Металлургиялық кешеннен жылына 230 мың тонна зиянды зат ауаға тарайды
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қоршаған ортаға тигізетін зиянын азайту жөніндегі іс-шаралары тиімсіз деп атады. Ведомство басшысы компанияның вице-президенті Виджай Гойалмен кездесуде алдағы төрт жылда ең озық қолжетімді технологияларға көше отырып, өндірісті толық қайта құру және жаңғырту туралы шарт қойды, деп хабарлайды министрлік баспасөз қызметі.
Министр Теміртау атмосферасының ластану деңгейі бүгінгі таңда елдің басты экологиялық проблемаларының біріне айналды деп тұжырымдайды.
2019 жылы металлургия кешені алдағы 4 жылда ауаға шығарылатын зияды заттарды 30%-ға, яғни 60 мың тоннаға азайтуы тиіс еді.
«Алайда, кәсіпорын әлі күнге дейін өзіне алған міндеттемелерін орындамай келеді. Кәсіпорында тек қағаз жүзінде және «көз бояушылық» үшін жұмыс істейтін тиімділігі аз табиғат қорғау шаралары енгізілді», – деп атап өтті министр.
.М.Мырзағалиевтің мәліметінше, жыл сайын «Арселор Миттал Теміртау» АҚ металлургиялық кешенінен атмосфералық ауаға 230 мың тоннадан астам ластаушы заттар шығарылады, бұл қаланың әрбір тұрғынына шамамен 11 тоннадан келеді деген сөз.
Соңғы 5 жылда кәсіпорын табиғатты қорғау іс-шараларына 28 млрд.теңге (67 млн. доллар) жұмсаған, ал экологиялық тиімділік шығарындылардың 190 тонна немесе «Арселор Миттал Теміртау» нақты шығарындыларының 0,08%-ға ғана төмендеген.
Экология министрлігі бұл стратегиялық міндеттемелер табиғатты пайдалану шарттарына енгізілетінін атап өтті. Егер олар белгіленген мерзімде орындалмаса, онда компания табиғатты пайдалану құқығынан айырылуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 19 ақпан күні кәсіпорынның атмосераға шығаратын зиянды қалдықтары рұқсат етілген нормадан асып кеткен. Осыдан кейін экология министрлігі жоспардан тыс тексеруді қолға алды. Ведомство тексеру әлі аяқталмағанын, оның қорытындысы бойынша кәсіпорынға айыппұл салынатын айтып өтті.