
Дронмен тамақ жеткізуден болашақ медицинасына дейін: Freedom лайфстайл-жүйесін қалай құрып жатыр
Freedom экожүйесінің классикалық финтех шеңберінен шыққанына көп болды. Бүгінде компания азық-түлікті дронмен жеткізуді сынақтан өткізіп, робототехникаға инвестиция құйып жатыр, HealthTech-ті дамытып, миллиондаған әуе және концерт билеттерін сатады. Ондаған әртүрлі сервисті біріктіріп, қалай бірыңғай SuperApp жасауға болады? Ұшқышсыз аппараттар әзірге курьерлерден қымбатқа түссе де неге болашақ соларда? Алып корпорацияның ішінде стартаптық рух қалай сақталып отыр? «Курсив» басылымы Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Лимен гиперперсонализация, қазақстандық ивенттердің алтын дәуірі мен қателесу құқығы туралы сөйлесті.
Алексей, бүгінде Freedom экожүйесі әуебилетін сатып алудан бастап, азық-түлік жеткізуге дейінгі мүлдем әртүрлі сервистердің басын біріктіріп отыр. Қазіргі таңда Lifestyle блогының құрылымы қандай әрі оларды бір-бірімен не байланыстырады?
Бастапқыда блок холдинг құрамындағы үш флагманның төңірегінде құрылды. Олар: Arbuz (қазір Freedom Азық-түлік деп атауын өзгертіп жатыр), Freedom Travel (бұрынғы Aviata) және Freedom Ticketon. Бұлардың барлығы - өз сегменттерінің көшбасшысы әрі пионері.
Қазір блогымыз бірнеше жаңа бағытты қамтиды. Ресторандар вертикалі - қалалар бойынша біртіндеп ауқымы кеңейетін Freedom Food жеткізу қызметі мен мейрамханаларға арналған Smart Restaurants операциялық жүйесі, жаңа Freedom Health («Менің Денсаулығым») блогы, Freedom Auto (көлік тізгіндеушілерге арналған сервистер), жуық арада жариялайтын бірқатар жаңа бизнес-бағыттар, сондай-ақ Freedom X пен AI Labs ғылыми-зерттеу (R&D) зертханалары.
Бұл жобалардың барлығын миллиондаған клиентке арналған жоғары сапа деңгейін көздейтін заманауи цифрлық өнімдер мен сервистер жасау деген ортақ идея біріктіреді. Олардың дамуы интернет-технологияларға, цифрландыруға және жасанды интеллектіні қолдануға негізделген.
Жаһандық мақсат туралы айтар болсақ, Lifestyle дивизионы жалпы Freedom холдингі үшін қандай іргелі міндеттерді шешіп отыр?
Біздің СЕО Тимур Турлов бір жарым жыл бұрын Банкпен бірге стратегиямызды нақтылауға көмектесті - қазіргі әлемде мықты экожүйе болмаса, финтехте көшбасшы болу мүмкін емес, сол сияқты экожүйелердің де банк іргетасынсыз тұрақты дамуы қиын. Содан бері біз банк дивизионымыз үшін сенімді серіктес болуға және онымен тығыз, тиімді тандемде әрекет етуге ұмтылып келеміз.
Сондықтан Холдинг үшін біздің негізгі құндылығымыз - финтех-лайфстайл-экожүйенің көшбасшылығын нығайтуға көмектесе отырып, инвесторлар үшін FRHC құндылығын арттыру деп білемін.
Екінші маңызды аспект - Холдингтің қаржылық ұйымнан технологиялық ұйымға өту кезеңін бастан өткеруі. Бұл процесте көбіне Лайфстайл-дивизионы жаңа стартаптардың, оның ішінде венчурлық ортадан келетіндердің кіру нүктесіне айналады. Ал венчурлық капитал жаңа технологияларды тәуекелге бел буудың жоғары деңгейінде сынақтан өткізіп, енгізуге мүмкіндік береді. Әдетте мұндай тәуекел деңгейі классикалық қаржы құралдарына тән емес.
Ал Freedom Lifestyle Group-ты алдағы 3–5 жылдық көкжиекте қалай елестетесіз?
