
Жуырда Ara Media арнасы шығарылымдарының бірінде Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев туралы қызық жайт ақтарды. Қазақстанда мал сырғасын, ветеринарияға қажетті басқа да жабдықтарды шығаратын бірден-бір кәсіпорын Кузиевке тиесілі екен. Ал монополист депутаттың қызы жақында құрылған «Әділет» партиясының мүшесі болып шықты. Kursiv.Media осы жайтты, жаңа партия мүшелері жайлы толығырақ анықтап көрді.
Замира Кузиева басқаратын орталық «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» жауапкерлігі шектеулі серіктестік деп аталады. Кәсіпорын бақылау-индикаторлық пломбалар, жануарларды сәйкестендіруге арналған құлақ сырғалары, сондай-ақ қорап үлгісіндегі полипропилен қаптарға арналған бекіту-пломбалау құрылғыларын өндіруге маманданған. Сайтында жазылғандай, ЖШС ветеринариялық бұйымдар мен атрибуттар шығаратын ТМД аумағындағы жалғыз өндіруші саналады екен.
Adata-дан тексерсек, кәсіпорын құрылтайшысы ретінде Зәкіржан Кузиев көрсетілген. 2015 жылдан бері бюджетке 2,3 млрд теңге салық төлеген. Осы уақытқа дейін 450 рет мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Келісімшарттың жалпы құны – 1,3 млрд теңге.

Мал сырғасын шығаратын кәсіпорынға тапсырыс берушілердің қатарында Алматы, Түркістан облысы ветеринария басқармасы, «Қазпошта», «Эйр Астана» және ҚТЖ тәрізді ірі компаниялар да бар.
Зәкіржан Кузиевтің бұдан бөлек бірнеше кәсіпорыны бар. Бірақ бізді бұл жолы оның өзі емес, қызы Замира Кузиева қызықтырады. Ол – жақында құрылған «Әділет» партиясының мүшесі. Әкесіне тиесілі «Бірыңғай шоғырландыру орталығының» директоры атанған, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның құрамына да енді. Жаңа Конституцияны насихаттау жұмысына белсенді араласып, кездесулер ұйымдастырған. Тек ол ғана емес, 30 жастағы Замира Түркістан облысындағы «Шардара Агро» атты жеке кәсіпорынды басқарады.
«Шардара Агро» сервистік-дайындау орталығы – Түркістан облысы Шардара ауданында орналасқан ауыл шаруашылығы саласында қызмет көрсететін кәсіпорын. Осы уақытқа дейін бюджетке тек 10 млн теңге салық төлеген.
Замира Кузиева соңғы жылы белсенді түрде кәсіпкер, бизнес өкілі ретінде танылуға тырысады. Алғаш рет ол қалың көпшілік алдына 2023 жылы шыққан еді. Сол кезде Тоқаевтың бизнесмендермен кездесуінде Замира жалғыз әйел кәсіпкер ретінде тұрған.

Бизнестен саясатқа келгендер
«Әділет» партиясындағы кәсіпкер жалғыз Кузиева ғана емес. Соңғы жылы нарықта салмағын күшейткен, елдегі ең маңызды ресурс Qarmet металлургиялық комбинатының иесі Андрей Лаврентьев те бар. Былтыр ол алғаш рет Forbes Kazakhstan-ның ең бай 75 кәсіпкер тізіміне енді. Дәулеті – 840 млн доллар.
Тағы бір бизнес өкілі – Айғазы Құсайынов. Оның білім беру саласында да, тау-кен өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы саласында кәсібі бар. Жеке парақшасында білім жобаларын жиі жарнамалайды. Құсайыновқа Алматыдағы ҚазБСҚА және ҚАУ оқу орындары тиесілі.
«Әділеттің» кей мүшелері бұрын мүлде саясатта болмаған, Кузиева тәрізді саяси науқандарға қатыспаған. Осы партия арқылы саяси сахнаға алғаш рет қадам басып отыр. Соның бірі – Ренат Бектұров. Қаржы саласында 18 жылдан астам тәжірбиесі бар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры. Бұрын Ұлттық Банкте, Даму Банкте жұмыс істеген қаржыгер саясатқа бет бұрып, жаңа партия мүшесі атануды жөн көрген екен.
Осы саладағы тағы бір кейіпкер – Тауман Мұхамедқали. Ол жайлы ашық деректе мәлімет өте аз. Ренат Бектұров тәрізді «Астана» халықаралық қаржы орталығында, Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясында жұмыс істеген. Бірақ биыл қаңтарда кенеттен медиа саласына ауысып, UNI-Q Group медиахолдингінің бас директоры болды. Бұл компания онлайн кинотеатр құрып, дубляж жасау, контент өндірумен айналысады.

