2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандықтардың жалақысы өскенмен, оның шынайы құны артпады. ТМД статкомитетінің дерегіне қарағанда, елдегі нақты жалақы индексі 100,3%-ды құраған. Яғни халықтың сатып алу қабілеті өткен жылғы деңгейде қалып қойған. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең төменгі көрсеткіш.
Finprom.kz сараптамасы бойынша, ТМД елдері арасында нақты жалақы өсімі бойынша Тәжікстан көш бастап тұр. Бұл елде жалақының нақты өсімі 119,9%-ға жетсе, Беларусь пен Қырғызстан шамамен 111%-ды құрады. Ең төмен нәтиже Қазақстаннан бөлек, Арменияда (102,4%) және Ресейде (103,8%) тіркелген.
Қазақстандағы орташа айлық еңбекақы бірінші жартыжылдықта 10,7%-ға өсті. Бұл, әрине, аз емес, бірақ Ресей (14%) мен Өзбекстанның (17%) қарқынынан төмен...