Конгода эбола індетімен күресіп жүрген дәрігерлер айлық алмаған

Жарияланды 6 Тамыз 2026 10:23

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business news бөлімінің аға журналисі t.bukharbaev@kursiv.media
Конго дәрігерлері эбола індетімен күресіп жүр
Жалақы алмаған дәрігерлер бойкот жариялап жатыр / фото: REUTERS/Gradel Muyisa Mumbere

Аса қауіпті эбола індеті өршіп тұрған Конгода дәрігерлер айлық алмаған. Медицина қызметкерлері соған байланысты бойкот жариялап жатыр. Гуманитарлық ұйымдар дәрігер еңбегінің өтелмеуі қатерлі вирустың таралуына жол ашады деп есептейді.

Індет өршіп тұр

Конго Демократиялық Республикасында аса жұқпалы әрі қауіпті эбола вирусы 2026 жылғы мамырдың ортасында тіркелген. Содан бері елде, жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кем дегенде 3874 адам вирус жұқтырып, 1751 адам қайтыс болған.

CNN телеарнасының Африкадағы осы елде дайындаған репортажынан эболамен күресіп жүрген дәрігерлердің айлық алмағаны мәлім болды. Көлемді мақала кейіпкері – Мишелин Кайимпа. Ол елдің шығысындағы клиникада медбике болып істейді. Қатерлі вирус жұқтырғандардың шамамен 90%-ы дәл осы өңірде тұрады.

«Өз өмірім үшін де қатты алаңдаймын. Кейде болмашы ғана қателік орны толмас өкінішке ұрындыруы мүмкін», – дейді ол телеарнаға.

Дәрігерлер айлық алмаған

Вирус өршіп бара жатқаны былай тұрсын, Конгодағы медициналық қызметкерлердің жалақы алмауы да дәрігерлерге соққы болып тиді. Төрт баланың анасы Кайимпа мемлекеттен әлі күнге дейін айлық алмағанын мәлімдеді. Елде ондаған дәрігер соған байланысты бойкот жариялаған. Конгода дәрігерлер жетіспейді.

«Індет басталған уақытта оның эбола екенін білмедік. Сол кезде науқастарды ешқандай сақтақ шараларынсыз емдеп жүрдік. Дәрігерлердің көбісі ауру жұқтырып алды, ал кейбірі дүниеден өтті», – деп еске алды медбике.

Конгоның байланыс министрі Патрик Муяя айлықтың кешігуіне байланысты дәрігерлер наразылыққа шыққанын растады. Шенеуніктің айтуынша, қазір кешіккен жалақылар өтеліп жатыр.

«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы дәрігерлер наразылығына үкіметтің ақша төлемеуі себеп болғанын мәлімдеді. Ұйым медициналық қызметкерлерге бонус төлеп, өз міндетін толық орындап отыр.

«Айлық кешіккен сайын жұқпалы вирустың таралу аймағы кеңейе береді. Сол кезде індетпен күрес орман өртімен алысқандай болып кетеді», – деп есептейді гуманитарлық ұйым қызметкері.

«Маған айлық төлемейінше, бойкотты жалғастыра беремін. Тіпті жұмыстан шығып, тиын төлейтін салаға ауысам», – дейді наразы Кайимпа.

Жұқпалы ауру

Эбола – адам мен жануарлар үшін өте қауіпті вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ең қауіпті аурулар қатарына қосқан. Вирус адамның қан тамырларын зақымдайды. Соның салдарынан ішкі ағзалар зақымданып, қан кетеді.

Жұқпалы ауру ауа арқылы таралмайды. Бірақ қан, сілекей, тер, құсық, зәр секілді биосұйықтық арқылы өте тез жұғады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі эбола індетіне байланысты маңызды мәлімдеме жасаған

Сондай-ақ оқыңыз