
Цифрландыру Freedom Insurance компаниясына бір жылда 14 миллион долларды қалай үнемдеді
Freedom Insurance компаниясы бес жыл ішінде 10 еседей өсіп, цифрландырудың арқасында автосақтандырудағы миллиардтаған шығынды еңсеріп, қазір маркетплейс іске қосуға дайындалып жатыр. «Курсивке» берген сұхбатында Freedom Insurance СЕО-сы Азамат Керімбаев қазақстандықтардың жартысы үшін неліктен автосақтандыру тарифтері 40%-ға өсетінін, жасанды интеллект көлік зақымын фото арқылы қалай бағалайтынын әрі «AIzamat» атты өзінің сандық сыңарын не үшін құрғанын айтып берді.
Freedom экожүйесіндегі сақтандыру бизнесінің рөлі қандай? Холдингке қаржылық нәтижеден бөлек не береді?
Бұрын сақтандыру компаниясы тек лидогенератор ретінде қарастырылатын. Қазір біздің рөліміз қайта анықталып жатыр. Бес жыл ішінде біз 8-10 есе өсіп, холдингке бір миллионнан астам клиент тарттық. Енді біз адамдарды тартып қана қоймай, SuperApp ішінде қызметтердің кең спектрін ұсынамыз. Сақтандыру - тек полис сату емес, ЖКО-дан кейінгі мәселелерді жедел шешу. Біздің сервистер клиентті экожүйе ішінде ұстап тұруға және оның LTV (өмірлік құндылығын) максималды етуге көмектеседі.
Ақпан айында сіз Freedom Insurance мақсаты - 2030 жылға қарай нарықтың 25%-ын иемдену екенін айтқан едіңіз. Сол жоспарды ұстанып келе жатсыздар ма?
2025 жылға дейін біз жыл сайын екі есе өсіп отырдық. Қазір нарықтың шамамен 15%-ын иеленеміз. 25%-ға жету міндеті қалады, бірақ мұндай қарқынмен ары қарай өсу объективті түрде қиынырақ. 2026 жылы динамика бәсеңдегені байқалды. Біздің ары қарайғы еселеп өсуімізді бірегей өнімдер жасау мен нарықтың жаңа, бос секторларына шығу қамтамасыз етеді.
Реттеуші міндетті автосақтандыру полисінің құнын есептеуге қатысты түзетулер дайындап жатыр. Бұл бастамаға қалай қарайсыз?
Бұл дұрыс шешім. Ұзақ жылдар бойы тарифтер заңмен реттеліп, нақты инфляциядан артта қалып келді. 2023 жылдан бастап сақтандыру төлемдерінің сомасы да, саны да күрт өсті - жылына 100 мыңнан 167 мыңға дейін артты. Реттеуші тәсілді өзгертіп жатыр, енді тариф нарыққа сай болады әрі өткен кезеңдердегі нақты шығынға байланысты белгіленеді. Қазақстандағы автокөлік иелерінің жартысы үшін полис құны 40%-дан астамға өседі. Бұл көлікті міндетті сақтандыру нарығын қалыпты күйге келтіріп, сақтандырушылардың секторға деген қызығушылығын қайтарады.

Қазір қай өнімдер негізгі өсімді беріп отыр?
Біздің портфеліміз диверсификацияланған. Міндетті автосақтандыру 20%-ға жуығын, қаржылық шығындарды сақтандыру 15%-ды құрайды. Ерiктi түрлерi (медицина, мүлiк, жауапкершiлiк) 10%-дан әкеледi. Біз сақтандырудың міндетті кластарына тәуелді емеспіз. Бұған әртүрлі арналарды дамыту арқылы қол жеткізілді: SuperApp-тағы онлайн-сатулар, серіктестік интеграциялар (API), классикалық филиалдар желісі және қайта сақтандырудың халықаралық нарығына шығу.
Іштей қай көрсеткішті басты деп санайсыздар: түсімді ме, нарықтағы үлесті ме, кірістілікті ме әлде LTV-ді ме?
