Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайға қатысты сот тергеуін жалғастырды. Сот басталғаннан айыпталушы тарап бірнеше талап-тілек түсірді.
Айыпталушының қорғаушысы Мұсақұлов сараптама қорытындысы бойынша үшінші және төртінші тұжырымдаманы алып тастау керектігін айтты. Оның сөзінше, тергеуші оқиға орнынан 5 дана оқ гильзасын алған.
«Тура осындай гильзаның бытырасын санау керек еді. Тергеуші ондай гильза табылмағандықтан, сарапшыға басқа оқ берген», – дейді адвокат Мұсақұлов.
Айыпталушы Жиембайдың әкесі әрі қоғамдық қорғаушысы Жиембай Пірәлиев қылмыстық іс біржақты жүргізілгенін байқаған. Оның айтуынша, іс бұрмаланған. Қылмыстық істі жүргізу кезінде өрескел қателіктер жіберілген.