
Шығыс Қазақстан облысында 15 мамырдан бастап сел қаупі бар кезең басталады, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомство өңірдегі Алтай, Зайсан, Катонқарағай аудандарында, сондай-ақ, Риддер маңында орналасқан 13 өзен алабы сел қаупін тудыратынын атап өтті.
«Өңірде 144 мореналық көл селдің пайда болуының 13 ошағын қалыптастырады, олар 11 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Сел көріністері тек ұзаққа созылған нөсер жауын-шашыннан кейін, қатты жер сілкінісі кезінде ғана мүмкін болады», – деп нақтылады ТЖД.
Шығыс Қазақстан облыында көшкін қаупі бар тоғыз учаске бар. Олар Громотуха, Уба, Черновая, Хамир, Бұқтырма және Кендірлік өзендерінің алаптарында орналасқан. Бұл учаскелер Алтай, Катонқарағай, Зайсан аудандарында және Риддер маңында орналасқан.
«15 мамырдан бастап сел қаупі бар кезеңнің басталуына байланысты облыс бойынша маусымдық сипаттағы тоғыз гидробекет ашылды, сондай-ақ Катонқарағай ауданының Сарымсақты өзенінде жыл бойы жұмыс істейтін бір гидробекет жұмыс істейді. Күн сайын тәулігіне үш рет барлық гидробекеттерден сел қаупі бар учаскелердегі гидрометеорологиялық өзгерістер туралы ақпарат беріліп тұрады», – деп толықтырды ведомство.
Бүгінгі таңда мамандар облыстың барлық сел қаупі бар учаскелерінде жерүсті визуалды тексеру жүргізді. Сөз Катонқарағай, Зайсан аудандары, Алтай ауданы және Риддер маңы туралы болып отыр. Бұдан бөлек, сел және көшкін қаупі бар учаскелерде ескерту және тыйым салу қалқандары мен белгілері орнатылды.
«Осы кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өндіістік-пайдалану бөлімдерінде авариялық бригадалар құрылды, сел және көшкін қаупі бар учаскелердің паспорттарына жыл сайынғы түзету жүргізілді, елді мекендер, кәсіпорындар, тұрғын кварталдары, инженерлік құрылыстар мен коммуникациялар бойынша мәліметтер жаңартылды», – деп хабарлады құтқарушылар.
ШҚО ТЖД және «Қазселден қорғау» мекемесінің Шығыс Қазақстан филиалы сел ағынынан тек алдын ала қашып қана құтылуға болатынын еске салды. Осыған байланысты тұрғындар мен туристерге сел және көшкін қаупі бар учаскелер орналасқан аймақтарда тауға шығудан бас тарту ұсынылады.
Туристерге, сондай-ақ, өңірдегі көшкіндердің шекараларымен алдын ала танысып алуға кеңес беріледі. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласу қажет.