Біріншіден, біз қазіргі сервистердегі көшбасшы позициямызды сақтап, нығайтуды жоспарлап отырмыз, өйткені біз клиенттің қызметімізді тұтыну тәжірибесіне баса мән береміз. Екіншіден, технологиялық басымдыққа ие болуды көздейміз. Алдағы 5-10 жылда цифрлық әлемде де, физикалық әлемде де «Physical AI» деп аталатын физикалық жасанды интеллектінің қарқынды өсуі күтіп тұр. Бұл толқын тұтас индустрияларды өзгертеді, ал біз осы процестің бел ортасында болғымыз келеді.
Жалпы, біз Lifestyle тобы ретінде сараптама орталығына, яғни бізге қосыла отырып, қарапайым қателіктерді айналып өтіп, дайын бәсекелестік артықшылықпен жұмыс бастай алатын кәсіпкерлерге арналған өзіндік бір «ұжымдық ақыл-ойға» айналамыз.
Бұл өте қызықты жұмыс - әр вертикальда кәсіпкерлік энергияны сақтап қалу үшін децентрализацияның дұрыс тепе-теңдігін қалай ұстау керек, сонымен бірге инженерия, деректер, маркетинг және басқа да бағыттар бойынша білімді қалай орталықтандыру қажеттігін ойластырамыз.
Сіз үшін сәттіліктің басты көрсеткіші болатын негізгі метрикалар қандай?
Біріншісі - клиенттердің бақыты мен ризашылығы (NPS, Customer Satisfaction). Егер клиент риза болса, қалғаны өздігінен келеді. Біз, тіпті дәл сол сәтте тиімсіз болса да, ұзақмерзімді қарым-қатынас құрамыз.
Екінші метрика - қаржылық саулық. Қазір компаниялар белсенді инвестициялық кезеңде тұр, бірақ олар инвестицияның қайтарымын қамтамасыз етуге тиіс. Қалған салалық көрсеткіштер (GMV, юнит-экономика) - жай ғана туынды факторлар.

Freedom-ның бірнеше сервисті қатар қолданатын клиент үшін басты артықшылығы неде?
Бірінші аспект – ыңғайлы болуы. Кез келген нәрсе бір экожүйенің ішінде, қолсозым жерде орналасқан. Бұл қомақты кэшбэктер пен сервистер арасындағы кедергісіз ауысу мүмкіндігімен ынталандырылады. Жүйе адамның талғамын біліп, гиперперсонализация арқылы оның өмірін жайлырақ етеді.
Екінші аспект - эмоционалдық сипат. Адамдар бізді компанияның құндылықтарына жақын болғандықтан, оны сезіне алғандықтан таңдайды. Freedom-ның ДНҚ-сы бастапқыда бәріне жаппай несие таратуға емес, клиентті инвестор болуға және капиталды басқаруға үйретуге негізделген. Сонымен бірге біз бұқаралық сервистер құрып жатырмыз әрі өзіміз жұмыс істейтін барлық сегменттерде ең тиімді бағаны ұсынуға дайынбыз.
Жалпы технологиялардан нақты сервистерге көшсек. Қазір Қазақстанда e-grocery нарығы қалай өзгеріп жатыр?
Нарық қарқынды өсіп келеді, бірақ біз әлі де жолдың басындамыз. Қазір онлайн-жеткізудің үлесі жалпы азық-түлік тауарлары нарығының шамамен 5%-ын ғана құрайды. Бұл - күрделі, үлкен капиталды қажет ететін және операциялық тұрғыдан өте ауыр нарық. Дегенмен, біз нарық көшбасшыларының бірін қалыптастыра алдық әрі ең жоғары технологиялық, ең тиімді баға мен бай ассортименті бар e-grocery сервисін жасау үшін инвестиция құюды жалғастырамыз.
Сегменттегі флагмандарыңыз - Freedom Азық-түлік (бұрынғы Arbuz.kz) командасы алдағы екі жылда қандай мақсаттарға ұмтылып отыр?
