Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекеттің фермерлер алдындағы 341 млрд теңгеден асатын қарызына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл қаражат қазірдің өзінде есепке алынған және толық көлемде төленеді.
Министрдің түсіндіруінше, 341 млрд теңге күту парағында тұр және бұл сома алдағы бюджеттің есебінен өтеледі. Қаражаттың бір бөлігі өңірлерге бағытталды. Атап айтқанда 57 млрд теңге бөлініп, облыстарға жіберілген. Қалған төлемдер 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында жүргізіледі.
Министр қазіргі уақытта шаруаларға қолдау тек субсидия арқылы ғана емес, жеңілдетілген несиелеу жолымен де көрсетіліп жатқанын айтты. Мысалы, техниканы лизингке 5% мөлшерлемемен беріліп жатыр, сондай-ақ жеңілдетілген несие де 5% мөлшерлемемен ұсынылуда.