Фото: kursiv.media
Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласының денсаулық сақтау саласына қосымша 7 млрд теңге бөлген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қосымша қаржы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді пайдалану көрсеткішінің жоғары болуына байланысты бөлініп отыр.
«Жалпы, оңтүстік астанада медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өте жоғары. Сондықтан Қор өткен аптада қаладағы медицина мекемелерін қаржыландыруға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бөлінген қаражаттың 2,8 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге, 4,1 млрд теңгесі – стационарлық көмекке, 164,5 млн теңгесі жоғары технологиялық қызметтерге жұмсалмақ», – деді Тілеухан Әбілдаев.