Стратегияның ең басты бөлігі - тауарларға ең тиімді бағаны ұсынамыз әрі бұл үшін жеткізу тізбегін оңтайландыруға одан әрі жалғастыруға ниеттіміз. Сондай-ақ алда географиялық ауқымды кеңейту мен жаңа форматтарды дамыту жоспарланып отыр.
Көктемде біз қаланың бір ауданында экспресс-жеткізуді іске қостық, енді соның ауқымын кеңейтеміз. Біз кеңейтілген darkstore форматымыздың арқасында екі мыңдай ғана тауар сыятын классикалық экспресс-жеткізу қызметтерімен салыстырғанда, ассортиментімізді 3-4 есеге кеңейте алдық. Сонымен бірге жеткізу жылдамдығын 40 минут шамасында сақтап отырмыз. Біз мультиформатты жеткізу мен өнімді жинақтаудың жаңа технологияларын енгізбекпіз. Нарық дронмен жасаған эксперименттерімізді көрді - енді біз жаңа деңгейге шығамыз.
Логистиканың жаңа технологиялары туралы айттыңыз. Дрондар мен робот-иттерді бұқаралық сегментке толыққанды қосу қашан жоспарланып отыр?
Біз нарық талап еткен жылдамдықпен жүруге дайынбыз. Технологиялар әлдеқашан пысықталып қойды, коммерциялық ұшулар да жүзеге асырылып жатыр. Жүзден астам нақты жеткізу жасалды.
Біз мемлекеттік органдармен реттеуші талаптар мәселесі бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Серіктестерімізге диалогқа ашықтығы, бастамаларымызды қолдап, қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтамыз. Ірі қалалардың аспаны әзірге толық ашық емес, бұл - қауіпсіздік мәселесі, бірақ бұл бағыттағы ілгерілеу өте жақсы.

Бірақ, егер сандарға сүйенсек, қазір жеткізуді курьерлермен жасаған тиімді ме, әлде ұшқышсыз аппараттармен бе?
Әзірге курьерлермен жеткізу әлдеқайда тиімді, бірақ біз болашаққа инвестиция салып жатырмыз. Қазір әр дрон ондаған мың доллар тұрады, алайда біз олардың өндірісін локализациялауға инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қазір бір дронға екі оператор қажет. Дегенмен, жасанды интеллект есебінен автономдылық енгізілген сайын жеткізудің өзіндік құны төмендей береді. Пилотсыз көліктер сияқты, уақыт өте келе дрондар да толық автономдылық (FSD) деңгейіне жететініне сенеміз.
Форматтардан адамдардың саяхатына көшсек. Freedom Travel сияқты ауқымды туристік сервисті күнделікті экожүйеге интеграциялау қаншалықты маңызды?
Тревел туризмнен ғана емес, іссапарлардан да тұрады. Адамдар бір өңірде тұрып, басқа бір өңірде жұмыс істегенде қаладан қалаға қатынау арқылы трафик тудырады. Freedom Travel биыл белсенді өсімін қайта жандандырды. Біз үшін бұл - Freedom экожүйесінің ең маңызды сегменттерінің бірі әрі біз оған инвестиция салуды жалғастыра береміз.
Адамдар билетті смартфоннан сатып алуға үйреніп қалды. Ал онлайн-тревел-сервистер нарығында алдағы өсім үшін қандай мүмкіндіктерді көріп отырсыз?
Нарықты үлкен өзгерістер күтіп тұр. Соңғы 10 жылда адамдар әуекассаларына баруды қойып, бәрін онлайн сатып алуға дағдыланды. Келесі толқын жасанды интеллектті енгізумен және сапарларды кедергісіз жоспарлаумен байланысты болады. Индустрияны жаңаша пайымдап, саяхатқа арналған жаңа буынның сервисін жасаудың уақыты келді.
Индустрияны жаңаша пайымдау аясында сіздер қонақүйлер агрегаторын іске қостыңыздар, бірақ бұл алаңда Booking және Agoda сияқты алпауыттар үстемдік етіп тұр. Олармен қалай бәсекелесуді жоспарлап отырсыздар?
