Бизнесті заман ағымына қарай жүргізу маңызды. Мысалы, миллиениалдарды қазір жұмысқа салып, «қинай» алмайсыз. Өйткені бұл ұрпаққа мұндай қарым-қатынас жақпайды. Нәтижеге жету үшін жылдар бойы терлеп жұмыс істеуге шыдай бермейді. Сондықтан қалаған жетістікке жетектеу үшін оларға процестерді ойын түрінде ұйымдастырған компания ұтады. Олай болса, геймификацияның бизнес үшін маңызы қандай — осы туралы айтайық.
Бизнеске геймификацияны не үшін енгізу керек?
Геймификация дегеніміз — бизнеске ыңғайландырылған ойын техникалары. Сол арқылы қызметкерлер мен клиенттерді ұстап қалуға болады. Компаниямен байланысты нығайтып, жылы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы, жұмыс бастан асқан кезде қол астындағылар жұмыстан титықтап кетпес үшін басшылық бөлімдер арасында жарыс ұйымдастырады...