
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Париждегі Лувр мұражайынан ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып алып, оларды қайырымдылық ретінде қайта табыстауға дайын екенін айтты. Бұл туралы өзінің Х (бұрынғы Twitter) парақшасында жазды.
«Ұрланған әшекейлерді қуана-қуана сатып алып, оларды Луврға қайта сыйлар едім. Абу-Дабидегі Луврды айтамын. Себебі Абу-Даби Луврында ешкім ештеңе ұрламайды», — деп жазды миллиардер.
Бұған дейін Дуров Луврдағы ұрлыққа қатысты пікір білдіріп, бұл оқиғаны «Францияның құлдырауының тағы бір белгісі» деп атаған болатын.
Еске сала кетсек, 19 қазан күні бетперде киген төрт адам Лувр мұражайына кіріп, француз патшайымдарына тиесілі сегіз зергерлік бұйымды ұрлап кеткен.