Жаңалықтар

Бір жылда жеті кеншісі қайтыс болған «Қазақмыс» үздік кәсіпорын атанды

Нұрахмет Нұриев Тоқаев Қазақмыс
Тоқаев «Қазақмысты» үздік кәсіпорын ретінде марапаттады / фото: Ақордадан

Астанада «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Үздіктерге Тоқаев арнайы сыйлық табыстады.

«Парыз» сыйлығы Солтүстік Қазақстан облысының «Ақ-Ниет-Агро» ЖШС-ға табысталды. Ал ірі бизнес өкілдері ішінен Ұлытау облысындағы «Қазақмыс» корпорациясы лайық деп танылды.

«Алтын сапа» сыйлығына «Үздік индустриалдық жоба» аталымы бойынша «Karlskrona LC AB»(Шымкент қаласы), «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «AG TECH»(Астана қаласы) компаниялары ие болды.

«Ақ-Ниет-Агро» дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсірумен айналысады.

Ал «Қазақмыс» – елдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Осы жылы ақпанда компанияға тиесілі  «Жомарт» кенішіне тау массасы құлап, жеті адам қайтыс болған. Компания қауіпсіздікке байланысты мәселелер болғанын мойындап, жұмысын уақытша тоқтатқан еді.