
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы қарала бастады. Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова қорғап жатыр.
Әбілқасымованың айтуынша, жаңа заңның құрылымы түбегейлі жаңартылған: қолданыстағы нормалар қайта қаралып, артықтары алынып тасталған. Құжатта корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлем қабілеттілігі төмен банктерді реттеу сияқты жаңа бөлімдер енгізілген.
Заң жобасы 9 бөлімнен, 23 тараудан және 135 баптан тұрады. Ілеспе заң жобасында 7 кодекске және 35 заңға түзетулер енгізіледі.
«Заң жобаларында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты ретінде Қазақстан Республикасының банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету айқындалған», – дейді ол.
Әбілқасымованың сөзінше, жаңа заңда банк қызметін реттеудің мынадай міндеттері көзделген:
- Банк жүйесінің жұмыс істеуі үшін құқықтық негіздерді белгілеу;
- Банк қызметіне қатысты реттеу, бақылау және қадағалау;
- Депозиторлардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;
- Банктік қызметтер нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге ықпал ету;
- Қаржылық сауаттылық деңгейін және халық үшін банк қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету.
Осы заң жобасы арқылы банк қызметін тепе-тең реттеуді енгізу көзделген. Бұл – шоғырлануды төмендетіп, нарықтағы бәсекелестікті арттыру мақсатында базалық және әмбебап лицензиялар жүйесін енгізу.
«Базалық лицензия әмбебап лицензиядан рұқсат етілген операциялар көлемі мен реттеушілік талаптар деңгейі бойынша ерекшеленеді. Базалық банктік лицензиясы бар банктер үшін Заң жобасында активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең аз мөлшеріне шектеулер белгіленеді. Бұл ретте нақты шекті мәндер заңға тәуелді актілерде айқындалады. Қазіргі кезеңде активтердің мөлшерін 500 млрд теңгеге дейін және капиталдың ең аз мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін шектеу жоспарлануда», – дейді ол.
Базалық лицензиясы бар банктерді қадағалау және оларға қойылатын пруденциялық талаптар жеңілдетіледі. Жыл сайын жасалатын қадағалап бағалау процесі жеңілдетілген түрде қолданылады, инспекциялар жүргізу кезеңділігі және берілетін есептілік қысқартылады.