Стендап-комик Нұрасхан Басхожаев сахнада әдепсіз сөздер айтып, блогер Мадленді қорлағаны үшін 15 күнге қамалды
Сот ақпаратына сүйенсек, Басхожаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған.
«Сот анықтағандай, айыпталушы ойын-сауық мекемесінде стендап көрсету кезінде жиналғандарға қатысты әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзған», – делінген сот хабарламасында.
Басхожаев өз кінәсін толық мойындап, іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растаған.
Сот оның кінәсі дәлелденгенін растап, оны 15 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындаған.
Айта кетейік, екі миллион жазылушысы бар қазақстандық блогер Мадлен стендап-комик Нұрасхан Басхожаевты Алматыдағы Central stand up Club алаңында айтқан әзілдері үшін сотқа шағымданатынын жазған.