
Freedom Telecom қаржылық экожүйе базасында жаңа операторды қалай құрып жатыр
Freedom Telecom - Қазақстанның байланыс нарығындағы ең өршіл жобалардың бірі. Оның ерекшелігі – “тақыр жерде” емес, банк, суперапп және медиасы бар Freedom қаржылық экожүйесінің базасында құрылған алғашқы оператор болуында. Компания меншікті инфрақұрылымының технологиялық іргетасына айналу үшін оған 300 миллион доллардан астам инвестиция салды. Қаржылық холдингке желіні нөлден бастап құрудың не қажеті бар, радиофобия неліктен өңірлерде байланыстың дамуына басты кедергі болып отыр және Қазақстанда жаңа мобильді оператор қашан пайда болады? Осы туралы, сондай-ақ SHL-тестілеу арқылы жұмысқа қабылдау мен ЖИ-ді жұмыс процестеріне біріктіру жайлы «Курсивке» берген сұхбатында Freedom Telecom CEO-сы Қайрат Ахметов айтып берді.
Freedom Telecom холдинг үшін қандай стратегиялық құндылық қалыптастырады, нәтижесінде қандай бизнес-модель құрып жатсыздар?
Үлкен холдингке өз инфрақұрылымы қажет. Топ ішінде телекомның болуы бізге байланыс сапасы мен контентті жеткізу жылдамдығын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді - бұл арналардың сенімділігі мен қауіпсіздігі маңызды банк сервистері үшін де, жылдамдық шешуші рөл атқаратын Freedom Media жобасы үшін де өте маңызды. Сондықтан біз, мәні жағынан, экожүйенің инфрақұрылымдық элементіміз: стационарлық интернетті, Wi-Fi-ды, ал келешекте мобильді байланысты да іске қосуға мүмкіндік береміз.
Бүгінде байланыс - электр қуаты мен су сияқты базалық дүние, біз адамдар ол үшін аз төлегенін қалаймыз. Бұл ретте экономика екі бағытта да жұмыс істейді: SuperApp арқылы байланыс қызметтерін сату, келешекте ашық нарықта жұмыс істегеннен де тиімдірек болады, өйткені біз клиентті тартып әкелуге қайтадан шығынданбаймыз - ол экожүйенің ішінде бар. Біз құрып жатқан модель осы: холдингтің қаржылық және цифрлық контурына кіріктірілген инфрақұрылым.
Неліктен дайын желілерді жалға алмай, инфрақұрылымды өздеріңіз құруды ұйғардыңыздар?
Нарықта жалға алып, алаңсыз жұмыс істей беретін дайын инфрақұрылым атымен жоқ. Егер өңірде бір ғана кабель тартылған болса, бұл аса қауіпті әрі осал нүктеге айналады: трактор оны байқамай үзіп кетсе - бәрі байланыссыз қалады. Біреудің жалғыз осал нүктесіне тәуелді болып, жаңа оператор құрудың еш мәні жоқ. Бізге сенімділікті бақылау керек, ал оны меншікті желі ғана бере алады.
Меншікті желі үлкен инвестицияны талап етеді. Бүгінде елдегі телеком-инфрақұрылымның дамуына не кедергі?
Бір уақытта бірнеше фактор әсер етеді. Бұған, біріншіден, реттеу шаралары мен рұқсат алудың қиындығы - кабель жүргізуге, шатырларға қол жеткізуге байланысты түйткілдер жатады. Екіншіден, қаражат маңызды: телеком жаһандық деңгейде инфрақұрылымға орасан зор инвестицияларды қажет етеді, ал Қазақстанда қазір капитал өте қымбат - қаражатты құрылысқа салғанша, депозитке ұстаған әлдеқайда оңай. Бірақ байланысқа инвестиция құймасақ, ешқандай даму болмайды, сондықтан біз бұл қадамға саналы түрде барып отырмыз. Үшінші себеп, әдетте ескеріле бермейтін радиофобия факторы. Негізінен, елдегі байланыс проблемаларының көбінің түпкі себебі осы.

