Жаңалықтар

Банктер енді бизнеске көбірек несие бере бастайды

Банктер енді бизнеске көбірек несие бере бастайды/ Фото: shutterstock

Соңғы жылдары халықтың несие алу көрсеткіші жылына 30%-ға дейін шарықтап кеткен. Жағдайды бақылауға алған құзырлы органдар банктердің «тәбетін тыюға» көшті. Несие мерзімін қысқарту және жаңа салықтар банктерді халықтан гөрі бизнеске көбірек ақша бөлуге мәжбүрлеп жатыр.

Мәжіліс кулуарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов халықтың несие алуына шектеу енгізу, банктерді бизнеске көбірек несие бөлуге ынталандыру шаралары туралы айтып өтті.

«Былтыр тұтынушылық несиелендірудің шамадан тыс өсуін шектеуге арналған бірқатар шара қабылдадық. Яғни, біз халыққа берілетін несиелерге қатысты капиталдың жеткіліктілігіне байланысты салалық шектеу енгіздік. Сондай-ақ несие мерзіміне қатысты қосымша талап қойдық, – деді ол.

Сүлейменов бұрын тұтынушылық несиені жеті-тоғыз жылға дейін беруге болатынын еске салып, бұған шектеу қойғанын айтып өтті.

Сонымен қатар ол бантерге салынатын салық артқанын айтып өтті.

«Банктер үшін халыққа берілетін несиелерге жиырма бес пайыздық корпоративтік табыс салығы қолданылады. Ал бизнеске берілетін несиелер бойынша 20 пайыз мөлшерлеме деңгейінде сақталады. Осылайша, банктерде халыққа қарағанда, бизнеске көбірек несие беруге деген талап пен ынта пайда болды. Бұл шаралардың біразы қазірдің өзінде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Яғни, тұтынушылық несиелердің өсуі баяулады, ал бизнеске берілетін несиелер он сегіз пайыз деңгейінде өсуін жалғастырып келеді», – деді ол.

Айта кетейік, несие алушылардың санаттары бойынша бөліністе халыққа берілген қарыздар көш бастап тұр. Қазақстандықтар алған қарыздарының басым көпшілігін күнкөріске жұмсайды.