Басымдықтар теңгерілген. Біз үшін үш басты міндет бар: нарықтағы үлесті арттыру (сатулар), реттеуші талаптары бойынша капиталды толықтыру үшін кірістілікті қамтамасыз ету және клиентті экожүйеде ұстап тұру (LTV өсіру). Белгілі бір сәтте фокус ауысуы мүмкін, бірақ орта мерзімді кезеңде біз барлық көрсеткіштерді бірдей дамытамыз.
2026 жылдың бірінші тоқсанында жалпы сақтандыру нарығы қысымға тап болды. Бұл кезеңді қалай өткеріп жатсыздар?
Нарықтың төмендеуі соңғы 5-10 жылда алғаш рет орын алды. Себебі міндетті сақтандырудың шығыны көп болып кетті. Нарықтың реакциясы өзін көп күттірген жоқ: сақтандырушылар сату арналарын қысқартты, полис сатып алу қиындады. Тіркелген 6 миллион автокөліктің 25-27%-ға жуығы сақтандыру сатып алуды тоқтатты. Бұл мәселені реттеушімен талқыладық. Шілде-тамыз айларында тарифтер өсу жағына қарай қайта қаралады. Жыл соңына дейін жағдай теңеседі.
Мүлікті сақтандыруға келсек - әлемде катаклизм толқыны жүріп өтті. Қазақстан өзіне жүктеген ірі қайта сақтандыру рисктері іске қосылып кетті. Бұл қалыпты жұмыс жағдайы.
Міндетті сақтандыру - шығыны көп өнім. Сіздер үшін «үлесті арттырамыз» бен «өсім экономикалық тұрғыдан тиімсіз» арасындағы шекара қай жерде?
Міндетті сақтандыру нарығының шығыны көп: төлемдердің сыйақыларға қатынасы 170%-ға жетеді. Біздің міндетті сақтандыру бойынша шегіміз - нарықтың шамамен 30-40%-ы. Мұндай жүктемені көтеруге dtp.kz жобасы көмектеседі. Оған салынған инвестиция өзін 14 есе өтеді: тек 2025 жылдың өзінде біз делдалдарды алып тастау арқылы залалды реттеуде 14 миллион доллар үнемдедік. Біздегі шығынның орташа чегі басқа сақтандыру компанияларына қарағанда 130 мың теңгеге төмен.

DTP.KZ-тегі қазіргі динамика қандай? Реттеу жылдамдығы өсіп жатыр ма?
Бізде цифрлық емес кейстер атымен жоқ: өтініштердің 100%-ы DTP.kz арқылы өтеді. 2026 жылдың басында біз салалық рекорд орнаттық - айына 5000 төлем жасадық. Команданың тиімділігі күрт артты, 2024 жылы бір маман айына 31 сақтандыру жағдайын өңдесе, қазір - 87 өңдейді. Клиентке енді қағаз анықтамаларды тасудың қажеті жоқ, біз деректерді мемлекеттік базалардан өзіміз аламыз. Көлікті тексеруді клиент қосымша арқылы өзі жасайды, ал біздің ЖИ-алгоритміміз фото мен видео арқылы зақымдану дәрежесін анықтап, бағалаушы есебін автоматты түрде қалыптастырады. Төлемдердің шамамен 70%-ы 30 күн ішінде жүргізіледі.
SuperApp-тағы сақтандыру маркетплейсі қаншалықты алға жылжыды?
Жыл соңына дейін сақтандыру қызметі туралы жаңа заңның қабылдануын күтіп отырмыз. Инфрақұрылым мен мемлекеттік базалармен интеграция дайын. Заңнамалық база пайда болған бойда, біз бірден маркетплейстерді іске қосамыз, онда клиенттер бір алаңда әртүрлі сақтандыру компанияларының өнімдерін таңдай алады. Бірнеше сақтандыру компаниясы біздің сөреге шығуға дайын.
Бұған дейін сіз ақшалай төлемнің орнына көлікті жөндеу идеясы туралы айтқан едіңіз. Негізгі қиындық неде?
