Еуразиялық даму банкінің бақылау портфелі Қазақстан меншігіне өте ме?

Жарияланды
Мәміле талқыланып жатыр

Ресей алты қатысушы-мемлекет – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдерінің қатысуымен құрылған Еуразиялық даму банкіндегі үлесінен бас тартуы мүмкін. Мұндай ақпаратты бір апта бұрын Bloomberg таратты. Агенттіктің хабарлауынша, ЕАДБ-дағы Ресей үлесі 65,97 пайыз және алда туындауы мүмкін санкциялық тәуекелдерге байланысты Ресей осы үлестен бас тартып, бақылау пакеті Қазақстанның иелігіне өтуі мүмкін.

Бұл мәселеге осыған дейін ЕАДБ немесе Қазақстан тарапы пікір білдірмеген еді. Тек ресейлік басылымдар банк басқарма төрағасы Николай Подгузовтың ЕАДБ өзінің инвестициялық портфеліндегі Ресей үлесін азайтуды жоспарламайды деген сыңайдағы пікірін жариялаумен шектелді.

«Портфелдегі елдік құрылымның айтарлықтай өзгерісі бола қоймайды. Ресейдің инвестициялық портфелдегі үлесі 40 пайыз көлемінде сақталуы мүмкін. Жыл барысында бірқатар өзгерістер орын алып, кейбір жоба бойынша конфигурация болатын шығар. Қаншама сектордағы әлеуетті жоба саны өте көп. Сондықтан қысқарту туралы әңгімеге негіз жоқ», деген еді.

16 тамыз күні Қазақстанның Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ЕАДБ үлесін Қазақстанға өткізу бойынша талқылау болып жатқанын мәлімдеді.

«Ондай риторика бар, жоққа шығармаймыз. Жұмыс жағдайында ондай мәселе талқыланып жатыр. Бірақ түпкілікті шешім жоқ, өйткені барлығы қандай үлес ұсыныларына және өзге елдердің, соның ішінде Қазақстанның белгілі бір үлесті сатып алатынына байланысты. Және бұл қаржылық тұрғыдан қаншалықты қымбатқа түседі дегенді де ойланамыз. Нақтылы шешімді қабылдауға байланысты мерзім жоқ. ЕАДБ қазір тұрақты жұмыс істеп жатыр және санкциялардың аталған банкке қатысы жоқ», деді Ерұлан Жамаубаев.

Қазіргі кезде банктегі Қазақстанның үлесі – 32,99 пайыз. Белоруссияның үлесі – 1 пайызға жуық болса, Тәжікстан мен Арменияның үлесі – 0,04 пайыздан. Егер бұл ақпарат шындыққа жанасып, мәміле жүзеге асса, Қазақстан банктің бақылаушы акционеріне айналуы әбден мүмкін. Банк сайтындағы ақпарат бойынша қаржы институтының жарғылық капиталы – 1,5 млрд доллар.

Телеграмдағы Risk Takers каналының жазуынша, банк стратегиясында жобаларды ұлттық валютада қаржыландыру және еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді интенсификациялау, сондай-ақ тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің ортақ нарығын құру үшін Ресейге басымдықтар берілген. Егер банктің бақылау пакеті Қазақстанға берілер болса, онда ЕАДБ-ның стратегиялық басымдықтары қайта ыңғайланады.

Осыған дейін Подгузов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде банктің Қазақстанға 10 млрд доллардан астам жеке және стратегиялық инвестиция тарту бойынша драйвер болуға ниетті екенін мәлімдеген еді.

«Қазақстандағы экономикалық міндеттерді шешуде банк үлесін кү­шейту, орнықты даму мақсатына қол жет­кізу және әлеуметтік маңызды жо­баларды құру – Еуразиялық даму бан­кінің 2026 жылға дейінгі жаңа стратегиясының негізгі бағыттары болып саналады. Алдағы бес жылда біз 3,8 млрд доллардан кем емес мөлшерде инвестиция жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл соңғы республикаға 15 жылда берілген қаржыландыру көлемімен тең. Инвестиция қарқыны 2 есеге артады. Біз негізінен «жасыл» экономика, азық-түлік қауіпсіздігі, Қазақстан экспортының инфрақұрылымына капиталдық салым жасауға ниеттіміз. Негізгі мақсаттың бірі – Қазақстанның және тұтастай алғанда аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынатын бірыңғай тауар тарату желісін құру мәселесі. Жобаны жүзеге асыру азық-түлік баға­сын төмендетуге және азық-түлік тауар­ларының қауіпсіздігін қамта­масыз етуге мүмкіндік береді» деді Подгузов.

Еске салайық, банк негізінен мына бағыттар бойынша жұмыс істейді:

  • Күшті интеграциялық әсері бар жобаларды және ұлттық даму жобаларын қаржыландыру;
  • Жаңа қаржылық өнімдер мен құралдарды енгізу;
  • Өнеркәсіптік өндіріс саласындағы жобаларды қолдау;
  • Банкке мүше елдерде МЖӘ бастамаларын ілгерілету;
  • Мүше елдердегі жобаларды қаржыландырудың қосымша көздерін тарту мақсатында серіктестіктер мен альянстарды дамыту;
  • Ең жоғары экологиялық стандарттарды ұстанады және өзінің экологиялық критерийлеріне сәйкес келетін жобаларға инвестиция салады.

Қазір ЕАДБ-ның инвестициялық портфелінің көлемі 4,4 млрд долларды құрайды. Портфелдің 39 пайызы – Ресейге, 36 пайызы – Қазақстанға, 23 пайызы Белорусияға тиесілі. Бұл ретте Ресейдің үлесі 35 пайызға дейін, Беларусь үлесі 10-15 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар банк РФ мен Белорусиядағы іскерлік белсенділіктің әжептәуір төмендеуіне байланысты Армения, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы жобаларға басымдық беруді ойластырып отыр.

Банк басшылары қайталама санкциядан қорыққаннан кейін ғана осындай қадамға барғалы отыр. Қазір қаржы институтының комплеанс-қызметі осы мәселемен айналысып жатқан көрінеді.

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) – мүше мемлекеттердің экономикалық өсуіне, олардың арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және инвестициялық қызмет арқылы еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамытуға жәрдемдесуге арналған халықаралық қаржы ұйымы.

Банк 2006 жылдың 12 қаңтарында жасалған мемлекетаралық келісім негізінде құрылды. Бүгінгі күні ЕАДБ мүшелері – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері.

«ЕАДБ жаңа қатысушылар үшін ашық. Мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар ЕАДБ құру туралы келісімге қосылғаннан кейін Банк Кеңесінің шешімі бойынша оның қатысушылары болады және Банктің сатып алынған акцияларын белгіленген тәртіппен төлейді» делінген банктің ресми сайтында

Сондай-ақ оқыңыз