Экономика

Санкция қысқан «Росатом» Балқаштағы АЭС-ті қаржыландыра ала ма

Балқаштағы АЭС орны / фото: gemini AI жасалған

Ресейлік «Росатом» атом энергетикалық холдингі қаржылық қиындықтарды бастан өткеруде, сол себепті Балқаш көлінің жағасындағы Қазақстанның алғашқы АЭС құрылысын бастауға қосымша уақыт сұрап отыр. Станция салынатын орынды Қазақстан билігі жан-жақты зерттеуден кейін таңдаған болатын.

Дегенмен, еске сала кетейік, жақында Мәскеуде өткен кездесуде «Росатом» басшысы Алексей Лихачев Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиевке ресейлік компанияға уақыт керектігін жеткізді. Оның айтуынша, барлық қажетті есепті дайындау және нақты осы жердің табиғи, геологиялық әрі климаттық жағдайларын ескере отырып жобаны іске асыру үшін құрылыс алаңын кем дегенде бір жыл бақылау қажет. Ресейдің Украинаға негізсіз басып кіруіне байланысты салынған Батыс санкциялары «Росатомның» жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қатты шектеп тастады.

Қаржыландыру және келісімшарт мәселесі

Қазақстан «Росатоммен» Балқашта АЭС салу туралы келісімшартты 2025 жылы бекіткен еді. Сәуір айында қос мемлекет алдын ала келісімге келді: оған сәйкес, құны шамамен 15 млрд доллар болатын жобаны қаржыландырудың 85 пайызын Ресей өз мойнына алмақ. Алайда келісім әлі толық рәсімделмеді.

Ядролық отынды бақылау мәселесі

Мәскеудегі келіссөздер кезінде Сәтқалиев Лихачевтан ядролық отын циклін Қазақстанда оқшаулау (өзімізде өндіру) мәселесін шешуді табанды түрде талап етті. Әдетте «Росатом» өзі салған АЭС-тердің жұмысында тұрақты басқарушы рөлді сақтап қалады және ядролық отынды жеткізуге де өзі жауапты болады. Бірақ өзінің бай уран қоры бар Қазақстан Балқаш АЭС-інің ядролық отын циклін толық өз бақылауына алуды көздеп отыр. Ресейлік «Атомная энергия» ақпарат агенттігі таратқан мәліметте Лихачевтің мына сөзі келтірілген: «Біз барлық мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік. Мемлекеттеріміздің мүддесі мен қарым-қатынасымыздың стратегиялық сипатына толық сәйкес келетін негізгі тәсілдер әзірленді».

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға 27-29 мамыр күндері Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келеді. Сарапшылар осы кездесуде АЭС мәселесі қаралады деп күтіп отып.