
Заңгерлер ережелерді ғана емес, бизнесті де терең түсінуге тиіс
Freedom Holding Corp. (FRHC) қызмет аясы 20-дан астам елге кеңейгеннен кейін холдингтегі заңгерлік функция дәстүрлі көмекші рөлден бизнестің стратегиялық тірегіне айналды. FRHC Бас заң директоры (CLO) Джейсон Керр холдингтің заңгерлер командасы күрделі реттеуші ортада бағытты қалай анықтайтыны, компанияның өсуін қалай қолдайтыны және әртүрлі юрисдикциялардағы бөлімше іс-қимылдарының үйлесімділігін қалай қамтамасыз ететіні туралы айтып берді.
Айтыңызшы, Freedom Holding Corp. құрылымында заңгерлік функция қалай ұйымдастырылған? Холдингтің заңгерлік архитектурасын қандай негізгі міндеттер мен командалар құрайды?
Холдинг ауқымын ескерсек, заңгерлік функция оның бизнесінің көпвекторлығын көрсетуге тиіс. 21 елдегі 80 еншілес компанияда барлығы жүзден астам заңгер жұмыс істейді. Холдинг деңгейінде заңгерлер командасы бүкіл топтың корпоративтік басқару мәселелеріне, FRHC-тің жария компания ретіндегі міндеттемелеріне, сондай-ақ қаржыландыруды тарту, бірігу және жұтылу (M&A) мәмілелері, нормативтік талаптарды сақтау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл сияқты стратегиялық бастамаларға назар аударады.
Әрбір негізгі еншілес компаниямызда тиісті юрисдикциядағы қызметті қамтамасыз ететін мықты заңгерлердің жергілікті командалары жұмыс істейді.
Компания әлемнің 20-дан астам елінде бизнес жүргізген кезде, қатаң басқару құрылымынан бұрын, қызметті үйлестірудің маңызы зор. Ең бастысы - қызметкерлер мүлдем басқа жергілікті жағдайларда жұмыс істесе де, белгілі бір ортақ принциптерді ұстануын қамтамасыз ету.

Ал сіз осындай ауқымда заңгерлік принциптер мен стандарттардың бірізділігін қалай қамтамасыз етесіз?
Жиырмадан астам елдегі барлық процестерді бір стандартқа келтіру мүмкін емес. Тіпті оған тырысудың да қажеті жоқ. Оның орнына біз қауіп-қатерді басқару тәсілімізге, нормативтік актілерді түсіндіруге және шешім қабылдауға қатысты бірыңғай әрі тұрақты принциптерді, стандарттар мен практикаларды әзірлеп, енгізуге назар аударамыз.
Біз тұрақты коммуникация, стандарттау және қызметкерлердің жұмыста өздерін оқшау сезінбеуін қамтамасыз ету арқылы ішкі процестерді үйлестіруге көп күш жұмсаймыз. Мұндай деңгейде бірізділік пен жүйелілік - процедура мәселесі емес, мәдениет мәселесі. Түптеп келгенде, бұған іс-қимылдар мен тәсілдерге іштей келісу, бизнесті және оның басшылық принциптерін терең түсіну, сондай-ақ жоғары этикалық және кәсіби стандарттарды сақтау арқылы қол жеткізіледі.
Заңгерлік қадағалау мен бизнеспен стратегиялық серіктестік арасындағы шекара қай жерде?
Жария компанияда заң бөлімі осы екі функцияны да орындауы керек. Корпоративтік басқару, ақпаратты ашу және нормативтік талаптарды сақтау бөлігінде заңгерлік қадағалауды жүзеге асыру - заңгерлердің негізгі міндеті. Сонымен бірге, тек осымен шектеліп, шетте қалуға болмайды. Заңгерлер - мәселелерді шешу бойынша мамандар. Біз бизнесті терең түсініп, ең тиімді заңгерлік шешімдер мен қолдауды ұсынуға дайын болуымыз керек.

