Lifestyle

Өзбекстан футболдан әлем чемпионатына шығуға бір табан жақын тұр

Өзбекстан әлем чемпионатына шығуға бір табан жақын тұр / фото: instagram uzbekistanfa

2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін футболдан әлем чемпионатына іріктеу аясында Өзбекстан құрамасы Иранға қарсы маңызды ұпай еншіледі. 25 наурыз күні өткен кездесуде көршілес елдің футболшылары Тегерандағы ойында екі рет алға шыққанымен, ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

Бұл нәтиже Иран құрамасына Азиядағы «А» тобы бойынша алғашқы болып Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алуға мүмкіндік берді. Алайда, дәл осы жолдаманы Өзбекстан құрамасы да ала жаздаған. Егер олар жеңіске жеткенде, Иранды кейінге ысырып, тарихи жетістікке бірінші жетер еді.

8 турдан кейін Өзбекстан құрамасы 17 ұпаймен «А» тобында екінші орында тұр. Команданы бұрынғы футболшы Тимур Кападзе жаттықтырып жатыр. Бірінші орында – 20 ұпаймен турнирдің фавориті Иран, ал үшінші орында – 13 ұпаймен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ).

Өзбекстан құрамасының келесі ойыны 5 маусым күні сырт алаңда БАӘ-ге қарсы өтеді. Егер өзбектер бұл кездесуде кем дегенде тең түссе, онда көршілер өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алады. Ал 10 маусым күні өз алаңында Қатарға қарсы ойын өткізеді. Қатар құрамасы кеше 25 наурыз күні Қырғызстан құрамасына жеңіліп, Әлем чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылып қалды.

Иран мен Жапония – алғашқы қатысушылар

Иран құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдаманы иеленген Азия құрлығының екінші құрамасы атанды. Оған дейін алғаш болып бұл жетістікке Жапония жетті. Екі алпауыттан кейінгі үміткер – дәл қазір Өзбекстан.

Өзбек футболы үшін бұл тарихи сәт болмақ. Себебі бұрын-соңды көрші елдің ұлттық құрамасы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатыспаған. Ал 5 маусымдағы ойын – елдің футбол тарихындағы ең маңызды матчтардың бірі болуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатына іріктеу ойындары аясында Лихтенштейнге қарсы ойын өткізіп, 2-0 есебімен жеңіске жеткен еді.