Радиофобия туралы толығырақ айтып берсеңіз - неге оны саланың басты кедергісі деп атайсыз?
Қазақстандағы телеком-жабдықтардың рұқсат етілген қуаты көптеген басқа елдерге қарағанда әлдеқайда консервативті және кәдімгі күн сәулесімен салыстырғанда тым әлсіз. Бұл әрдайым айқын емес, ал мұндағы логика дағдылы түсінікке кері келеді: базалық станция сізден неғұрлым алыс болса, желіге жету үшін телефоныңыз соғұрлым күштірек «айқайлауға» - көбірек сәуле шығаруға және батареяны тезірек отырғызуға мәжбүр болады. Станцияларды, керісінше, сыбырлап, тыныш жұмыс істеуі үшін адамдарға жақынырақ орналастыру керек. Бірақ үрей оларды шатырларға орнатуға мүмкіндік бермейді, бұл бүкіл саладағы байланыстың дамуын шектейді.
Бүгінде желі қай жерлерде жұмыс істеп тұр, жергілікті жерлерде инфрақұрылымдарыңыз қалай ұйымдастырылған?
Біздің бағыттарымыз өзара байланысты және біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді - тіркелген интернет, Wi-Fi, FWA сымсыз қатынауы және B2B-сервистер бірін-бірі толықтырады, бөлек өмір сүрмейді. FWA бойынша біз Шымкент, Ақтау, Тараз, Түркістан және Қонаев қалаларында желіні іске қостық, қазір Астана мен Алматыда өрістетіп жатырмыз - бірқатар аудандарда бүгін-ақ қосылуға болады. Huawei жабдығын пайдаланамыз; ыңғайлы жиілік диапазоны мен кең жолақтың арқасында 2 Гбит/с-тан жоғары жылдамдық береміз. Параллельді түрде бізде 3 мыңға жуық Wi-Fi нүктесі жұмыс істейді, ал оның пайдаланушылар саны миллионнан асты. Осының бәрі - шашыраңқы өнімдер емес, үстіне клиенттік сервистерді құратын біртұтас желінің қабаттары.
Қазіргі уақытта клиенттік базаның жағдайы қалай, қай бағыттар бойынша жылдамырақ өсіп жатсыздар?
Бізде B2B зәкірлі клиенттерінің салмақты базасы мен оптиканы пайдаланушылардың өсіп келе жатқан базасы бар, ал Wi-Fi бойынша, айтып өткенімдей, миллиондық межеден асып түстік. FWA бойынша өте қарқынды өсіп келеміз - кейбір қалаларда бір жылға жетпейтін уақыт ішінде нарықтың 10%-ын иемдендік.

Қазір қай бағыттар түсім келтіріп отыр, ал қайсысы - болашаққа салынған инвестиция?
Біз туралы тек B2B-компания деген әсер қалдырмау маңызды - бұлай емес. Иә, бүгінде негізгі түсімді B2B әкеледі, бірақ бізде бұқаралық сегмент те бар: тіркелген интернет, Wi-Fi, үй шаруашылықтарына арналған FWA. Стратегиялық тұрғыдан біз B2C төңірегінде бой көтеріп жатырмыз және шағын әрі орта бизнеске басымдық береміз. Мұндағы логика - жай «интернеті бар құбырды» ұсынбай, кешенді өнімдерді - ЖИ базасындағы шешімдерді, бейнебақылауды, Wi-Fi-ды ұсыну және оларды Freedom Bank өнімдерімен әрі Freedom Travel сияқты сервистермен байланыстыру. Бұл - классикалық оператордың жалғыз өзі ұсына алмайтын мүмкіндігі.
Сіздердің FWA-желілеріңіз мобильді оператордың негізі бола ала ма? Ол үшін не жетіспейді?
Иә, біздің базалық станцияларымыз мобильді желінің іргетасы бола алады - технологиялық тұрғыдан біз осыған бет бұрдық. Мәселе жиіліктерде: Қазақстанда жиіліктер мен лицензиялар, мәні бойынша, бір нәрсе, ал жиілік спектрі физикалық тұрғыдан шектеулі - ол ең көбі үш-төрт операторға жетеді. Сондықтан мұндағы кілт жабдықта емес, спектрге қол жеткізуде болып отыр.

