
Әлеуметтік желіде мұқабасына бейәдеп сөздерді меңзейтін аббревиатуралар мен астарлы сөздер жазылған мектеп дәптерлері қызу талқыға түсті. Қолданушылар пікірі қақ жарылса, кеңсе өнімдерін сататын дүкен сұраныс жоғары екенін айтады.
Желіде тараған фотосуреттерден «СГЛ» (Сен грантқа лайықсың), «ШШС» (шыда, шырағым, сынақ қой) және «ЗБ» (Зайырлы білім) сияқты аббревиатуралары бар дәптерлерді көруге болады.
Осы жайтқа байланысты Kursiv Media «Qazaq Brand» канцеляриялық тауарлар дүкеніне хабарласып көрді. Дүкен өкілдерінің айтуынша аталған дәптерлер расымен де сатылымда бар. Дәптердің бағасы – 115 теңге.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды
Threads әлеуметтік желісінде тақырып үлкен қызушылық пен пікірталас тудырды. Оқырмандардың реакциясы әртүрлі:
Көпшілік мұндай өнімдер мектеп оқушыларының тәрбиесіне кері әсер ететінін айтып, бұған тыйым салуды талап етіп отыр.
«Мынаны реттейтін мекеме жоқ па? Ұят екен тіпті», «Сұмдық, сұмдық!», «Осыларды құрту керек», «Мектепте оқитындарға бұл артықтау» деген сияқты ашулы пікірлер көптеп жазылған.
Ал, кейбір қолданушылар бұл жай ғана маркетинг пен әзіл екенін алға тартады.
«Бір жағынан жаман, бір жағынан креатив», десе, кейбір мұғалімдер: «Мұғаліммін. Дәптердің сырты қандай болса да бәрібір, сыртын қоспарақпен қаптаушы едік қой» немесе «Осы дәптерлерді өзім қолданамын» деп өз ойын білдірген.
Оқи отырыңыз: Мектеп оқулықтарынан 700 қате табылды: министрлік кітаптарды жаңартып үлгере ме