
Қарағанды облысында құны 42,5 млрд теңге болатын фармацевтикалық зауыт салынады. Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арнайы келісімді мақұлдады.
Жоба аясында 74 түрлі препарат шығармақшы. Оның ішінде онкология, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттар да бар.
Кәсіпорын тек әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған препараттарды шығарып қоймай, әлемдік стандартқа сай фармацевтикалық ингредиенттерді (БФИ) синтездеуді жоспарлап отыр. Бұл өндіріс Қарағанды өңірінде 70 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, отандық фармацевтика секторы соңғы жылдары жақсы дамып келеді. 2024 жылмен салыстырғанда 8,7% өсіп, 191,1 млрд теңгеге жетті. Бір жылда 91,3 млн доллардан 142,8 млн долларға дейін ұлғайды. 2025 жылдың соңынан бері жасалған 360 млрд теңгелік келісімдер аясында 474 дәрі түрі шығарылып, 1170-тен астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Осы жылы қыста Польшаның ең бай миллиардері Ежи Старак «Химфарм» компаниясы арқылы Қазақстанның фармацевтика саласына 39,5 млрд теңге жеке инвестиция салмақшы екенін жазғанбыз. Осы инвестициядан кейін Шымкентте де дәрі-дәрмек өндіретін тағы бір жаңа зауыт салынбақшы.