Freedom SuperApp-тағы «Қонақүйлер» сервисі шілде айынан бастап пайдаланушыларға қолжетімді. Бүгінде онда хостелдер мен апартаменттерден бастап премиум сегменттегі қонақүйлерге дейін 3 миллионнан астам орналасу нысаны ұсынылған.
Контент пен технология тұрғысынан біз бәсекеге дайынбыз - нарықта интеграциялар жеткілікті. Бірақ басты мәселе басқада: оқшауланған (standalone) сервистер дәуірі өтіп барады.
Әлемдік монополистер іздеу жүйелеріне тәуелді: Booking пен Expedia жыл сайын Google-ға жарнама үшін 7-8 миллиард доллар төлейді. Олардың интерфейстері 2010-жылдардың деңгейінде қалып қойған. Маған, пайдаланушы ретінде, мүлдем жаңа экспириенс керек. Өнімдерде видеоконтент те, виртуалды шынайылық элементтері де өте көп. Бұл индустрияда жаңадан не ойлап табуға болатыны жөнінде бізде шабыт мол.
Біздің артықшылығымыз - оқшауланған сервистерге қарағанда, Freedom superapp-ында 6 миллионға жуық клиенттен тұратын аудитория бар. Мәселенің жартысы, яғни пайдаланушыны тарту мәселесі бізде әлдеқашан шешілген.

Саяхат көбіне уақытты қызықты өткізумен байланысты. Осы тұрғыда билет сервистері нарығы мен жалпы ойын-сауық индустриясы қалай өзгеріп жатыр?
Ойын-сауық индустриясы туралы айтатын болсақ, ол дамуын жалғастырып жатыр. Біз бұны іштен көріп отырмыз, концерттерге ғана емес, бұрын тар шеңберлі болып көрінген форматтарға да қызығушылық артып келеді. Әлемдік деңгейдегі цирк бағдарламалары, киберспорттық турнирлерге адамдар ықыласпен барады және билеттер өте жақсы сатылады. Нарық та соған сай жауап қатуда: ұйымдастырушылар әлемдік деңгейдегі жұлдыздарды әкеліп жатыр, өйткені аудиторияның дайын екенін көріп отыр. Қазақстан әсер алу нарығы ретінде қалыптасып келеді. Бұл анық сезіледі.
Ал билет сервистері индустриясы маржаның өте төмендігінен консолидацияланған күйінде қалып отыр. Жаңа ойыншылар пайда болады да жоғалып кетеді. Алдағы уақытта да осылай болатын шығар. Бірақ билет сервисі белгілі бір елде жақсы сапа деңгейінде жұмыс істеп, пайдаланушылардың ризашылығын қамтамасыз етуі үшін мүлдем басқа деңгейдегі инвестициялар мен ұзақ мерзімді жоспарлау көкжиегі қажет.
Қазақстандық көрермен ауқымды ивенттерге дайын, бірақ ареналардың инфрақұрылымына көбіне қаржы жеткілікті бөлінбейді. Нарықты жаңа деңгейге шығару, клиенттерге үлкен кезексіз үздік тәжірибе ұсыну үшін бізге инфрақұрылымды жақсарту керек. Бұл бірден ақталмаса да, болашаққа жасалған маңызды инвестиция. Сондықтан Freedom қалалардың инфрақұрылымын дамытуға көмектесу үшін қолжетімділікті бақылау және басқару жүйелерін сатып алуға инвестиция салып жатыр.
Ойын-сауық саласындағы ең күрделі мәселенің бірі - билеттерді қайтару мәселесі. Сіздер оларды қайта сатуға арналған Fan2Fan сервисін іске қостыңыздар. Бұның концепциясы қандай, ол сатып алушыны қалай қорғайды?
Fan2Fan - адамдар арасындағы билеттерді қайта сатудың ресми кепілі. Бұрын заң көбіне билеттерді ұйымдастырушыға қайтаруға тыйым салатын, содан кейін тұтынушы хабарландыру тақталарындағы алыпсатарларға жүгінетін. Ешқандай кепілдік болған жоқ. Сатушы бір билетті он адамға сатып жіберуі мүмкін еді, ал сатып алушыға концертке кіре алмай қалу қаупі туатын.
