Lifestyle

1 мамырдан бастап кинотеатрларда «Желаяқ» анимациялық фильмі көрсетіледі

«Желаяқ» анимациялық фильмі көрерменге жол тартады / фото: «Қазақстан» телерадиокорпорациясы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 1 мамырдан бастап «Желаяқ» толықметражды анимациялық фильмін үлкен экранға ұсынады.

Фильмнің басты кейіпкері — ерекше қабілетке ие алты жасар бала Әлем. Шытырман оқиғалар мен қиял-ғажайып сәттерге толы бұл туындыда Әлем өзінің бойындағы ерекше күшінің арқасында қоғамды зұлымдықтан, түрлі қауіп-қатерден қорғайды. Бас кейіпкердің дауысын 12 жастағы дубляж актері Дидахмет Нұрбай дыбыстаған.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы соңғы жылдары анимациялық жобаларды тек телеарна эфирінен ғана емес, кинотеатрлар арқылы да көрерменге ұсынуды дәстүрге айналдырып келеді. Бұған дейін «Шоқан. Қашқарияға сапар» атты тарихи анимациялық фильм ұсынылса, ендігі кезек қазақ мифологиясындағы Желаяқ бейнесін заманауи сипатта бейнелейтін жаңа туындыға берілді.

«Біздің негізгі мақсатымыз – қазақ тіліндегі контенттің, соның ішінде балаларға арналған медиаөнімдердің таралу аясын кеңейту. Кинотеатрларға келетін бүлдіршіндерімізге сапалы әрі мазмұнды отандық туындыларды қолжетімді ету – басты міндетіміз. Бұл жоба арқылы балалардың өз ұлттық болмысына, мифологиялық мұрасына деген қызығушылығын арттырамыз деп сенеміз», – деді телерадиокорпорацияның басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

«Желаяқ» анимациялық фильмі 1 мамырдан бастап еліміздің 27 қаласындағы 77 кинотеатрда көрсетіледі. Көрсетілімнің алғашқы аптасында күніне 146 сеанс жоспарланған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда кинотеатрларға шығатын фильмдерге сүзгі қажет екенін айтқан еді.