Олай болса, заң бөлімі негізгі шешімдерді қабылдауға қаншалықты қатысады?
Біз стратегиялық шешімдерді талқылауға ең бастапқы кезеңдерде, әсіресе бизнесті кеңейту, жаңа өнімдерді шығару немесе мәмілелер туралы әңгіме болғанда араласамыз. Біздің міндетіміз - бизнестің дамуы бір мезгілде тұрақты әрі заңнамаға сәйкес болуына ықпал ету.
Әртараптандырылған холдингтегі CLO рөлі мен қарапайым компаниядағы рөлдің айырмашылығы неде?
Холдингте бір нақты бизнес-модельмен емес, көптеген модельдермен жұмыс істеуге тура келеді. Әңгіме қаржылық қызметтер, lifestyle-бизнес және жиырмадан астам түрлі құқықтық және реттеуші ортадағы финтех-компаниялар туралы болып отыр. Бұл әрине, бәрін айтарлықтай күрделендіреді.
Холдингтегі CLO рөлі кең көзқарас пен терең білімді, оның ішінде холдинг қызметінің әртүрлі компоненттері бір-бірімен қалай әрекеттесетінін, сондай-ақ осыған байланысты рисктер мен мүмкіндіктерді түсінуді талап етеді.
Freedom Holding Corp. - жария компания. Бұл холдингтегі заңгерлік функцияға және командаңыздың күнделікті жұмысына қалай әсер етеді?
Тәртіп пен күтілетін нәтиже тұрғысынан бұл бәрін түбегейлі өзгертеді. Жария компания реттеуші, инвестор және нарық тарапынан жасалатын мұқият бақылау жағдайында жұмыс істейді.
Заңгерлер командасы үшін бұл ақпаратты ашу, корпоративтік басқару және ішкі бақылау мәселелеріне терең араласуды білдіреді. Сонымен қатар, компания ішінде қабылданған барлық шешімдердің лезде сыртқы салдары болуы мүмкін екенін үнемі түсіну қажет. Жария компанияда заңгерлер командасы әрқашан акционерлердің мүддесіне қызмет ететінін және солардың игілігі үшін әрекет етуі тиіс екенін есте ұстауы керек.

Қазіргі уақытта халықаралық финтех-компанияларға қандай нормативтік талаптар көбірек әсер етіп отыр?
Бұл реттеуші талаптардың, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға және трансшекаралық қызметті жүзеге асыруға қатысты талаптардың жиынтығы. Бірнеше юрисдикцияда жұмыс істейтін компаниялар үшін басты қиындық - нормативтік базалардың әрқашан сәйкес келе бермейтінінде.
Яғни, сіз тек бір нақты юрисдикцияның ережелерін сақтап қана қоймай, әртүрлі құқықтық және нормативтік талаптарды үнемі бір-бірімен үйлестіріп отыруыңыз керек.
Соңғы жылдары қаржы компаниялары үшін құқықтық орта қалай өзгерді? Сіздің ойыңызша, ең маңызды өзгеріс қандай?
Орта талапшыл әрі қарқынды бола түсті. Реттеушілердің өздері белсендірек болды, ашық болуға деген талабы артты, ал белгісіздікке төзімділік төмендеді.
Сонымен бірге инновациялар қарқынды дамып келеді, сондықтан заң бөлімдері де бизнесті қолдауды жалғастыра отырып, уақытпен бірге алға жылжуға тиіс.

Холдинг қарқынды өсіп келеді әрі бизнестің жаңа салаларын белсенді зерттеуді жалғастырып жатыр. Бұл бастамаларда заңгерлер қандай рөл атқарады?
Заң бөлімінің рөлі рисктерді бағалауда ғана емес, сонымен қатар бастамаларды әртүрлі юрисдикцияларда жұмыс істейтіндей, FRHC-тің жария компания ретіндегі міндеттемелеріне сәйкес келетіндей және акционерлердің мүддесіне қызмет ететіндей етіп бейімдеуде.
Заңгерлік тұрғыдан алғанда не қиынырақ: жаңа өнімді іске қосу ма, жаңа нарыққа шығу ма, әлде сатып алынғаннан кейін жұмыс істеп тұрған бизнесті холдингке интеграциялау ма?
Әдетте, интеграция - ең күрделі міндет, әсіресе халықаралық деңгейде қызмет ететін ұйымда. Өйткені әртүрлі нормативтік шеңберлерді, жүйелерді, бизнес-мәдениет пен модельдерді бейімдеу қажет.
Бұл жай ғана заңгерлік процедура емес - бұл ұйымдастырушылық жұмысты білдіреді әрі заң бөлімі мұндай интеграцияның тиімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Яғни, заңгерлердің араласуы өнімнің іске қосылуын немесе жаңа нарыққа шығуды тездете ала ма?
Иә. Жаңа нарыққа шығу немесе жаңа өнімді шығару мәселесін талқылауға заңгерлерді тарту жұмыстың кешігу немесе қайталануының алдын алуға көмектескен көптеген жағдайлар бар. Кейде бұл өнімді бірнеше юрисдикцияда енгізуге болатындай етіп оның құрылымын өзгерту немесе реттеуге байланысты рисктерді олар нақты пайда болғанға дейін анықтауға қатысты болады.
Бұл жұмыс сырттан әрқашан көріне бермейді, бірақ компания ішінде ол кез келген жобаның жүзеге асырылу жылдамдығына айтарлықтай әсер ете алады.

