
2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша iPhone 16 әлемдегі ең көп сатылған смартфон атанды. Үздік ондықтың ішінде Apple мен Samsung-тың үлесі тең – әрқайсысы бес модельден кірді. Бұл он модель үш ай ішінде әлемдік смартфон сатылымының 20%-ын құраған.
Бұған қоса, тарихта алғаш рет рейтингтің алғашқы бес орнын 5G технологиясын қолдайтын смартфондар иеленді. Бұл – 5G-дің жаһандық тұтынушылар үшін стандартқа айналып, аса маңызды технология ретінде қалыптасқанын білдіреді.
iPhone 16-ға сұраныс жоғары
Үшінші тоқсанда көшбасшы атанған iPhone 16 жалпы сатылымның 4%-ын иеленді. Бұл көрсеткішке Үндістандағы мерекелік акциялар кезіндегі сатылымның күрт өсуі мен Жапония нарығындағы сұраныстың қайта жандана бастауы ықпал етті. Сонымен қатар, бұл жағдай iPhone 17 модельдерінің шығуына байланысты iPhone 16 смартфондарына деген сұраныстың маусымдық төмендеуін біршама бәсеңдетуге көмектесті.
Ал iPhone 16 Pro мен iPhone 16 Pro Max флагмандық модельдерінің сатылымы айтарлықтай азайған. Себебі АҚШ, Ұлыбритания және Қытай сияқты негізгі нарықтардағы тұтынушылар жаңа буын модельдеріне көшті.
iPhone 17 Pro Max тоқсан соңына дейін шектеулі қолжетімділікке қарамастан, рейтингтің оныншы орнына тұрақтады. Сонымен бірге, дәл осы смартфон 2025 жылдың қыркүйек айында ең көп сатылған құрылғы болды. Бұған пандемия кезінде сатып алынған құрылғылардың жаңартылу кезеңі әсер етті.
Ең көп сатылған Samsung моделдері
Рейтингтің бес бірдей орнын Samsung компаниясының смартфондары иеленді. Олардың барлығы Galaxy A сериясына жататын модельдер. Бұл құрылғылардың үздік ондықтағы үлесі өткен жылмен салыстырғанда артқан. A-сериялы смартфондар сату көлемі жағынан ұқсас нәтижелер көрсетіп, әртүрлі тұтынушылар сегментін тиімді қамтып отыр. Мәселен, Galaxy A16 5G – тоқсан ішіндегі ең көп сатылған Android-смартфон атанды. Ол алдыңғы буын үлгісінен озып, 4G-нұсқасын да артта қалдырды. Орташа баға санатындағы Galaxy A36 және Galaxy A56 үлгілері де өз алдындағы модельдермен салыстырғанда жоғары сату көрсеткішіне жетті. Бұған жасанды интеллект негізіндегі функциялардың енгізілуі оң әсер етті.
Топ-10 тізіміндегі LTE-ді қолдайтын жалғыз смартфондар – Galaxy A16 4G және Galaxy A06. Бұл модельдер Латын Америкасы, Таяу Шығыс пен Африка сияқты дамушы нарықтарда әлі де сұранысқа ие. Сарапшылар орташа баға сегментіндегі смартфондар сатылым бойынша алдыңғы орындарын сақтап қалады деп болжайды. Оған жасанды интеллект функцияларының енгізілуі де әсер етпек.
Еске салайық, 2026 жылдың көктемінде Apple компаниясы iPhone 17e моделін таныстырмақ. Бұл смартфонды iPhone 16e-нің ізбасары деуге болады. Дегенмен жаңартылған дизайны мен бұрын «бюджеттік» үлгілерде болмаған бірқатар функциялармен ерекшеленеді.