Біз бұл мәселені эскроу-шот арқылы шешеміз. Біз бастапқы билеттің күшін жойып, сатып алушы үшін жаңасын шығарамыз және сатушының өз ақшасын алатынына кепілдік береміз. Ал алыпсатарларға келетін болсақ, нарық бағаны өзі реттейді. Сонымен қатар, суперапп арқылы ұйымдастырушылар бір қолға берілетін билеттер санын оңай шектей алады.
Технологияларға қайта оралсақ, атақты іс-шараларға билет сатылымы басталғанда платформалар көбіне адам ағынына шыдамай, істен шығып жатады. Ticketon-ның техникалық мәселелерін қалай шеше алдыңыздар, 2026 жылдың ірі шараларына дайындықтарыңыз қалай?
Бұл жағдай 2025 жылы шынымен де өте жиі болды. Мысалы, «Қайрат – Реал Мадрид» матчына билет сатып алу үшін кезекте миллион адам тұрды. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында біз іштей «Ticketon 2.0» деп атайтын жаңа технологиялық платформаға көштік. Ол орасан зор жүктемелерге төтеп бере алады және қазір біз Қазақстанның алтын дәуірінің жалғасуына әрі әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың келуіне толықтай дайынбыз. Бұл - бірнеше ай бойы жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесі. Іркілістерді болдырмау үшін платформаларды бір түнде ауыстыра салған жоқпыз, біртіндеп көштік. Көшу процесінің өзі - ең күрделі инженерлік міндет, бірақ біз оны барынша байқаусыз әрі кедергісіз жүргізуге тырыстық. Бірақ бұл да шек емес: біз жоғары жүктемелер мен DDoS-шабуылдарға тұрақты түрде тестілеу жүргізіп тұрамыз. Сондықтан бұл қазақстандық нарықта ешкімде жоқ бірегей тәжірибе деп нық сеніммен айта аламын.
Сіздер цифрландырып жатқан өмірдің тағы бір маңызды саласы - медицина. Суперапптың HealthTech бағытында қазір не болып жатыр, пайдаланушылар не күте алады?
Биыл супераппта «Менің Денсаулығым» бөлімі іске қосылды. Біз дәрігерлерге жазылу функциясынан бастадық. Онда дәрігерлер туралы пікірлер мен аурухананың есепке алу жүйесінде уақыт ұяшығының нақты расталу кепілдігі бар.
Жақын болашақта біз зертханалық диагностиканы интеграциялаймыз. Пайдаланушы талдаулар тарихын көріп, чекаптар бойынша дербес ұсыныстар ала алады. Сондай-ақ емханаға тіркелудің мемлекеттік базаларына қолжетімділікті, ДНҚ-тесттер интеграциясын және дәрі-дәрмек жеткізу бойынша серіктестік сервистерді қосамыз. Бұл - бір қолданба ішіндегі денсаулыққа арналған кешенді тәсіл.

Мұндай үлкен инновациялар ағынын басқару оңай емес. Сіз ұзақ уақыт бойы тәуелсіз кәсіпкер болдыңыз, ал қазір алып корпорацияның дивизионын басқарып отырсыз. Бұл ауысу сіздің басқару стиліңізді қалай өзгертті?
Бұрын бір уақытта өнімді жасап та, ақша іздеп те үлгеру керек болатын - бұл бір дөңгелекті велосипедте отырып жонглерлік өнер көрсеткенмен бірдей еді. Қазір Freedom құрылымы батыл шешімдер қабылдап, ауқымды кеңейту үшін қуатты база беріп отыр.
Бүгінгі таңдағы біздің басты сын-қатеріміз - компаниялар портфелін басқару. Стартаптар мен корпорацияның тоғысында болу – сол бір «инноватор дилеммасын» шешу деген сөз. Сонымен қатар маған командалар үшін басты сыншы болуға тура келеді - бұл күрделі бапкерлік жұмыс. Мен Lifestyle-дың басқарушы командасын нығайтуды жалғастырып жатырмын, біз барлық өмірлік маңызды функцияларды күшейтудеміз. Дәл осы команданың арқасында біздің жеңістеріміз кездейсоқтық емес, тұрақты нәтижеге айнала бастады. Біз әр бағыттың көшбасшыларының әлеуетін ашуға тырысамыз.
