Жаңалықтар

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Қазақстан экономикасының ұтар тұсы қандай

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әлемдік экономикаға үлкен салмақ салып отыр. Дегенмен Қазақстан экономикасы бұл жағдайдан пайда таба алады.

Халықаралық валюта қоры сарапшыларының пайымдауынша, дайын өнім бағасының өсуі Қазақстан үшін қосымша табыс көзіне айналып, сыртқы соққыларға қарсы тұруға септігін тигізбек. Алайда геосаяси ахуал инфляция деңгейіне де өз ізін қалдырмай қоймайды.

Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан шикізат тауарының қымбаттауы 2026 жылы инфляцияның төмендеу қарқынын сәл тежейді.

Орталық және Шығыс Еуропа өңірі бойынша орташа инфляция көрсеткіші 2025 жылғы 8,5%-дан 2026 жылдың соңына қарай 8,1%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.

Экономикалық өсім: болжамдар не дейді?

ХВҚ сарапшылары Кавказ бен Орталық Азия елдері үшін 2026 және 2027 жылдарға арналған экономикалық өсім болжамын өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда сәл жоғарылатты.

Бұл аймақ экономикасының сыртқы соққыға қарсы тұру қабілетінің жоғары екенін көрсетеді. 2025 жылғы 6 пайыздық белсенді өсімнен кейін, алдағы екі жылда көрсеткіш 5 пайыздан сәл төмен қалыптасуы ықтимал.

Мамандар бұл процесті экономиканың «қызып кетуінен» сақтайтын және қалыпты арнаға түсетін табиғи процесс ретінде бағалайды. Оған қоса, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың алғашқы толқынымен келген капитал мен көші-қон ағынының бәсеңдеуі де өсім қарқынына әсер етеді.

Экономикалық өсімнің бірқалыпты баяулауы бағаның өсу қарқынын, яғни инфляцияны тізгіндеуге жақсы мүмкіндік береді. Дегенмен Таяу Шығыстағы соғыс өртін тудырған жанама әсерлер өңір үшін негізгі қауіп болып қала бермек.

Ең бірінші кезекте, мұнай мен газ бағасының құбылмалылығы Қазақстан сияқты энергия тасымалдаушы елдердің бюджетіне тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар халықаралық тасымал жолдары мен логистикалық тізбектердің бұзылуы тауар айналымына қысым түсіруі мүмкін.

Тұрақтылықты сақтап қалудың жолы қандай

ХВҚ сарапшылары Қазақстан мен көршілес елдерге экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу үшін бірқатар маңызды кеңес береді. Біріншіден, қатаң қаржы саясаты пен банктік бақылауды босаңсытпау қажет.

Екіншіден, экономиканы тек қана шикізатқа (мұнай мен газға) тәуелділіктен арылтып, жеке сектордың тынысын ашу маңызды. Сонымен қатар Орталық банктер сыртқы соққы кезінде теңге бағамының еркін құбылуына мүмкіндік беріп, оны нарықтық «қалқан» ретінде пайдалануға тиіс.

Десе де, АҚШ пен Иран соғысты тоқтату туралы келісімге жақындады. Екі ел Парсы шығанағындағы қақтығысты доғару үшін арнайы құжатқа қол қоюды жоспарлап отыр.