Жаңалықтар

Елге заңсыз жолмен әкелінген смартфондар бұғатталады – вице-министр

Қазақстандықтар құрылғыларын арнайы сервис арқылы заңдастыра алады / Фото: kursiv.media архиві

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ростислав Коняшкин елге заңсыз әкелінген кейбір смартфондар бұғатталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

«Егер ел аумағына заңсыз жолмен әкелінген смартфондар туралы айтатын болсақ, иә, олардың кейбірі расында бұғатталуы мүмкін», – деді Коняшкин мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына.

Вице-министрдің айтуынша, шетелден, мысалы, Дубайдан смартфон сатып алған қазақстандықтар құрылғыларын арнайы сервис арқылы заңдастыра алады. Ол үшін тиісті мәлімет пен басқа елден кіргенін растайтын құжатты жіберу керек.

Қымбат смартфоны бұғатталып, «кірпіш» телефонға айналса не істеуі керек деген сұраққа вице-министр нақты жауап бере алмады. Дегенмен министрлік бұған дейін құрылғыны сатып алмас бұрын оның заңды немесе заңсыз әкелінгенін тексеру қажет екенін ескерткенін еске салды.

«Біздің министрлік жуырда смартфонды сатып аларда оны тексеру туралы түсініктеме берген болатын. Қосымша ақпаратты жолдай аламыз», – деді ол.

Телефондарды тіркеуден түскен ақшаны неге жеке компания жинап жатқаны жайлы қойылған сұраққа да вице-министр нақты жауап бермеді.

Айта кетейік қазір Қазақстанға әкелінген смартфондардың IMEI-кодын тіркеу процесі қарқынды жүріп жатыр.

3 млн 750 мың смартфон заңсыз кірген

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 5 миллионға жуық смартфон сатылған, оның 75%-ға жуығы заңсыз жолмен әкелінген. Сарапшылардың бағалауынша, тек бір ғана бренд бойынша мемлекет 70-80 млрд теңге көлемінде салықты толық ала алмаған.