Негізгі мәселе - техникалық қызмет көрсету станцияларының (ТҚКС) экономикасы. Қалпына келтірудің өзі маржасы төмен нәрсе, сервистер пайданы қосалқы бөлшектерді сатудан табады. Қазақстанда әлі бөлшектер дүкендері интеграцияланған ТҚКС желілері жоқ. Біз мұны Freedom Auto экожүйелік жобамыз аясында шешуді жоспарлап отырмыз. Қаржылық модель сәйкес келгенде, клиент ақша аудару кезеңін айналып өтіп, бірден жөнделген автокөлікті ала алады.

Таяу жылда қандай күтпеген өнімдер пайда болуы мүмкін?
Киберсақтандыруды біз 2027 жылға қарай іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алдымен дата-орталықтар мен кибер-тергеулер бойынша холдингтің компетенцияларын біріктіру керек. Жақын арадағы басты фокус - параметриялық сақтандыру. Біз халықаралық рейстердің кешігуінен сақтандыруды сәтті сынақтан өткіздік әрі шілде айында оны ішкі рейстерге үшін іске қостық.
Екінші серпіліс - ақылды агросақтандыру. Спутниктік түсірілімдердің көмегімен біздің ЖИ-модельдеріміз 95% дәлдікпен бақшада қандай дақыл егілгенін анықтайды. Рәсімдеу толығымен цифрландырылады. Мұндай сақтандыру фермерлердің басты мәселесі - кепілдің жоқтығын шешеді. Полис банктерден кредит алу кезінде кепілдік рөлін атқарады.
Егер Freedom Insurance-ті 5 жылдан кейін елестетсек: сақтандыру компаниясы болып қала ма әлде сервистік IT-платформаға айнала ма?
Бүгінгі таңда біздің бэк-офисте 100-ге жуық IT-маман, дата-сайентист пен AI-инженер жұмыс істейді. Шын мәнінде біз классикалық сақтандырушыға қарағанда IT-компаниямыз. 5 жылдан кейін сақтандыру лицензиясы тәуекелдерді қабылдауға арналған өзгеріссіз ядро болып қала береді, бірақ оның айналасында API-интеграциялары мен ЖИ-шешімдері бар орасан зор IT-платформа тұрғызылады.
Орталық Азия нарығына қандай өнімдермен шығуды жоспарлап отырсыздар?
Холдинг банк лицензияларын алғаннан кейін біз Тәжікстан, Өзбекстан және Арменияға DTP.kz платформасымен және оның залалды бағалау ЖИ-модулімен шықпақпыз. Эксперттік әлеуеті зор екінші өнім - халықаралық қайта сақтандырудың арқасында оңай масштабталатын агросақтандыру.
Айтпақшы, DTP.kz - енді бір компанияның платформасы емес. Оны тоғыз қазақстандық сақтандыру компаниясы пайдаланады, біздің шешім оларға алаяқтықпен күресуге көмектеседі.
2027 жылға қарай біз төлемдердің жартысы (1 млн теңгеге дейін) адамның қатысуынсыз толықтай ЖИ арқылы мақұлданғанын қалаймыз. Алгоритм залалды, қосалқы бөлшектерді бағалайды және соманы клиентке ұсынады. Бұл операциялық шығындарды нөлге дейін азайтады.
Қазір командаңыз қандай: сақтандырушылар көп пе әлде ІТ мамандар ма?
Бізде гибридті модель. Классикалық агенттік желі маржа әкеледі, оны біз қайта әзірлеуге инвестициялаймыз. Бұл ретте біздің классикалық бизнесіміз толығымен цифрландырылған. Құжат айналымы 100% электрондық, мемлекеттік базалармен тікелей интеграция орнатылған. Біздің сату бөлімшелеріміз нарықтан екі есе тиімді жұмыс істейді, ал әкімшілік шығындарымыз айтарлықтай төмен.

Жұмысқа қабылдау кезінде не маңыздырақ: сақтандырудағы тәжірибе ме, әлде тез өзгере білу қабілеті ме?
