Жаңалықтар

«Orda алдап кетті»: Showtime Алматыда жекпе-жек өткізбейтін болды

ММА жұлдызы Энтони Петтис немесе Showtime
ММА жұлдызы Қазақстанға келгенімен, жекпе-жек өткізбейді / фото: Instagram/showtimepettis

Бүкіл әлемге Showtime лақап атымен танымал америкалық файтер Энтони Петтис Алматы қаласында жекпе-жек өткізбейтін болды. Әйгілі америкалық танымал файтер промоушен уәдесінде тұрмағанын мәлімдеді.

Лақтырып кетті

ММА жұлдызы Showtime 6 маусымда Алматы Аренада жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Ол қазақ ардагер спортшысы Әділ Боранбаевпен кездесуі керек еді. Шоуды жаңадан құрылған Orda Global Fights ұйымдастырып жатқан.

Алайда шоу қарсаңында Энтони оған қатыспайтынын мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, промоушеннің келісім шарттарын орындамауына байланысты, мен жекпе-жекке шықпаймын. Жағдай осылай өрбігеніне қатты өкіндім. Енді бұл промоутермен жұмыс істемеймін», – деді Showtime. Оның мәлімдемесі әлеуметтік желілерде жарияланды.

Файтер қазақстандық промоушенді «алдап кетті» дейді.

«Менің ойымша, ORDA қаржы шарттары мен жауапкершілікті, аралас жекпе-жек спортын кәсіби тұрғыда ұйымдастыруды білмейді. Олардың шешімі менің командамды 800 мың доллардан астам қаражатқа шығынға батырды», – дейді Энтони Петтис.

Әділден кешірім сұрады

Дегенмен ол жылы қабылдаған Қазақстанға алғыс айтып, Әділден кешірім сұрады.

«Әсіресе Әділден кешірім сұрағым келеді. Оны қатты құрметтеймін, оның Отанында жекпе-жекке шығу мүмкіндігін асыға күттім», – деп жазды файтер.

Ол жергілікті жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстанға болашақта тағы келуі мүмкін екенін айтты.

Шоу өтпейді

Алматыдағы айтулы оқиғаның басты жұлдығы оған қатысудан бас тартқан соң, Orda Global Fights бүкіл ивентті өткізу мағынасыз деп тауып, шараны ресми түрде тоқтатты. Тикетонда сатылған билеттер қайтарылады.

Көпшілік сыны үдеп бара жатқанына қарамастан, промоушен қаржы қиыншылығы немесе келісімшарт міндеттемелері туралы ештеңе айтпай отыр.

Естеріңізге сала кетейік, мамырдың аяғында Showtime әлеуметтік желілерде қазақша жазып, Алматыда дәмді ет жейтін орын іздеген.