Мансабыңыздағы ең қиын басқарушылық шешім қандай болды?
Ісі алға баспаған бизнестерді жабу. Бұл әрдайым ауыр тиеді.
Командаға кімдерді іздейсіз, кәсіби мамандарды қалай ұстап қаласыз?
Біз ешкімді мәжбүрлеп ұстамаймыз. Біз өзін-өзі көрсетуге, дамытуға мүмкіндік береміз. Кәсіпкерлерден батылдықты, стандартты емес ойлау жүйесін, табандылықты күтеміз.
Табыстың алғашқы белгілері 3-4 жылдан кейін ғана көрінеді, ал компания өз әлеуетін 5-6 жылда толық ашады. Көптеген адамдар дәл бастапқы кезеңде беріле салады. Ұзақ мерзімді ойын жүргізе білу керек.
Біз бойында табиғи қызығушылығы бар, өмір бойы білім алатын адамдарды (life-long learners) іздейміз. Бізге жапондардың «shokunin» концепциясы жақын - бұл өз шеберлігін ондаған жылдар бойы шыңдайтын адам. Бізге құлшынысы мықты, ісіне деген құштарлығы жоғары адамдар керек.

Компаниялар тобының басшысы ретіндегі сіздің жеке рөліңіз неде?
Менің міндетім - командаларға алыс көкжиекті көруге көмектесу. Көп жағдайда жобалар жергілікті табысқа жеткен соң, сонымен шектеліп қалады. Жаһандық мақсаттарға қол жеткізу үшін мен оларды Freedom стратегиясымен үйлестіріп отырамын. Нарық өте жылдам өзгеруде, сондықтан мұнда командалар бостандығының децентрализациясы мен бірыңғай стратегияның орталықтандырылуы арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Классикалық түсінікте басшының рөлі - әрқашан стратегия және ресурстарды іздеу мен команда құру арқылы сол стратегияның орындалуын қамтамасыз ету. Бұл жағдайда стратегияны нақтылау - басқа топ-менеджерлермен және Холдингтің бас директорымен тәжірибе алмасу процесінен тұрады. Ал ресурстарды іздеуге келсек, лайфстайл сияқты үлкен дивизионда бұл көбіне сырттан емес, іштен іздеуді білдіреді. Ал команда құру - ешқашан маңызын жоғалтпайтын мәңгілік міндет.
Сәтсіз шыққан өнімдер мен қателіктерге командаңызда қалай қарайды?
Бізде стартап сатысындағы жобалар көп. Тәуекелге бару деңгейінің жоғары болуы қателіктерге деген төзімділіктің де жоғары болуын талап етеді. Көптеген гипотезаларды тексеріп көрмейінше, біз сол бір қажетті шешімді таба алмаймыз. Сондықтан батыл эксперименттер үшін ұрыспаймыз, керісінше - көтермелейміз.
Сервистеріңіз адамдарды әр қадамда қоршап тұрғанын ескерсек, жұмыстан толық алшақтап, демалудың сәті түсе ме?
Мен қатаң «work-life balance» қағидасын қолдамаймын. Маған жұмыс пен өмірдің араласып кеткен ағынында өмір сүрген ұнайды. Лайфстайл-сервистерді құра отырып, мен олармен үнемі байланыста боламын. Саяхаттап жүргенде немесе кітап оқығанда, мен әр нәрсеге «мұны біздің экожүйе үшін қалай жасауға болады?» деген призма арқылы қараймын.
Технологияларға қатысы жоқ хоббиіңіз бар ма?
Хоббиім көп, бірақ бәріне бірдей уақыт жете бермейді. Серфингті жақсы көремін, мотоцикл айдаймын, хайкингпен айналысамын. Шекті аспаптарда ойнаймын: гитара, домбыра, жақында боливиялық ронроконы меңгердім. Егер уақытым көбірек болса, оны outdoor-белсенділікке, оффроуд пен альпинизмге арнар едім.