Сақтандыруды базалық деңгейде түсіну бәрібір де маңыздырақ. Бұл ерекше, қатаң реттелетін бизнес. Стартап рухы - керемет нәрсе, бірақ бизнес-процестерді қайта құру хаосқа айналмауға тиіс. Біз сыртқы институттар үшін ашық әрі түсінікті болып қалуға міндеттіміз.
Жеке өзіңіз командаға қандай ұстанымдарды жеткізесіз?
Ең бастысы - құзыреттілік. Адам қарым-қатынаста ыңғайсыз болуы мүмкін, бірақ ол кәсіби маман болса, біз тіл табысамыз. Екіншісі - мәдениет. Компания өскен кезде біз әртүрлі корпоративтік мәдениеттерден келген қызметкерлерден команда жинадық. Біз Freedom DNA жобасын іске қосып, үш құндылықты белгіледік: көшбасшылық, инновациялылық және нәтиже үшін жауапкершілік. Бүгінде біздің қызметкерлердің бақыт деңгейі (eNPS) тұрақты түрде 80% деңгейінде сақталып тұр, ал кадрларымыз тұрақты.
Қазір жұмысыңызда сіз үшін ең қызықтысы не?
Челлендждер. Сақтандыру нарығы сырттай қарағанда іш пыстырарлық болып көрінеді, ал мен оны өзгерткім келеді. Менде мансаптық жол стандартты емес. Әдетте басшы тауар сатушылардан шығады. Ал мен аналитик, актуарий жолынан өттім, скорингтік ЖИ-модельдерімен жұмыс істедім. Бұл комбинация маған жүйелі көзқарас пен нарық үшін жаңа нәрселерді ойлап табуға мүмкіндік береді.

Операциялық стрессті қалай еңсересіз?
Құпиясы - командаға сенім артуда жатыр. Мен топ-менеджерлерімнің операциялық жұмысына араласпаймын. Бірақ мен клиенттермен байланыста боламын. Күн сайын сайттағы «Төрағаға жазу» батырмасы арқылы түсетін шағымдар мен алғыстарды оқып шығамын. Егер бір күнде 15 шағым түссе, жүйенің бұзылғанын, мән-жайды анықтау керек екенін білдіретін белгі.
Ал қалай демаласыз?
Жұмыстан толық ажырап кету әсте мүмкін емес. Алғашқы екі жылда мен тіпті демалыста жүргенде де жұмыс туралы ойлап жүрдім. Қазір мен жай ғана ортаны ауыстырамын - тауға немесе теңізге жұмыс істеуге барамын. Оған қоса маған спорт көмектеседі. Тұрақты дене жүктемелері ағзаны қалпына келтіруге, ойды жинақтауға мүмкіндік береді.
Жеке хоббиіңіз бар ма?
Мен ағашпен жұмыс істегенді ұнатамын. Үйде әлі күнге дейін өзім жасаған жиһаздарды қолданамыз. Физикалық еңбек миды өте жақсы тынықтырады. Оған қоса, сапар кезінде жаңа қалаларда жаяу көп жүргенді ұнатамын - бұл қабылдауды жаңартады.
Қай кәсіби әдет өміріңіздің бір бөлігіне айналды?
Деректерді жинау. Әр таңды мен жаңалықтардан емес, Ұлттық банктің, реттеушінің және халықаралық Swiss Re институтының сайттарынан бастаймын. Статистиканы қараймын, трендтерді зерттеймін. Бұл - автоматизмге дейін жеткізілген аналитиктің әдеті.
Сіз Telegram-каналыңызды жүргізесіз. Оған уақытты қалай табасыз?
CEO позициясында бәрі туралы жазу қиын. Коммерциялық құпия мен корпоративтік этика кедергі жасайды. Мен бұл мәселені технологиялық түрде шештім - «AIzamat» ЖИ-агентін іске қосып жатырмын. Біз оны 20 жылдық жұмысымда жинақталған деректер базасы негізінде оқыттық. Бот менің каналыма қосылады да кез келген адам одан нарық динамикасы немесе сатулар туралы сұрай алады. Нейрожелі статистиканы өзі жинайды, график құрып, пайдаланушыға жауап береді. Мен компанияны басқарып тұрған кезде аналитиканы сандық сыңарым береді.
