Жаңалықтар

Елдегі құрылыс жобалары ЖИ тексеруінен өтеді

Депутат потребовал тюремных сроков за некачественное строительство ЖК
фото: gov.kz

Қазақстанда құрылыс жобаларын тексеру процесі жеңілдей түсті. «Мемсараптама» кәсіпорны жобалау құжаттарын автоматты түрде тексеретін жасанды интеллект модулін іске қосты. Енді сараптамаға түсетін барлық жоба, ең алдымен, осы жүйенің сүзгісінен өтеді.

Жаңа цифрлық шешімнің арқасында құжаттарды алдын ала тексеру мерзімі бұрынғыдай 5 жұмыс күні емес, 2 тәулік қана уақытты алады. Бұл тапсырыс берушілерге қателер мен ескертулерді бірден біліп, өңдеуге жіберуге немесе құжаттар дұрыс болса, сараптаманың келесі кезеңіне тезірек өтуге мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект не істейді?

Жүйе құжаттардың толық жиналғанын, рұқсат қағаздарының мерзімі өтіп кетпегенін, олардың дәл осы жобаға қатысы бар-жоғын және талаптарға сәйкестігін адамның қатысуынсыз-ақ тез тексеріп шығады. Ол үшін компьютерлік көру, мәтінді тану және құжаттың мазмұнын түсінетін заманауи тілдік модельдер қолданылады. Жүйе ұлттық суперкомпьютер базасында жұмыс істейді және QPortal.kz порталымен байланыстырылған.

Егер жобада қандай да бір кемшілік болып, ол кері қайтарылса, тапсырыс беруші порталдағы «ЖИ нәтижелері» батырмасын басып, роботтың нақты қай жерден қате тапқанын бірден көре алады.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік көмек алушыларды жасанды интеллект анықтайды.