Ал компанияның халықаралық экспансияға заңгерлік тұрғыда дайын екенін қандай факторлар анықтайды?
Freedom Holding Corp. сияқты компания үшін экспансияға дайындық ұғымы жергілікті нормативтік талаптарға жай ғана сәйкес келуден де кеңірек. Ол корпоративтік басқару, есеп беру және бақылау жүйесінің мұндай экспансияны қолдауға қабілеттілігіне байланысты.
NASDAQ-та листингі бар компания ретінде біз экспансияның ақпаратты ашуға, рисктерді басқаруға және инвесторлардың көңіл-күйіне қалай әсер ететінін де ескеруіміз керек.
Бүгінгі таңда халықаралық технологиялық және қаржылық компанияларда жұмыс істейтін заңгерлер үшін қандай дағдылар өте маңызды болып отыр?
Меніңше, заңгерлік білім мен бизнесті түсінудегі үйлесім маңызды. Халықаралық компания деңгейінде заңгерлерден ережелерді түсіндіру ғана емес, сонымен қатар бизнесті дамыту стратегиясының өзіне үлес қосу күтіледі.
Күрделі мәселелерді әртүрлі мүдделі тараптарға, соның ішінде басшылық пен директорлар кеңесіне анық түсіндіре білу сияқты коммуникативтік дағдылар да маңызға ие.
Холдингтегі заңгерлік функцияның басшысы ретінде жеке өзіңіз үшін қандай сын-қатерді көресіз?
Ауқымды және күрделі міндеттерді шешу кезінде айқындық пен картинаны тұтастай көре білу маңызды. Өйткені бірнеше юрисдикция мен реттеуші ортада жұмыс істеу оның бөлшектену рискін үнемі тудырады.
Міндет - нақты стратегияны ұстану және бүкіл топ деңгейінде жұмыс істейтін шешімдерді қабылдаудан тұрады.

Белгісіз жағдайларда күрделі заңгерлік шешім қабылдауға көмектесетін жеке принциптеріңіз бар ма?
Менің принциптерімнің бірі - ұзақ мерзімді ойлау. Бұл қасиет кез келген қысқа мерзімді шешімдердің ұзақ мерзімді салдары болуы мүмкін жария компанияда жұмыс істегенде өте маңызды.
Тағы бір принципім - ашықтық. Мәселені ушығып кеткенде шешкеннен көрі, оны бірден ашық талқылап, ерте кезеңде шешіп алған дұрыс.
Кәсіби дағдылар да шешуші мәнге ие, өйткені бұл рөлде табысқа жету үшін үнемі оқу және даму маңызды.
Дегенмен, ең маңыздысы - сенім. Бұл жұмыс жалғыз атқаратын жұмыс емес. Мұнда сенуге болатын еңбекқор және кәсіби мамандар командасы қажет. Әйтпесе нәтижеге жету мүмкін емес.
Заң саласындағы жұмыста тұрақты қысым мен жоғары жауапкершілік қатар жүреді. Мұндай жауапкершілігі жоғары лауазымда тепе-теңдікті қалай сақтап, жалығып кетуден қалай қорғануға болады?
Иә, шынымен де, мұндай жұмыс саналы тәсілді талап етеді, өйткені оның қарқыны өте жоғары болуы мүмкін, әсіресе жаһандық бизнесте.
Өз басым ең алдымен, жұмыстан тыс белгілі бір күн тәртібін ұстанамын, демалуға, күш жинауға көмектесетін сәттерді ұйымдастыруға тырысамын.
Мысалы, күн сайын медитация жасаймын, бұл маған үйлесімде болуға көмектеседі. Сондай-ақ назарымды қазіргі іске шоғырланудырға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мен күн сайын кітап оқығанды ұнатамын, жылына шамамен 50 кітап оқимын. Күн сайын кем дегенде бір сағатымды кәсіби әдебиет мен мақала оқуға арнаймын.
Сондай-ақ мотоцикл айдағанды жақсы көремін. Менде үш Harley-Davidson мотоциклі бар. Мотоцикл тебу - ұлым екеуміздің ортақ хоббиіміз. Бұл бір-бірімізбен тығыз байланыста болудың тамаша тәсілі. Сонымен қатар, қызым да мотоцикл айдауды үйренгелі жүр, мамыр айында біз бірге оқудан өтеміз.