
Қазақстандық футзалдың жарық жұлдыздары, АФК «Қайраттың» қос тірегі Біржан Оразов пен Дәурен Тұрсағұлов маусым соңында клубтан кететіндерін ресми түрде жариялады. Көп жыл бойы алматылық ұжымның намысын қорғаған ойыншылар бұл шешімдерін әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды.
«Қайрат» футзал клубында 8 жыл бойы тер төккен Біржан Оразов бұл жаңалықты жанкүйерлеріне өзі жеткізуді жөн көрген. Оның айтуынша, ақпараттың алдын ала тарап кетуіне байланысты мәлімдеме жасауға тура келген.
«Бұл – менің жеке шешімім. Өзіме жаңа белес, жаңа сынақ қоюды жөн көрдім. Осы жылдар ішінде бірге еңбек еткен барлық жаттықтырушыға, клуб басшылығына және жанкүйерге алғысым шексіз», – деді Біржан.
Ол «Қайратпен» маусымды соңына дейін бірге аяқтап, кейін жаңа команда сапында бақ сынайтынын айтты.
Дәурен Тұрсағұлов: «8 жыл – бұл менің өмірім»
Клубтың тағы бір көшбасшысы Дәурен Тұрсағұлов үшін «Қайратта» өткен сегіз жыл үлкен өмір мектебі болған.
«8 жыл… бұл жай ғана уақыт емес. Бұл менің өмірімнің маңызды бір кезеңі, қалыптасу жолым. Бұл клуб әрдайым жүрегімде ерекше орын алады. Енді жаңа мақсаттарға қадам басуға дайынмын», – деп жазды Дәурен.
Футзал жанкүйерлері бұл шешімді «бір дәуірдің аяқталуы» деп бағалап жатыр. Оразов пен Тұрсағұловтың кетуі «Қайрат» үшін үлкен шығын болғанымен, көпшілік олардың еуропалық топ-клубтарда бақ сынауы мүмкін екенін айтып, сәттілік тілеп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде футзал ойындарының трансляциясы тоқтатылып, федерация 100 млн теңгеге қарызға батқанын жазған едік.