30 қаңтарда америкалық-канадалық актриса Кэтрин О’Хара 71 жасында қайтыс болды. Бұл ақпаратты актрисаның агенті растады.
Кэтрин О’Хара көрерменге әлемге танымал «Үйде жалғыз қалғанда» (Home Alone) фильміндегі Кевиннің анасы рөлі арқылы кеңінен танылды. Қарақшылармен жалғыз өзі күрескен кішкентай баланың оқиғасы әлемдік кинодағы ең танымал жаңа жылдық туындылардың біріне айналды.
2010 жылдардың ортасында актриса жаңа буын көрерменінің ықыласына ие болды. «Шиттс Крик» (Schitt’s Creek) комедиялық сериалында басты рөлдердің бірін сомдап, қайтадан танымалдыққа шықты. Сериал миллиардер отбасының банкротқа ұшырап, шағын провинциялық қалаға көшуі туралы баяндайды. Бұл жобада О’Хара бұрынғы танымал актрисаның, басты кейіпкердің жұбайының образын сомдады. Басты ер адам рөлін Юджин Леви орындады.