
Қазақстандық ғалымдар Түркияның Анталья қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының XXXI конференциясында (COP-31) көміртекті реттеудің цифрлық моделін ұсынды.
Әзірлемені Қонаев атындағы тау-кен істері институтының бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы, профессор Сейітғали Ғалиев таныстырды. Модель парниктік газдар мен ластаушы заттардың қалдықтарын өндірістік операциялар бойынша есепке алуға негізделген.
Оны тау-кен кәсіпорындарына цифрлық корпоративтік басқару жүйесі арқылы кешенді аудит жүргізу кезінде қолдану ұсынылып отыр. Модельде карьерлік техниканың шығарындыларына ерекше назар аударылған.
Әзірлеушілердің айтуынша, қазір мұндай шығарындылар іс жүзінде есепке алынбайды. Ал оларды нақты өлшеу кәсіпорындарға өндірістегі экологиялық көрсеткіштерді бағалауға, технологияларды жаңғыртуға және Еуропалық одақтың көміртек шығарындыларын шекаралық реттеу тетігі (CBAM) аясындағы төлемдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ халықаралық көміртек нарықтарына шығуға жол ашады. Сейітғали Ғалиевтің айтуынша, шығарындыларды өндірістік операциялар бойынша есепке алу экологиялық реттеу жүйесін жетілдіруге және тау-кен өнеркәсібін технологиялық жаңғыртуға негіз бола алады.
Жоба Қазақстанның тау-кен өндірісін көміртек шығарындыларын азайта отырып дамытуға ғылыми қолдау көрсетуге және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі инвестиция тартуда тау-кен өндірісін басып озды