Freedom Telecom-ға қазірдің өзінде қанша инвестиция салынды және өзін-өзі ақтау деңгейіне қашан шығуды жоспарлап отырсыздар?
300 миллион доллардан астам инвестиция салынды, оның бір бөлігі Freedom Cloud және Freedom Media бағыттарына бағытталды. Осындай ауқымдағы инфрақұрылымдық жоба үшін 7–10 жылды өзін-өзі ақтаудың ақылға қонымды мерзімі деп есептейміз — бұл капитал ұзақ мерзімге салынатын телеком үшін қалыпты көкжиек.
Холдинг сервистерін біріктіру абоненттерді ұстап тұруға әсер ете ала ма?
Нақты нәтижелер туралы айту әлі ерте, бірақ абоненттердің ниеттестігін арттыру - біз үміт артып отырған эффект, мұндағы логика қарапайым. Адам жалпы балансты толтыру туралы ойланбауы керек - байланыс ақысы оның банк картасына және экожүйенің ортақ әмиянына кедергісіз кіріктірілуі тиіс. Байланыс, банк және күнделікті сервистер өзара байланысқанда, клиенттің кетіп қалуына себеп азая түседі: ол тек бір қызметті емес, тұтас контурдың қолайлылығын жоғалтады.
Алғашқы экожүйелік телеком-өнім қандай болмақ және «акылды үй» бағытының жағдайы қалай?
Алғашқы нағыз экожүйелік өнім мобильді желі шекарасынан асып түседі деп сенеміз. Елестетіп көріңіз: кофеханадан кофе сатып алғанда, клиент Freedom валютасында кешбэк қана емес, сонымен бірге қосымша гигабайттар трафигін де алады - байланыс пен қаржылық сервистер біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей бастайды. Ақылды үйге келетін болсақ, біз құрылғыларды шығаратын қолданыстағы өндірушілермен серіктестікке басымдық береміз: мысалы, Tuya Smart-пен жұмыс істеп, локализацияны біздің нарыққа ыңғайлап жатырмыз. Ақылды үйге арналған коммерциялық өнімді таяу айларда шығаруды жоспарлап отырмыз.

Активтерді сатып алудан өлшенетін синергия бар ма және интеграция қалай жүріп жатыр?
Синергия абоненттік база деңгейінде көрініп отыр: сатып алынған компаниялардың 20–30 мыңға жуық абонентін қазір біздің брендингке көшіріп, SuperApp-қа біріктіріп жатырмыз. Бұл ретте біз «желіні құру» немесе «бұқаралық клиенттерді жинау» арасында таңдау жасамаймыз - екеуін де қатар жүргіземіз.
Қалалардағы үй интернеті нарығы әлдеқашан бөліске түскен. Клиенттерді не арқылы тартпақшысыздар?
Екі нәрсенің арқасында: тұрақты жоғары жылдамдық және экожүйенің қолайлылығы. Клиентке бөлек қосымша жүктеп, бөлек аккаунт ашудың керегі жоқ: бәрі Freedom-ның өзіне таныс контурының ішінде бар. Біз үй интернеті холдингтің басқа сервистерімен бірге біртұтас жазылымға кіретін жағдайға келе жатырмыз - ол кезде бұл жай ғана «тағы бір провайдер» емес, клиент әлдеқашан бой үйреткен өмір салтының бөлігіне айналады.
Бизнесті бағалау үшін қай көрсеткіштерді негізгі ретінде санайсыздар?
Біз метрикалардың екі тобына қараймыз. Біріншісі - клиенттік: абоненттер саны, олардың өмірлік құндылығы (LTV) және ұстап тұру деңгейі; бизнестің ұзақ мерзімді келешекте қаншалықты сау екенін дәл осылар көрсетеді. Екіншісі - физикалық: сайттар саны, салынған инфрақұрылымның сыйымдылығы және таратылатын трафик көлемі; бұл бизнес астындағы іргетастың қаншалықты берік екенін көрсетеді. Инфрақұрылымдық оператор үшін екеуі де маңызды - бірінсіз-бірі толық көріністі бермейді.

Телеком-қызметтерді Қазақстаннан тыс жерлерге шығаруды жоспарлап отырсыздар ма?
Қазақстан - жаңа өнімдеріміз үшін басты нарық, біз оларды ең алдымен осы жерде сынаймыз және нарыққа шығарамыз. Ал холдингке келетін болсақ, ол жалпы географиялық тұрғыдан кеңейіп келеді - мысалы, қаржылық бағытта біз Түркиядан банк сатып алдық, - телеком да уақыт өте келе экожүйенің артынан ілесуі мүмкін, бірақ бұл әлі ықтимал болашақ еншісіндегі бөлек кезең. Шет елге нарықтағы конъюнктураға бағдарлана отырып, мұқият шығамыз - ол үшін қолайлы жағдайлар қай жерде қалыптасады, сонда барамыз.
M&A мәмілелерінен кейін кәсіби танымы мүлдем әртүрлі адамдардан біртұтас ұжымды қалай құруға болады?
Шынын айтсам, бұл оңай шаруа емес, қазір ол менің уақытымның басым бөлігін осы алады. Біз қатаң реттеу қолданылатын контурда, әртүрлі корпоративтік мәдениеттермен жұмыс істейміз: кейде стартаптарға тән икемді, кейде классикалық корпоративтік. Адамдар әртүрлі жұмыс істеуге дағдыланған, ал тапсырма - бір мәдениетті екіншісінің пайдасына бұзып-жару емес, ортақ тіл табу мен ортақ ережелерді табу. Бұл баяу жүретін процесс, бірақ бұнсыз ұжым біртұтас бола алмайды.

