Lifestyle

«Қайрат» – «Пальма»: футзалдан чемпиондар лигасының финалын қайдан көруге болады

Қайрат – Пальма: Футзалдан чемпиондар лигасының финалы / фото: архив kursiv.media

Бүгін, 4 мамыр күні, Францияның Ле-Ман қаласында футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының финалдық кездесуі өтеді. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл тарихи сәт болғалы тұр. Алматылық «Қайрат» командасы финалда испаниялық «Пальма» клубымен күш сынасады. Ойын Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Тікелей эфирде кездесуді Qazsport арнасы көрсетеді.

Жартылай финалдағы жеңіс

«Қайрат» жартылай финалда Испанияның «Картахена» клубын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, жанкүйерлерін қуантқан еді. Бұл жеңіс қазақстандық футзал тарихындағы айтулы оқиғаға айналды. Айта кетейік, бұл – «Қайраттың» Чемпиондар лигасының финалына алғаш шығуы емес, 2013 және 2015 жылдары «Қайрат» Чемпион атанған еді.

Ал финалдағы қарсылас – испаниялық «Пальма» командасы жартылай финалда Португалияның әйгілі «Спортинг» клубын сенімді түрде – 3:0 есебімен ұтқан.

Үшінші орын үшін матч

Финалдан бөлек, сағат 20:00-де үшінші орын үшін матч өтеді. Онда жартылай финалда жеңілген екі команда – «Картахена» мен «Спортинг» өзара кездеседі. Бұл матчты да Qazsport арнасы тікелей эфирде ұсынады.