2025 жылы талапкерлерге грантқа түсу ең қиын болған мамандықтар қатарында «Халықаралық қатынастар», «Аударма ісі» және «Бизнес және басқару» мамандықтары бар. Аталған бағыттар бойынша бір орынға 16 адамға дейін таласқан жағдайлар болған. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді.
Ең танымал және сұранысы аз мамандықтар қайсы
Көбенованың айтуынша, биыл талапкерлер ең көп қызығушылық танытқан мамандықтар – гуманитарлық және басқару бағыттары болған.
«Бір орынға ең көп – 16 адамнан келген мамандықтар – «Халықаралық қатынастар» мен «Аударма ісі», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Сонымен қатар вице-министр кейбір мамандықтарда конкурс өте төмен деңгейде қалып отырғанын атап өтті.