Бүгінде қандай кадрларды табу қиын және нені құп көресіздер - өз мамандарыңызды өсіруді ме, әлде эксперттерді шақыруды ма?
Бізде жаһандық кадр тапшылығы жоқ - керісінше, көбірек шаруа атқару үшін бізге аз адам керек. Кейде қолмен жұмыс істейтіндер жетіспейді: монтаждаушылар, электриктер. Жұмыс тиімділігін арттыру үшін біз оларды оқытамыз және ең жақсы аспаптар мен материалдарды береміз. Іріктеу принципі бойынша адамдарды компания ішінде өсіруге тырысамыз, бірақ сирек кездесетін сараптама қажет болған жерде шетелдік сарапшыларды да шақырамыз. Мұндай теңгерім мәдениетті сақтауға да, сырттан компетенция тартып, деңгейді көтеруге де мүмкіндік береді.
Ұжым алдында қателіктеріңізді мойындау принципін қалай жүзеге асырасыз және жалпы ЖИ-ді жұмыста қалай пайдаланасыз?
Менде жұмыс чаттарында кездесулер мен хаттарды тіркеп отыратын ЖИ-диктофон және бот-хатшы бар. Кейде мен жасанды интеллекттен тікелей: «Мен қай жерде қателестім?» деп сұраймын - бұл күтпеген жерден өте объективті әңгімелесуші болып шығады. Мен үшін қателіктерді мойындаудың практикалық жолы осы: алдымен құралдың көмегімен оны өзің көріп, содан кейін ұжыммен талқылау. Бұл жерде ЖИ басқарушылық шешімдердің орнын басатын құрал емес, айна ролін атқарады.
Кандидаттарды қалай іріктейсіздер?
Біз SHL-тесттерді, соның ішінде вербальды тесттерді де қолданамыз. Біз үшін бұл жай формалдылық емес: кандидаттың нәтижесі төмен болса, ол сұхбаттасуда қаншалықты сенімді көрінсе де, біз оны жұмысқа алмаймыз. Тесттер объективті база береді және «ұнату» бойынша жұмысқа алудан қорғайды - ал аз, бірақ мықтырақ адамдар қажет болатын компанияда жұмысқа қабылдаудағы қателіктің құны өте жоғары.

МФТИ-дегі физикалық білім телекомды басқаруға қалай көмектеседі?
Физика факультетінде менде компьютерлік мамандық болды, диплом бойынша жүйелік интеграция маманымын – іс жүзінде мен мамандығым бойынша жұмыс істеп жатырмын. Меңің мұғалімім айтқандай: «Математикте - бір білім саласы, информатикте - екеу, физикте - үшеуі де бар: математика, бағдарламалау және физика». Телекомда бұл өте қатты сезіледі: бұл софттың өзі емес, жабдықтың, бағдарламалық қамтамасыз етудің және энергетиканың түйіскен жері. Мен құрған компаниялардың бәрі әрдайым таза цифрлық әлемге қарағанда физикалық әлемге жақынырақ болды, ал бұл жерде телеком - мінсіз алаң.
Кәсіпкер рөлінен жария холдинг ішіндегі CEO рөліне өтуде ең қиыны не болды?
Ең үлкен сын-қатер - тағы да корпоративтік мәдениет, бірақ енді басқа деңгейде. Мұнда қаржы секторы, IT-корпорация, Қазақстанның бүгінгі жағдайы мен NASDAQ-тың қатаң реттеуі өзара тоғысады. Кәсіпкер жылдам әрі жалғыз шешім қабылдауға дағдыланған, ал жария холдингте процедуралар шеңберінде және нарық алдындағы жауапкершілікпен әрекет етесің. Мен бұл сын-қатерге саналы түрде бардым, оны шектеу ретінде емес, өсудің бір бөлігі ретінде қабылдаймын.
Жұмыстан тыс уақытта қалай демаласыз?
Теннис ойынға еліктіріп, зейінді толығымен баурап алады - ол жақсы сергуге көмектеседі. Сосын әрине, отбасымен, достармен өткізетін уақыт. Кәсіпкерлер жұмыс туралы үнемі ойлайды ғой: спортзалда, мысалы, миды демалдыра алмайсың - мен ол жаққа таңертең ерте барып, музыка тыңдаймын, бұлшықеттерді шынықтырамын, бірақ жұмыс хабарламалары бәрібір келе береді. Сондықтан толықтай енуді талап ететін айналысатын істің болғаны маңызды - теннис дәл сондай.







