, жылап, өз-өзіне келе алмай жүр», — деп қорытындылады адвокат.
Ол тергеу барысы туралы ақпарат бере алмайтынын айтты. Алайда әлі күнге тергеушілердің Бишімбаевтан жауап алмағанын атап өткен.
Бишімбаев ісі
9 қарашада Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ер адамның қамалғаны, оның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев болуы мүмкін екені хабарланды.
10 қарашада экс-министрдің жұбайы Салтанат Нүкенова Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі «Bau» мейрамханасында қайтыс болғаны белгілі болды.
Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
13 қарашада Астана қалалық полиция департаменті Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Бишімбаев туралы не білеміз?
Айта кетейік, Бишімбаевты 2016 жылы Ұлттық экономика министрі қызметінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алып тастаған. Назарбаев Бишімбаевтың «бұрын «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны» туралы айтқан. 2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда, Қызылорда қаласында салынуы тиіс әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған.
Бишімбаев сотта барлық айыпты жоққа шығарып, бұл іске қатысты нақты дәлел жоқ екенін алға тартқан. Ол соттағы сөзінде «Назарбаевтың сенімді адамы» болып қала беретінін айтқан. 2018 жылдың наурызында сот экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айырған.
2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырды. Сол жылы қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» хабарлаған.