«Аманаттан» ауысқандар
Бастамашыл топтағы 16 адамның тағы бір тобы «Аманат» партиясынан ауысып келгендер екен.
Лаура Қарабасова – Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы жергілікті университеттің ректоры. 2023 жылы «Аманат» партиясы атынан мәжіліс депутаттығына кандидат болған, кейін тіпті партиядағы белсенділігі үшін марапатталған. Үш жыл өткеннен кейін, «Әділет» қатарына қосылды.
Атабаева Гүлзира – қазір «Ұмай» әлеуметтік жобалар қорының директоры, бұған дейін Павлодарда «Аманат» партиясының депутаты болған, бастамашыл топтың мүшесі.
Аят Сүгірбай – Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты. «Аманат» құрамында емес, бірақ бір жылдары Nur Otan партиясының құрамында болған. Конституция реформасы кезінде белсенді түрде насихаттағандардың бірі.
Динара Зәкиева – бала құқықтары жөніндегі уәкіл. Елдегі бала мен жасөспірімдерге қатысты оқыс жағдай тіркелсе, Зәкиева бірінші болып аталады. 2021-2023 жылдар аралығында «Аманат» партиясы атынан мәжіліс депутаты болған.
«Әділет» партиясының құрамындағы бұл топ бұрын мемлекеттік саясатқа үгіт-насихат жүргізген, Конституциялық реформаны да қолдаған. Бірақ «Аманат» партиясынан кетіп, жаңа партия құрамына неге кіргендері белгісіз.
Партияның медиа бейнесі
Келесі бір топ та «Әділет» арқылы саясатқа қадам басып жатыр. Бұрын саяси аренада белсенді көзге түспеген, бірақ көпшілікке өз саласы арқылы жақсы таныс.
Рауан Кенженханұлы – «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті, Bilim Group компаниясы президенті. Атап өтетін дүние, 2023 жылы Рауан Кенженхан Тоқаевпен кездескен. Сол кезде президент өз атынан QAZAQ TILI Endowment қорына 7 млн теңге жарна аударған еді.
Ләззат Шыңғысбаева – «Қазақстан халқы» қоғамдық қорының басшысы. Бұл қызметке былтыр қыста Болат Жәмішовтың орнына тағайындалған еді. Осы жылы сәуірде Тоқаевпен кездесіп, қор жұмысы жайлы есеп берген. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Нұрбек Мәтжани – «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы. Сарапшы, журналист ретінде мемлекеттік телеарналарға жиі шығады. Оның әріптесі Ирина Тен де танымал журналист. «Таңшолпан» телеарнасының жүргізушісі, «Қазақстан» ұлттық арнасының бет-бейнесі деп есептеледі.
Саясаттанушы Марат Шибұтов та телеарналардан жиі көрінеді, танымал ютуб арналардың қонағы.
Қарлығаш Жаманқұлова «Әділ сөз» қорын басқарады. Журналистер, БАҚ өкілдерінің құқығын қорғауы керек ұйым басшылыққа Жаманқұлова келгелі бері саясатын күрт өзгертті. Ол елдегі мемлекеттік саясатқа түбегейлі қолдау білдіріп, Конституциялық кеңестің құрамына кірді. Жаңа конституциялық нормалар сөз бостандығын нығайтып, цензураға тікелей тыйым салуды бекітеді деп, белсенді түрде Ата Заңдағы өзгерістерді насихаттаған еді.
Еске салайық, 15 сәуірде құрылтай сайлауы қарсаңында бастамашыл топ жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген. «Әділет» деп аталатын саяси ұйым Әділетті Қазақстан құндылықтарын қорғауды көздейді. Партия ресми тіркелу процедураларын бастап кетті. Елдегі құрылтай сайлауы тамызда өтуі керек.