Алматы қаласында іс-түссіз жоғалып кеткен Lenovo компаниясының директоры Ермек Жақыпжановтың денесі табылды. Бұл туралы ақпаратты жоғалған азаматтарды іздейтін Lider.kz ұйымы хабарлады. Полиция оның өліміне кінәлі деген күдікпен 24 жастағы жігітті Қарағанды облысында ұстаған.
9 қазанда Жақыпжановтың жоғалып кеткені туралы ақпарат тарап, Lider.kz еріктілер ұйымы оған іздеу салған. Әзірге белгілі ақпаратқа сүйенсек, ер азамат 9 қазан күні таңғы сағат 07:30 шамасында әдеттегідей жұмысқа шығып кеткен. Ол өзінің Hyundai Genesis көлігінде болған. Осыдан кейін Жақыпжанов туралы ақпарат болмаған.
Linkedin желісіндегі ақпаратқа сүйенсек, азамат Lenovo компаниясында жұмыс істейді. IPMA жобаларының менеджері болған. Артында кәмелет жасына толмаған екі ұлы мен жары қалды.